Кешегі сақ заманынан бүгінгі бақ заманына «мың өліп, мың тіріліп» жеткен халқымыз осы уақыт аралығында жойылып кетуден басқаның бәрін көрді. Біздің бұл сөзімізді тарихшылардың көбі растайды. Тек жер бетінен ада-күде жойылып кетуге тиіс болған халықтың қалай аман қалғанын ғана әлі күнге дейін ешкім нақты түсіндіріп берген емес. Белгілісі ғасыр сайын жан құрбандық беріп жүріп, осы күнге есен жеткеніміз.
Қане, бір сәт бәріміз ойланып көрелікші, расында да біз қалай аман қалдық? Әлемнің басқа құрлықтарындағы дәуірдің әр кезеңінде жойылып кеткен ірілі-ұсақты ұлттардың тарихын тізбелеп, бастарыңызды ауыртпай-ақ қоялық, кеше өзіңізбен іргелес жатқан жоңғар қайда? Сол жоңғарлардың әскери әлеуеті бізден мысқал кем бе еді? Жоқ, батырлары аз ба еді? Әлеуеті әлсіз болса, батыры кем болса сізді туған жеріңізден қайта-қайта тықсырар ма еді, сол жоңғар?! Бәлкім, ол заманда біздің жоңғарлардан ғылымымыз, технологиямыз артық болды дерсіз. Абзалы демегеніңіз...
Бір рулы елден бір-ақ еркек бала қалып, кейін соның өніп-өсіп кеткенін шежіре тарих әлі күнге жыр қылып айтады. Кешегі бір рулы елден қалған сол жалғыздың ұрпақтары бүгінгі күнге қалай аман-есен жетіп жүр? Мұны ойланған кім бар?
Басынан талай тағдыр көшіп, малға келген жұт пен елге келген нәубеттің бірнешеуін өткізіп, қынадай қырылып қалса да бұл қазақ неге «Малымды алсаң ал, Құдай, пейілімді алма» дегенінен танбайды? Аштық көрген жұрт жомарттығынан сәл де болса тиылмас па еді? Ер-азаматы майданда, өзі кешегі нәубеттен есін шала-шарпы енді жиып отырып, жер аударылып келгендерге жарты құртын бөліп бергенді қазақтан басқа тағы қай жұрттан көрдіңіздер? Бұл не жомарттық?
Мойындарсыз, мойындамассыз, мұндай ерліктер рухы мықты елдің ғана қолынан келеді. Демек, қазақтың бүгінгі күнге аман жетуінің ең басты сыры – оның рухани иммунитетінің мықтылығында! Ал, мықты руханиятты ұрпақтың бойына мықты дәстүрлер арқылы ғана сіңіре аласыз. Ата-бабалар біздің бойымызға салт-дәстүрді сіңірудей-ақ сіңіріпті. Ал, сол бойымызға сіңіргенді біз өз ұрпақтарымыздың бойына қалай сіңіріп жүрміз, міне, мәселе осында!
Ұлттың дәстүрі – ұлттың тамыры. Тамырынан ажыраған өсімдік не істейді? Әрине, қурайды. Мәселеге осы қисын тұрғысынан келсек, дәстүрінен ажыраған ұлт та жойылып, жоқ болады. Түрлі діни экспансиялардың мешітіңізге тимей, «анау ширк, мынау ширк» деп дәстүріңізге шабуыл жасай беретіндігінің сыры осында! Ұлттың жаулары ата-бабаларымыздың шынайы исламды ұрпақтарына дәстүрге орап жеткізгенін, әсіресе, соңғы ғасырларда біле бастады, сезе бастады. Мұны түсінбесе «дәстүр бөлек, дін бөлек» деп бет алды лағатын өзіміздің дәлдүріштер түсінбей жүр.
Кешегі атеизм деп аталатын алапат заманда ауыл-аудандарды айтасыз, бүкіл облыс бойынша он мешіт болды ма, болмады ма, нақтысын сала мамандарынан басқа ешкім айтып бере алмайды. Біздіңше болған жоқ. Мойындайық, сөйте тұра елден иман қашқан жоқ. Бүгінгідей әр ауылда кемі екі-үш мешіт болмады демесеңіз, қазіргідей ұшақ-ұшақ болып қажылыққа бармады демесеңіз, ата-әжелеріміз намазын да оқыды, оразасын да ұстады. Біреу-біреудің қойын, жылқысын ұрласа ұрлаған шығар, иә, ерегіспен тіпті бірін-бірі өлтіріп те қойған жағдайлар кездескен шығар, бірақ ол кезде қазіргідей 3-4 жасар нәрестелерді зорлап жыныстық қатынас жасайтын педофилдеріңіз атымен жоқ еді. Бүгінгідей ешкім еркек еркекке, әйел әйелге үйленбейтін...
Кешегі мешіті жоқ кеңестік кезеңде иманымыздың байлығы қазіргіден мол болса, біздіңше оның себебі дәстүрімізден қол үзбегенімізде еді. Бүгін Құдайға шүкір, мешіт-медресе көп, бірақ дәстүрімізден көз жазып қалдық. Дәстүрімізден көз жазып қалғандықтан да Ақтөбеде кісі қанының төгілуіне жол берілді. Әйтпесе қолын қандаған сол «діндарлардың» бәрінің де бес уақыт намазы болғанын айналасындағылар айтып бере алады. Оларда жоғы – дәстүрмен байытылған ұлттық тәрбие еді.
Бұл сөзімізді біреулер құп алар, біреулер құп алмас, алайда, бәрібір айтуға тура келеді, егер дін іздесеңіз қазақтың дәстүрі дегеніңіз тұнып тұрған дін! Қазақтың шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, ақтық демі бітіп, жер бетіндегі сапары үзілгенге дейінгі аралықтағы өмірінің бәрі діннен тысқары емес. Сәби дүниеге келгенде «Әлди-әлди» деп бесік жырын айтасыз ба? Айтасыз. Сіз сол кезде-ақ перзентіңіздің құлағына Алланың ұлық есімін құйып отырсыз. Лингвист ғалымдар «Әлди-әлдиді» «Алла-Алла» деген сөздің фонетикалық өзгеріске ұшыраған түрі деп түсіндіреді. Балаңыз апыл-тапыл жүре бастағаннан ала жіппен тұсауын кесесіз. Неге ала жіппен? Әрине, кісінің ала жібін аттамасын деген игі де ізгі тілекпен. Ал кісінің ала жібін аттамау дегеніңіз ислам дінінің алтын өзегі емес пе?! Артынша сүндетке отырғызып, мұсылман етесіз. Қыз ұзатып, келін түсіріп, «Жар-Жар» айтасыз. Демек, Құдай Тағаланы тағы да еске түсіресіз. Ең соңында ағайын-туыс марқұмды ақтық сапарға шығарып салғанда да діни жоралғылардың бәрі орындалады. Сонда қазақтың бесік пен бейітке дейінгі жолының бәрі дәстүрмен әдіптеліп, діннен алшақ кетіп жатқан жоқ. Ендеше, дін ешуақытта да мешіт санымен өлшенбейді. Дін жүректің тазалығымен өлшенеді. Ал қазақтың бүкіл дәстүрі жүрегіңізді кірлетпеуге жұмыс істейді.
Демек, дәстүр дегеніңіздің жеңіл-желпі қарайтын мәселе болмағаны ғой. Ұлтты сақтап қаламыз десек, дәстүр деп аталатын тамырымыздан қол үзбеуіміз керек екен. Тағы да қайталап айтуға тура келеді, өкінішке қарай, біз сол киелі тамырымыздан қол үзіңкіреп бара жатырмыз. Меніңше, екінің бірінің «діндар» болып кетуі сол дәстүрімізден қол үзіп бара жатқанымызда. «Діндар» болғанда қандай «діндарлар» десеңізші, ата-бабалардың ғасырлар бойы жасаған рухани мұраларына ревизия жасағысы келеді. Арыстан бабқа, Әзірет Сұлтан, Қожа Ахмет Ясауиге барғаныңызды теріс көреді. «Ата-бабаларымыз да барды ғой» десең, «ата-бабамыз адасқан, діннен сауатсыз болған, содан кейін барды, негізінен діннің тазасы – арабта» дейді. Деп қоя салса да жақсы ғой, «қолымда билік болса Қожа Ахмет Ясауидің кесенесін бульдозермен сырып, тегістеп тастар едім» дейтін «діндарлар» да пайда болды. Дәстүрді білген адам, киені түсінген адам осылай деу былай тұрсын, бұлай ойланудың өзіне қорқады емес пе?! Біз қазір патриотизм, отансүйгіштік туралы жиі айтамыз. Дегенмен, киеден қорыққан, киені сыйлаған адамнан ғана патриот шығатынын ұмытпайық.
Біздің жап-жас кейбір «діндарлардың» аузынан... «әулиелерге барған – ширк» дейтін шірік сөз шығатын болды. Ол «діндарлардың» да өзіміздің ұрпағымыз екенін естен шығармайық. Демек, біз, аға буын, жас ұрпақ бойына ұлттың салт-дәстүрлерін сіңіру дейтін мәселеде бір сәт болса да бейғамдық танытып алғанбыз.
Ендеше, қай-қайсысымызға да салт-дәстүр деген мәселеге келгенде, ұлттық киелерді ұлықтау деген мәселеге келгенде ұйқылы-ояу жүрген жараспайды. Ұрпағымның рухы сау болсын десеңіз, оның бойына руханиятты өзіңіз егесіз. Ал ұрпағымның тағдыры ойландырмайды десеңіз, оны өзіңіз білерсіз. Меніңше, сіз олай ойламайсыз!
Абай БАЛАЖАН.
Дереккөз: «Егемен Қазақстан»