Буыны бекіп үлгермеген «Kazsport» телеарнасының басшысыз жұмыс істеп жатқанына үш айдың жүзі болыпты.
Осындайда Серік Ақсұңқарұлының: «...Қазақ деген – Кенесары, денесі – бар, басы – жоқ», – дегені еріксіз еске түседі.
Бірде ауылға барсам, өзім сыйлап жүретін бір ағамыз жеңгемізбен дәм-тұзы жараспай, ақыры ажырасып тынған екен. «Братан-ау, не болып қалды? Бала-шаға бар, ашуды басып, алып келмейсің бе?», – деймін ғой баяғы. Брат айға көзін сығырайта ұзақ қарап тұрды да: «Білесің бе бауырым, қатынның шыдамы үш айға ғана жетеді», – деді. Сөйтсем, жеңгеміздің кеткеніне төрт айға жуық уақыт болып қалған екен.
Күні кеше ғана әріптес інілерім ФБ-да «Нұржан Жалауқызы – қазақ журналистикасының сұңқары», – деп жалаулатып жазды. «Аққу» деген сияқты секталардан секем алып қалған басымыздың әуелде шошып-ақ кеткені рас еді...
Енді сол сұңқар басшының не ойлап жүргені белгісіз – бүгінгі күнде бассыз қалған «Kazsport» арнасының боғы сұйылып бара жатқан сияқты. Ағылшын премьер-лигасындағы аутсайдер командалардың кездесулерінің өзін тікелей тарататын арна Australian Open сынында өнер көрсеткен Зарина Диастың атақты Мария Шараповамен ойынын көрсете алмай көрерменнің алдында оңбай сүрінді.
Ел Зарина деп тақымын қысып отырды. Әріптес інілерім «Неге көрсетпейді?», – деп олар да зар иледі. Сұраныс бар – ұсыныс жоқ. Мен бар – менеджмент жоқ.
Мүмкін, Нұржан Жалауқызы артынан ит қосып қуған Диас Ахмет-Шәріпті орнына қайта әкелу керек пе? Әйтеуір бірдеңе істеу керек сияқты.
Қ. Абдолла
(«Facebook» әлеуметтік желісінен алынды)