Маңғыстаудың жер қазынасының арқасы болса, екiншiден, сол қазынаны өндiрген қарапайым маңғыстаулықтардың еңбегi.
Ашық аспан астындағы мұражай
Маңғыстау – көне тарихи ескерткіштерге бай әрі әулиелі өлке. Әсіресе, халықтың пір тұтатыны – Бекет Ата. Бекет Мырзағұлұлы XVIII ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген. Атырау облысының Құлсары ауылының жанында туып, 14 жаста ақылгөй, дана Шопан Атаға бас июге барыпты. Сонда Шопан Ата оған оқып, білімін жетілдіруге бұйрық береді. Сөйтіп Бекет Ата Хиуада білім алып, 40 жасқа жеткенде ұстаздықпен айналысады. Бірнеше қасиетті жерлерге болған ол, соңында Маңғыстауға қайтып келеді. Халықтың жадында ақылгөй, данышпен, әулие адам ретінде сақталған.
Еліміздің Батыс өңірінде Бекет Атаның өзі салып кеткен 4 мешіті бар. Біреуі Құлсарыда болса, үшеуі Маңғыстау жерінде орналасқан. Өзі осында Оғланды жеріндегі мешітінде жерленген.
Облыстың экономикасы дамып, халықтың әл-ауқаты өсіп келеді
Маңғыстау – қазіргі кезде экономикасы дамып, халқының әл-ауқаты өсіп келе жатқан облыстың бірі. Экономиканың жалпы тұрақтылығы, дағдарыстан кейінгі өсу – осының бәрі экономиканы қолдаудың шұғыл шараларынан ұзақ мерзімді міндеттерді шешу бағытын ұстауға мүмкіндік беріп отыр. Елімізде тек осы мақсатта ғана жаңа өндірістерді құруға, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, инфрақұрылымды сапалы түрде жаңалауға, әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған бағдарламалар қабылданып, іске асырылуда. Бұл орайда сөз – «Индустриялды-инновациялық даму», «Инвестор», «Өнімділік», «Жұмыспен қамту», «Бизнестің жол картасы», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту бағдарламалары», сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау жүйелері мен тілдерді дамыту бағдарламалары жайында болып отыр. Осы бағдарламалардың іске асырылуы қазірдің өзінде оң нәтижелерін беруде. Бұған 2010 жылғы рейтинг қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының еліміздегі 16 өңір арасында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бойынша бірінші орынға және әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша алдыңғы сапқа ие болуы дәлел. Биылғы жылы көшбасшылық орынды берік ұстау үшін, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының аса маңызды параметрлерінің көрсеткіштерін жақсарту жұмысы үдей түсуде. Облыстық мәслихат сессиясында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев: «Біз ел алдындағы экономиканың жыл сайынғы жеті пайыздық өсімін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді ескеріп, Облыс аумағын дамытудың 2015 жылға дейінгі Бағдарламасының негізгі көрсеткіштерін түзетіп нақтыладық. Өңірлік экономиканың жыл сайынғы экономикалық өсімі 6-7 % деңгейінде жоспарланды. Ең жоғары меже белгіленгенімен, бұл — орындалуы шынайы міндет», — деді.
Ал оны орындауға барлық мүмкін-діктер мен алғышарттар жетерлік. Мысалға, биылғы жылғы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін тек бюджеттік көздерден — 73,5 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 31,5 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 42 миллиард теңге көлеміндегі қаражат қарастырылып отыр.
Индустрияландыру бағдарламасы
Өңірде индустрияландыру бағдарламасы өткен жылдың өзінде-ақ жақсы бастамамен іске аса бастады. Еліміздің Индустрияландыру Картасына 21 жоба енгізілді. Оның тоғызы өткен жылы енгізілген болатын. Бір жоба биылғы жылдың шілдесінде іске қосылды. Ол – «Казахстан Каспиан Оффшор Индастриз» ЖШС-ның «Теңіздік металл конструкцияларын шығаратын өнеркәсіптік кешені». Ал жыл соңына дейін «АтырауФлоуЛайн» ЖШС-ның «Оқшауланған тұрбалар өндірісі», «Сарыташ Тау Құм» ЖШС-ның «Әрлеу кірпішін шығаратын шағын зауыты», «Магабрэд» ЖШС-ның «Нан–бөлке зауыты», «Концерн Сфинкс» ЖШС-ның «Газбетон зауыты», «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-ның «Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» жаңа теміржол желісі сияқты тағы 9 ірі жобаның іске асырылуы жоспарлануда. Енді тәуелсіздіктің 20 жылдығына тарту етілгелі отырған жаңа теміржол торабына кеңінен тоқтала кетсек...
«Өзен — Түркіменстан шекарасы» теміржол торабы
Халықаралық маңызға ие «Өзен-Түркіменстан шекарасы» теміржол торабы-ның құрылысы осыдан 2 жыл бұрын қолға алынған болатын. Оның жалпы ұзындығы 146 шақырымды құрайды. Бойында 5 бекет, 2 станса орналаспақ. Соның ең үлкені – «Болашақ» стансасының құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр. Бұл келешегі зор елді мекендер қатарына енеді. Мұнда мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, ең бастысы, теміржолшыларға арнап екі пәтерлік 85 үй тұрғызылады. Бұл жолдың ел экономикасына тигізер пайдасы зор. Осы арқылы жылына 12 млн. тонна жүк шетелге тасымалданады.
Бұған дейін Маңғыстау Қазақстанның тұйық өлкесі болып келген. Теміржол торабы Жаңаөзен қаласынан кейін бітетін еді. Енді «Өзен — Түркіменстан шекарасы» теміржолының салынуымен Маңғыстау Түркіменстан — Иран арқылы Парсы шығанағына дейін шыға алады. «Бұрынғы ТМД елдерінен Парсы шығанағына тура тартатын осыдан басқа әлі жол салынған жоқ. Қытай, Ресей, Орталық Азия мемлекеттері жүктерінің бәрі енді дәл осы жол арқылы дүниежүзілік мұхитқа дейін жетеді», — дейді «Өзен — Түркіменстан шекарасы» теміржол құрылысы басқармасының бастығы Тиыштықбай Әуесбаев.
«Өзен —Түркіменстан шекарасы» теміржолының салынуымен Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы шекара шебі де бекіді. Бұған дейін Маңғыстауда шекарашылардың шекара заставасы болғанымен, 20 жылдан бері ешқандай қоршау қойылмаған еді. Түркімендер қазақ жеріне, ал түбек тұрғындары Ашхабад жағына қарай еркін өте беретін. Енді екі ел де шекараларына тікенді сым орнатып, іргесін қымтауға кірісті. 130 шақырымға созылып жатқан шекараның қазір 54 шақырымына шиыршықталған сым тартылып, қауіпсіздік бөгеті орнатылды. Келесі жылдың соңына дейін шекара толық қоршауға алынады. Бақылау мұнаралары тұрғызылып, жолдар салынады.
«Біз халықаралық жолдың бойында орналасқанбыз. «Болашақ» стансасы мен «Өзен—Түркіменстан шекарасы» теміржолының құрылысы аяқталып келеді. Бұл жер келешекте үлкен сауда керуеніне айналады. Мұндай жерде заңсыз тауар тасымалының артып кететіні бар. Елге есірткі өтіп кете ме деп те қауіптенеміз. Сондықтан елдің іргесін бекіту туралы шешім қабылданды», — дейді ҚР ҰҚК ШҚ «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасы бастығының орынбасары Арман Рахметов.
Табиғи қорлары
Аймақта ірі және ұсақ мұнай-газ кен орындарымен қатар көмірдің, барит рудасының, битум құмдағының, фосфориттің, минералды тұздың, құрылыстық тастың және т.б. пайдалы қазбаның қомақты қорлары бар. Осы минералды-шикізат ресурстарын игеру қолға алынуда.
Каспий аймағы әлемдік көмірсутегін өндіретін ірі орталықтардың және экономикалық, саяси маңыздарға ие гео- саяси жүйелердің бірі болып саналады. Бұл жерде мұнай-газ өндіру мен оларды тасымалдау ғана маңызды рөл атқарып қоймайды, сонымен бірге ашылмақ ірі өнеркәсіптік, сервистік, өңдеу өндірістерінің де өркендеу мүмкіндігі аса мол.
Осындай мүмкіндіктер ескеріліп, облыста «Жер-Теңіз-Аспан» мегажобасы жасақталған. Ол аймақтың оңтайландырылған жоғары технологиялық экономикасын және әлемдік қатынастарға негізделген үйлесімді интеграциясын қамтамасыз етеді. Жоба экономиканың барлық негізгі бағыттарын өркендетуді қамтиды, сонымен қатар бірінші кезекте отын-энергетикалық сектордың керек-жарағын, яғни инженерлік-тех-никалық кадрларды даярлаудан бас- тап, ғылыми-техникалық жаңалық-тарды қолдауларды ұсыну мен қажет өндірістерді, оның ішінде Каспий те-ңізіндегі теңіз-мұнай операцияларының жағалау инфрақұрылымдарын қолдап, жабдықтауды қамтамасыз етуге дейін бағытталған.
Жағалау құрылымында «Баутино» мен «Құрық» айлақтарының алатын орны зор. Қазіргі кезде «Баутино» – жұмыс істеп тұрған айлақ, оның аумағында «Аджип» ККО, «Қазмұнайгаз» ҰҚ АҚ-ты қолдайтын базалар орналасқан. Ал «Құрық» – өркендеу үстіндегі айлақ. Сондықтан да облыстық әкімдік оның қалыптасуына үнемі баса назар аударып отырады. «Құрық» айлағы мен оның жұмысшы поселкесінің инженерлік және әлеуметтік инфражүйелері толық масштабта жұмыс істеуге дайын. Олардың жұмыстары бюджет қаражатымен жасалған.
Маңғыстаулықтар өз алдына аса ауқымды да өршіл мақсаттар қоюдан жасқанбайды әрі осы мақсаттарға нақты нәтижелерімен қол жеткізіп келеді. Бұған «Жер – Теңіз – Аспан» мега-жобаны іске асырудағы айқын деректер дәлел. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағында жаңадан 3 өндірістің құрылысы жүргізілуде, тағы да 17 жобаны іске асыруға байланысты инвестициялық келісімшарттарға қол қойылды. Аталған жобаларға қажетті барлық инженерлік инфрақұрылым құрылыстары жүргізілуде.
Маңғыстау облысы республикада өнеркәсіп өндірісі үлесінің 16,5 пайызын құрайды. Бес жылда бірнеше зауыттар іске қосылды. Олардың ішінде Кеме жөндеу зауыты, Темір балқыту зауыты, Металл құрылғыларын жасау зауыты, Шыны-пластикалық құбырлар зауыты, Жоғары қысымды сыйымдылықтар зауыты және т.б. бар.
Облыста мұнай-газ секторының тауар-ларын, жұмыстары мен қызметтерін сатып алуда «қазақстандық мазмұнның» үлесі бүгінде – 63,4 пайыз. Бұрғылау ерітінділерін шығаруға арналып салынған зауыт теңіздегі кен орындарының отандық өнімдерді пайдалануына қол жеткізеді. Ал кеме жасайтын зауыт жылына 60 кемені жөндеп шығарады. «Бейнеу» ұн тарту кешені мен құрама жем зауыты жергілікті тұтынушылар үшін айына 3,5 мың тонна ұн мен 1,5 мың тонна жем өндіре алады.
Облысқа бес жылда 1,6 трлн. теңгенің инвестициясы тартылды. Иран, Әзірбайжан мемлекеттерінің елшіліктері ашылды. Мұнайлы ауданының құрылуы, оның орталығы Батыр кенті құрылысының басталуы, Ақтау әуежайы, «Өзен — Түркіменстан шекарасы» теміржолы, «Ақтау теңіз айлағы» арнайы экономикалық аймағы, «Құрық» теңіз айлағы мен оның жұмысшылар поселкесінің пайдалануға берілуі, «Ақтау сити» заманауи қаласы, «Бейнеу-Ақтау» тас жолы, Каспий технологиялық университеті, «Кендірлі» туристік кластері, Каспий энергетикалық хабі, энергетика және ауызсумен қамту жобаларының жүзеге асырылып жатуы – Маңғыстау өлкесінің ерекше өркендеуінің ғажайып көріністері. Бұдан бес жыл бұрын қабылданған «Жер –Теңіз – Аспан» инвестициялық мегажобасы өзінің жасампаздығын осылай дәлелдеуде.
Кәсіпкерлікті дамыту туралы
Шағын және орта бизнес белсенді дамы-ған жерде экономика орнықты болмақ. Тек биылғы жылдың 7 айында өңірде 4 мың кәсіпкер өз ісін ашты. Бұлардың үлесі халықтың экономикалық белсенді тобының құрылымында 43 пайызға дейін өсті. Егер «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы шағын және орта бизнестің бастамашылығы қолдау тапса, ал шағын бизнестің бастамашылығы «Жұмыспен қамту – 2020» Бағдарламасы аясында жүзеге асады. Бағдарламаны іске асыру биылғы жылдың 1 шілдесінен бас- талды. «Бірақ, әзірге оны қорытындылау ертерек. Барлық аудандар мен қалаларда дайындық жұмысы жүргізілді, жұмыспен қамту орталықтары құрылды. Өз бетімен жұмыспен қамтылғандар мен халықтың жұмыссыздар тобының қатарынан Бағдарламаға ықтимал қатысушылар анықталды, басымдылық кәсіптік мамандықтардың тізбесі құрылып, осы мамандықтар бойынша кәсіптік оқыту жүзеге асырылатын болады»,— дейді облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы.
Денсаулық, білім беру саласы
Облыс әкімдігі Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп 2015 жылға дейін қандай мектеп, қайда салынатыны жөнінде нақты шешім де шығарып қойды. Өңірде алдағы 4-5 жылда барлығы 15 мың орындық 18 мектеп салу көзделіп отыр. Оның ішіндегі екеуінің құрылысы (Жаңаөзен қаласындағы 1200 орындық және Мұнайлы ауданының Атамекен ауылындағы 640 орындық мектептер) биыл аяқталды. Қарақия ауданының Жетібай кентіндегі, Мұнайлы ауданының Батыр және Маңғыстау ауылдарындағы барлығы 2784 орындық үш мектептің құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр. Мультимедиялық, лингафондық, пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілу көрсеткіші 80 пайыздан астам, бұл республика бойынша Астана қаласынан кейінгі екінші көрсеткіш.
2015 жылға қарай денсаулық сақтау саласы барынша тиімді, ал халықтың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігі арта түспек. Бағдарламаның негізгі бағыттары бұл — тұрғын халықтың, әсіресе жастардың арасындағы сырқаттардың алдын алуды күшейту, ана мен бала денсаулығының мәселелерінде жүйелі шаралар қабылдау. Биылғы жылдан бас -тап тұрақты түрде ауыл тұрғындарына консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге арналған жылжымалы ұтқыр кешендер жұмыс істеуде.
Денсаулық сақтау ұйымдарының желілері кеңейтілуде және жаңартылуда
Таяуда Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында ауданаралық аурухананың жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Енді жыл соңына дейін 100 орындық Жаңаөзен перзентханасының, Бейнеу ауданының Ақжігіт және Мұнайлы ауданының Маңғыстау-5 ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялардың, Түпқараған орталық аудандық ауруханасы балалар және инфекциялық бөлімінің құрылысы аяқталады. Облыстық онкологиялық диспансерінің типтік ғимараты, Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында 40 төсек-орындық перзентхана және 30 төсек-орындық туберкулез ауруханасы салынуда. Екі ірі медициналық кешенінің – облыстық аурухананың «Г» блогының (кардиохирургия бөлігі) және 150 төсек-орындық ана мен баланы қорғаудың өңірлік орталығының құрылысы басталды.
Шерқала
Маңғыстаудың қасиетті жерлерін айтқанда, Шерқаланы ұмыт қалдыру мүмкін емес. Ол VIII-IХ ғасырда араб шапқыншылығы кезінде шыңда жасалған бекініс-қала болыпты. Адам қолымен жасалған тау – Шетпе кентінен алыс емес, Ақтау қаласынан 170 шақырым жерде дара тұр. Бір жағынан қарайтын болсақ, ол тау аппақ киіз үйге ұқсайды, ал екінші жағынан басын табанына салып, ұйықтап жатқан арыстанның бейнесін береді. Сондықтан тауды Шерғала деп атап кеткен. Шерғала (Шерқала) атауын түрік тілінен аударсақ, “Тауарыстан” немесе “Арыстанды тау” дегенді білдіреді.
Маңғыстаудың табиғаты қытымыр келеді. Ауа райы қатал континеттік, өте құрғақ. Тұрақты өзен тармағы жоқ. Жер көлемінің көп бөлігін (кейбір қоңыр топырақты жерлерінде бұталы өсімдіктер өседі) жусанды, тұзды шөл дала алып жатыр. Сондықтан жергілікті қазақтар ілгеріде негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Әсіресе, шөлге төзімді ойсыл қара баласы көп өсірілді.
Өткен ғасырдың 60-ыншы жылдарынан бастап жергілікті халықтың өмір сүру дәстүрі күрт өзгерді. Осыдан дәл 50 жыл бұрын Жетібай кентінен алғаш мұнай фонтаны атқылап, халықтың қара алтынға қарық болғаны бар. Содан бері түбекте талай қалалар бой көтеріп, елдімекендер пайда болды. Ең алғаш болып 1963 жылы Ақтау қаласының іргетасы қаланды. Бұл – Каспий теңізінің дәл іргесіне салынған Қазақстандағы жалғыз қала, еліміздің теңіз астанасы.
Жетібай кентінен соң, Жаңаөзен жерінен де мұнай табылып, 1968 жылы Жаңаөзен қаласы құрылды. Бүгінде бұл — мұнайшылар қаласы. Бұл екі қаладан өзге Маңғыстау облысының әкімшілік-аумақтық құрылымында 5 аудан (Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандары) бар.
Халықтың өсіп-өнуі:
Маңғыстауда халық саны бұлайша тез көбеюінің екі себебі бар. Біріншіден, табиғи өсім де жаман емес. Ал екіншіден, көршілес республикалардан қандастар ағылып көшіп келіп жатыр. Бұл өңір Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматы облысынан кейін оралмандарды қабылдау жағынан үшінші орында тұр. Облыста осылайша халық санының күрт өсуіне байланысты 2007 жылы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мұнайлы ауданы құрылды. Өте қысқа мерзімде мұндағы халық саны 47 мыңнан 100 мыңға бір-ақ өсті. Халық санының өсу қарқынымен қатар аудан дамуына құйылған инвестиция да өсуде. Аудан құрылған 2007 жылы оны дамытуға барлық қаржы көздері есебінен 5,7 миллиард теңге бағытталды. Іс жүзінде осы қаражаттың барлығы ауданды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жұмсалды. Ағымдағы жылы Мұнайлыны дамытуға тағы 8,3 миллиард теңге көлеміндегі қаражат бағытталып отыр. Бүгінде ауданда сапалық тұрғыдағы жаңа міндеттер шешілуде, бұлар – типтік әлеуметтік нысандар мен жолдар салу, мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту. Өткен жылы ауданның жаңа орталығы – Батыр ауылының құрылысы басталды. Соңғы екі жылда оны дамытуға 2 миллиардтан астам теңге жұмсалды.
Республикалық «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Батыр ауылының Емір шағын ауданынан оралмандарға арнап өткен жылы 2 пәтерлік 34 үй салынып, пайдаға берілген болатын. Ал таяуда тағы 50-ге тарта оралман отбасы баспаналы болды. Мұнда тұрып жатқан мектеп оқушылары әзірге көрші ауылдағы мектептерге қатынап оқып жүр. Олар көп өтпей бұл қиындықтан да шықпақ.
Бұдан өзге «Ақтау Сити» қаласы құрылысының жобасын нақты жүзе-ге асыру ісі де мықтап қолға алынды. Жобаны іске асыру «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жүктелген. Алғашқы «Аққу» шағын ауданының алғашқы 6 үйінің құрылысы басталып та кетті. Таяу арада шағын ауданда екі мектеп (тұңғыш Президенттің зияткерлік мектебі мен жалпы білім беретін мектеп), спорт кешені, әрқайсысы 280 орындық үш балабақша, бизнес-орталығы мен тұрғын жай алабының толыққанды жұмыс істеуіне қажетті нысандар ажарландыра түспек. Қаржыландыру мәселелері негізінен шешілген. Сонымен бірге «Аққу» девелоперлік компаниясы инвесторлармен бірге екінші шағынауданның жобасын дайындау мәселесіне кірісіп кетті.