$ 494.87  520.65  4.91

Ассамблея әдемі ақпар беретін орган ба?

Бізде 130-дан астам ұлт бар дейміз, көп ұлтты мемлекетпіз деп лепіреміз. Бірақ, бір ғана кіндік ұлт бар екенін, қалғаны диаспора болып табылатынын, мемлекет бір ұлтты екенін, тек Қазақстан қоғамы ғана көп ұлтты екенін елей бермейміз. Тіпті, диаспораларға екпін қоя отырып, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» деген атынан ат үркетін орган да жасап қойдық. Әу баста қоғамдық ұйым етіп құрылған Ассамблеяны қызды-қыздымен Парламенттің төрінен бір-ақ шығардық. Ол аздай, заңға қайшы болса да, Ассамблея мүшелеріне сайлау науқанында екі дауысқа ие болатындай құзыретті тағы бердік.

Нанбасаңыз, қараңыз, Парламент мәжілісінде 107 депутат бар, оның  98 депутатын сайлау барысында Ассамблея мүшелері Қазақстанның азаматы ретінде бір рет дауыс береді, кейін Ассамблеяның атынан 9 депутатты сайлау кезінде Ассамблея мүшесі ретінде  тағы бір рет дауыс береді. Сонда Ассамблея мүшелері жалғыз ғана органнның өкілдерін сайлау үшін бақандай екі дауысқа ие болады, ал Сіз бен Біз сияқты пақырлар бір ғана дауысты қанағат тұтамыз. Бір органды сайлау барысында сайлаушының екі не одан да көп дауысқа ие болуы барлық халықаралық  стандарт  бойынша да, дүниежүзілік сайлау технологиясы бойынша да әділеттілік принципі мен сайлау қағидаларына қайшы.

Осыны істегендер халықаралық стандарт бойынша бір халыққа, не топқа белгілі бір артықшылықтар беру де оны кемсітушілік болып бағаланатынын біле ме екен?!

Онымен қоймай заңның жілігін шаққан құқықтанушылар бұл органнан сайлатын депутаттардың не тікелей сайлауға жатқызылатынын, не болмаса жанама сайлауға жатқызылатынын айыра алмай дал.

Ал осыншама аспандатып отырған Ассамблеямыз өзінің құқықтық және моральдық тұрғыдан жүктелген міндетін толық орындап отыр ма? Кешегі күні Сарыағашта ұлтаралық қақтығыс болған күні Ассамблеяның 20 жылдығы болып жатты. Той деген жақсы. Ал сол күннің ертеңіне Ассамблея мүшелері Сарыағашқа барып мән-жайды сұрады ма? Шиеленіскен түйін болса, шешуге тырысты ма? Әлде тойды жалғастыра берді ме? Басқасы тойлай берсін делік, ал Ассамблеядан ұлттар татулығына аманат ретінде үкілеп қосқан 9 депутаттың бірі келді ме? Олардың осындай мәселеге тікелей араласуы, еркі ғана емес, депутаттық парызы емес пе еді...

Шатастырмайық, Ынтымақ ауылындағы  Б.Артықовтың отбасына барып кешірім сұраған тәжіктің ақсақалдары Ассамблея емес. Сарыағаш қиырда болса да, аталған заңның 1-бабы «Ассамблея өз қызметін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жүзеге асырады» деп бекіткен. 

Болмаса, Шелекте орын алған қазақ-ұйғыр қақтығысында яки Маловодныйдағы қазақ-шешен шиеленінде аталған Ассамблеядан біреу келіп басу айтты дегенді, не ел алдына шығып сөйледі дегенді естідіңіз бе? Өз басым естіген жоқпын.

Есесіне, ел аузынан естіген әңгімемізді болары болып, бояуы сіңген соң «Шелекте осындай болыпты» деп бір ай өткен соң ғана теледидар бетінен көрмеп пе едік...     

«Ассамблеяның негізгі міндеттері: 

1) этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау; 

2) халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту» 

Әлде бұл тек теледидардан «Сіздің кемел саясатыңыздың арқасында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз» деп, әдемі ақпарат беретін ғана орган ба? Өзінің мойнына заңмен жүктелген міндетті орындайматын орган бізге не үшін қажет?

Толық, шынайы ақпарат ала алмай отырғандықтан, менің қателесуім де ғажап емес, бірақ түймедей ғана тәуір нәрсені түйедей қылып көрсететін біздің PR-шиктердің назарына бұл қалай ғана ілінбей қалады? Әй, қайдам?!!

                                                                                                                                                                           Алмас Жұмағали,

заң ғылымдарының кандидаты

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Бассыз телеарна
Келесі жаңалық
Бүгінгінің зиялысы кім?