10.03.2015, 18:00

Адам асқақ болуы үшін, оның санасы еркін болуы тиіс

Бір нәрсенің мағынасын ашу үшін оны келесі бір нәрсемен салыстырған жөн. Жапалақты сұңқардан, жабыны тұлпардан ажырату үшін міндетті түрде олардың дәл мағынасын түсінуіміз керек. 

Әдебиет – ұлт руханиятының барометрі. Кез келген әдебиеттің жеткен жетістігіне байланысты, сол ұлттың ахуалын байқауға болады. Яғни, әдебиет – ұлт руханиятының айнасы. Мәселен ХV ғасырда Қазтуған өзі туралы: «Буыршынның бұта шайнар азуы, бидайықтың көл жайқаған жалғызы», – десе, Шалкиiз: «Мұз үстіне от жаққан, Бұзбай бұлан пісірген», – дейді. Бұл дәстүр одан әрі: «Мен, мен едім, мен едім...», – дей­тін Махамбетпен ұштасады. Жыраулық дәстүр, өр рух осылай сабақтастық табады. Ал, бұларды дәл осылайша кесек, аспан қанат асқақ сөйлетіп отырған қандай рух десек, оның жауабы – еркіндік, азат сана, асау жүрек. Тек азат санасы мен асау жүрегі бар адам ғана осындай шалқақ, осындай тік, осындай жақпар сөйлей алады. Ал бүгінгі әдебиет қандай? Бүгінгі әдебиетте осы тақылеттес үрдіс, асқақ рух бар ма? Біз елшілміз бе, отаншылмыз ба, көпшілміз бе? Жоқ болса, бұл қасиеттердің барлығы қайда кетті? Адам асқақ болуы үшін, оның санасы еркін болуы тиіс. Ал бүгін біз еркінбіз бе? Еркін болсақ, жағым­паздық, жандайшаптықтар қайдан шығып жатыр? Әрине кіріптарлықтан. Осындай шалқақ әдебиет кейін ХХ ғасырдың ортасында қан­дай күйге түсті? Партия, Ленин, Компартия деп жырлаған дүниелер қаптады. Кешегі әдебиеттен бірде-бір жағымпаз­данған, бас иген сөзді таба алмайтын едік. Енді, жағдай бұлай өзгерді. Біздің қазақ руханиятының әлсіреуі осыдан етек ала бастады деп ашық айтуымызға болады. Қазіргі әдебиеттегі аға буынның ішінде Ленинді, комсомолды, кеңестік жүйені жыр­ламаған адам бар ма? Болса, ілуде біреу ғана шығар. Демек, қаймана қазақтың құл­дық психология қа­мытын киюіне жазушылар мен ақын­дардың тигізген үлесі зор екенін айтуымыз керек. Анығында, кешегі әдебиет Кеңес өкіметінің насихатшысы бол­ды. Құлдық психологияны сіңіруге, стан­дартты санаға көшуге мәжбүр етудің механизмін жүргізу ақын-жазу­шылардың еншісіне тиді. Бүгінгі мүйізі қарағайдай аға буынның әсірешіл­дігі, қазақ ұлтының бо­ла­ша­ғына сенбегені сондай, бәрі жаппай балаларын орыс мектеп­терінде оқытып, орысша тәрбие берді. Олардың сексен пайызының баласы бүгінде қазақ тілінен мақұрым екені сөзі­міз­ге дәлел. Сонда ұр­пақ­қа жаны ашымаған, ұлт тағдырын ойла­маған, ана тілін ұлттық мінберге қондыра алмаған аға буын ұлтқа қалай жаны ашиды? Жаман д ерт жұқпалы келеді. Бұл азаттық­тан кейін келген буын­ға өз әсерін тигізді. Билік бұған дейін­­гі әде­биетке үн сұрайтын, ыңғай жы­лап жү­ре­тін қоғамның масыл балалары деген стереотиппен қарады. Шы­нын­да да мұндай элементтер болды. Ал ар­ғы қазақ танымында, сөз өнерінде ақын деген мүлде ол емес еді. Өлең де басқа бо­латын. Қазір­гідей өлең деген біреуді мақ­тап, біреуді даттау десек, біз қатты қате­лесеміз. Өлең­нің аспектісі мүлде бө­лек. Бүгінгі біздің әдебиет біреуді мақтап, біреуді даттаудан ғана тұратын политикалық журналистикаға айналды. Ал негізінен әдебиетке қойыла­тын нақты шарт табан асты болып қалды. Неліктен бұлай болды дегенге қазақ руха­ния­тының қарашығы – Абай хакім: «Терін сатпай, телміріп көзін сатып, теп-тегіс жұрт­тың бәрі аларман ...» деп жауап беріп қойыпты. Аларман деп тұрғаны бүгінгі жағымпаздық, жандайшаптық, кіріптарлық. Яғни, бұл мінездер «терін сатпай телміріп көзін сатудан» келетінін айтып отыр. Ал, бұрынғы ақын материалдық жағынан да, рухани тұрғыдан да ешуақытта ешкімге кіріптар емес еді. Қазақ о бастан «есігің ең­кіш болса, еңкейіп өтпе, шалқайып өт» дейтін халық болатын.  Бүгінде біздің бүкіл өнердегі, әдебиет­тегі азаматтарымыз жұртты ағартудың емес, саясаттың артында жүр. Оның ар жағында темір мен терсек, атақ пен даңқ, баспана, т.б. жағдайлары тұрғаны анық. Жас пен жасамысқа дейінгі аралықтағы ахуал осы. Мемлекеттік ауқымдағы сый­лық­ты алған адамның мүшәйраға қатысуы, мүшәйра десе, бүкілінің жаппай өре түрегелетіні біздің бүгінгі жағдайымыздың қандай екенін көрсетеді. Шынында да материалдық жағдайымыздың өте әлсіз екенін, біреуге кіріптар екенімізді, өмірді өлеңге айырбастап, өлеңді дүниеге сатқа­нымызды анық аңғартатын жай осы. Ал, шындығында өлеңге қойылатын талап ол емес еді. Бүгін бізде асқақ сөйлейтін, елшіл, ұлтшыл, санасы азат тамырының ағысы қазақ деп соғатын ақын көп емес. Егер біз қазақ руханиятын бір бәйтеректің діңі деп қарайтын болсақ, әдебиет, ән мен күй оның бір-бір бұтақтары. Қазіргі көше әндерінің жалпы көпшіліктің әніне айналуы, былдыр-шатпақтың әдебиет аталуы– бізді жақсылыққа жеткізе қоймас. Біз әде­биеттегі емеурін, тұспал, астар деген дүние­лерден, яғни ұлттық генетиканың жаралымынан, оның бүкіл болмысынан алыстап бара жатырмыз. Ал, әдебиеттегі ең мықты өлең деп жүргеніміз керісінше, ұлт дүниетанымының тақылетіне кел­мейтін «Құдайды көріп едім түсімде» секілді былдыр-шат­пақ. Және жүлде де солардікі. Ал, қуын сұң­қылдатып, жусанын бұрқыратып таза қазақи генетикада жазатын ақын-жазушы аз. Әлемдік арена, өркениет деп ақта­латындар бар, өз ұлтыңның бүкіл элементін түгел білмей, өзгені сыйдыру мүмкін емес қой. Өзіңді сүйгеннен кейін ғана өзге сені сүйеді.  Біз қазір жағымпаздық пен жақсы кө­руді шатастырып алдық. Біреуге біреуді кіріптар ғып тұрған нәрсе – баяғы ақша. Былайша айтқанда, құлдық сана. Ақын-жазушылардың ашып ешнәрсе айта алмайтын себебі – санасы да, материалдық тұр­мы­сы да азат емес. «Ай, хан, мен айтпасам білмейсің» дейтін адам жоқ осы күні. Өйт­кені, бір күндік креслоға байланып, тәт­тірек жем жеген сайын тәттірек сөз айтуға бә­рінің еті үйреніп кеткен. Ал азат өлең мен азат ой азат санадан ғана шығады, мү­­гедек санадан мүгедек сөз шығады. Біз­дің бүгінгі санамыз мүгедек. Негізінде ақын­­ның санасы, әсіресе, әдебиеттің ахуа­­лы ешкімге кіріптар болмауы керек еді. Азат сөйлеу – мемлекетке қарсы шығу емес, мүлде басқа нәрсе. Ке­шегі мен бүгінгі әдеби ахуалдың айыр­машылығы осында деп ойлаймын. Қазақтың әдеби кеңістігінде осындай дүниелер жүріп жатыр. Ал бұл драманың аяғы қалай аяқ­талатыны туралы ештеңе айта алмайсың.

Ықылас ОЖАЙҰЛЫ