12.03.2026, 15:10

ЖИ және жемқорлықпен күрес: медицина саласында жаңа цифрлық бақылау жүйесі әзірленуде

Фото: sn.kz ЖИ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қоғамдық қауіпсіздік пен тиімді басқаруда жаңа технологиялардың маңызын атап өткен болатын.

Қазақстанда денсаулық сақтау саласындағы ашықтықты күшейтуге бағытталған инновациялық жоба қолға алынды. Отандық IT-мамандар жасанды интеллект технологиясына негізделген арнайы мобильді қосымша әзірлеуде. Бұл жүйе медициналық қызмет көрсету барысында кездесетін негізсіз тағайындаулар мен жалған есептерді анықтауға көмектеседі. Қосымша медициналық деректерді талдап, емдеу процесіндегі күмәнді үрдістерді автоматты түрде байқайды. Мысалы, кейбір дәрігерлердің қымбат процедураларды шамадан тыс ұсынуы немесе науқастың нақты диагнозына сәйкес келмейтін дәрілік препараттардың жиі жазылуы секілді жағдайлар жүйенің сүзгісінен өтеді. Сонымен бірге аймақтар бойынша орташа көрсеткіштермен салыстыру арқылы медициналық ұйымдардың қызметіндегі ерекшеліктер де бағаланады. Мамандардың пікірінше, мұндай цифрлық бақылау құралдары медициналық қызмет сапасын арттырып қана қоймай, саланың ашықтығын күшейтуге ықпал етеді. Пациенттер өз денсаулығына қатысты шешімдердің дұрыстығын тексеріп, көрсетілген қызметтің сапасына қатысты нақты ақпарат ала алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қоғамдық қауіпсіздік пен тиімді басқаруда жаңа технологиялардың маңызын атап өткен болатын.

«Жасанды интеллект пен үлкен деректердің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Осы мақсатта іске қосылуға дайындалып жатқан жаңа суперкомпьютерді қолдануға болады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына цифрлық технологияларды белсенді енгізу керек. Жұмыс процестерін барынша цифрландыру еңбек өнімділігін арттырып, жемқорлық тәуекелдерін азайтады», - деді Президент. 

Сарапшылар бұл бастама толық жүзеге асса, медицина жүйесінде сапалы өзгерістер болып, азаматтардың сенімі арта түсетінін айтады. Цифрландыру – адал әрі тиімді денсаулық сақтау моделін қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.