«Имиджмейкердің арқасында тауық сұңқарға ұқсағанымен, ол бәрібір өлген шыбынды шоқып жегенін қоймайды» деген екен армян шахматшысы Ашот Наданян. Бүгінгі күні Президент түгілі, ине мен түйме шығаратын шағын компанияның басшысына дейін имиджмейкер керек. Өйткені иі қанбаған істі имиджмейкер бітіреді. Жаңа кәсіпке деген зәрулік сондай, ел ішінен емес, имиджмейкерді ит арқасы қияннан, қулық-сұмдықты молынан меңгерген батыстың тісқаққан қуаяқтарының ортасынан әкелуден Қазақстан да қалыспай отыр. Біз бірауыздан «жоқ» дейтін идеологияны осы имиджмейкерлер қалауынша ойнатып отыр.
Патшаны нөкері жасайтыны белгілі ғой, нөкері сабаудай-сабаудай министрлер екенін сезгенімізбен, олардың сыртында саяси технологтар- имиджмейкерлер деп аталатын тағы да бір үлкен топтың оның орта күткендегідей жағымды кескін-келбетін қалыптастырып және жұртпен қарым-қатынасын реттеп отыру үшін жұмыс істейтінін білеміз. Және олардың саны біреу-екеу емес. Американың «Нью Йорк таймс» секілді газеттеріне «Егемен Қазақстан» газетінің стилімен Қазақстан мен оның президентінің ұнамды бейнесін сипаттайтын бір ғана имидж мақаланың 80 мың долларға дейін бағаланатынын ескерсек, бұлардың Президентті сайлап алғанға дейінгі жұмысының құны қанша болатынын шамалай беріңіз. Президенттің саяси имиджмейкерлерінің жұмысы әсіресе сайлау кезінде қыза түседі. Мұндай термин тілімізге енбей тұрған тұста, 1996 жылғы Ресейдегі алғашқы сайлау кезінде басқа бәсекелестерінің мүмкіндігі өзінен үш есе артық болып, үміткер Борис Ельциннің ел ішіндегі беделі 5-ақ пайызды құрай тұра, батыстан шақырылған имиджмейкерлердің арқасында бес айдың ішінде 50 пайызға көтерілген екен. Кәсіби имиджмейкерлердің сиқырына бас иген Борис Николаевич содан бастап бұл қызмет көрсету түрін кәдімгі Кремльдің штаттық кестесіне енгізіп, тұрақты ұстайтын болған. Көршіміз түшкірсе, жәрәкімалламыз дайын тұратын бізге Ақ Орданы айналдыра тізіп тастау не тұрады тәйірі? Сол кезден бастап посткеңестік елдердегі бірде-бір сайлау кампаниясы имиджмейкерлердің қатысуынсыз өткен емес. Тіпті сол жылдардағы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы сайлауының бірінде алдымен атақты Борис Березовскийдің беделін көтеріп, кейін Абрамович дейтін алпауытты дүрдей етіп жасап шығарған Владимир Руга деген имиджмейкер, Қазақстанға келіп істеген жылдары «азуы алты қарыс Ә.Қажыгелдинді сайлауға кандидат ретінде тіркетпек түгілі, елден бездіріп жіберуге дейін жеңіске жеткенмін» деп мақтанып сұхбат беріпті. Соған қарағанда, имиджмейкер дегеніңіз қызметі үшін күреп ақша алатын саяси сиқыршы ғана емес, құдіретті күш иесі де болып тұр.
Ал биылғы сәуірде өтетін сайлау алдындағы Президент төңірегіне топтасқан саяси имиджмейкерлерінің сықпытына қарап күлмеске лаж жоқ. Президенттің тұлғасын биіктетуге емес, билік пен бұқараның арасын біріктірместей етуге, ел мен Елбасының арасын алшақтатуға жанын салып кіріскен бе дерсің. Демократиясы дұрыс қалыптасқан елдерде қоғамдық ортаға ықпалы бар мықты саясаткерлер додаға түсіп жатады, ал біздегі тартыстың салмағы М.Телібековтер мен ағашқа өрмелеп шығатын акробат Амантай қажылармен өлшенеді. Президенттің қарсыластарының бірі де белгілі саясаткер емес, іліп аларға ірі адам қоспайды, ұялғандарынан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ә.Құсайыновты әкеп қосты. Бұлардың бірде-бірі 5 пайыз да дауыс жинай алмайтындар. Президенттіктен үміткерлерге қойылатын алғашқы тіл сынағы сынақ емес, Мырзекеңнің мызғымас қамалынан Қайсаровтардың өте алмайтынын білетін имиджмейкерлердің ісі. «Дінбасы» Телібековтің жанына еріп келген әйел ешқандай жұрт көзінен тасалықты қажет етпестен, тапа-тал түсте зорлана жаздайды. Орталық сайлау комиссиясының кеңсесінде әйел әбүйірінен айрылғалы жатса, ЦИК-тің ішінен секс шығып сескендірсе, бұдан кейін алты апта бойы Құлсары мен Құмкөлдің айдаладағы мұнай кеніштерінде вахтамен жатып жұмыс істейтін барақтарда не сұмдық болып жатқанын көзге елестетудің өзі қиын. Электоратты осыншама таңырқатқан мұндай «экзотикалық» бірегей науқанды тек біздегі имиджмейкерлер ғана ойлап таба алады. Осыдан кейін Телібековтің денінің дұрыстығына күмәнмен қараушылық белең алатындықтан, қара да тұрыңыз, ендігі жерде ОСК-нің үміткерлер психикасының дұрыстығын растайтын медициналық анықтама қағазын қоса тапсырсын деген жаңа талабын жариялайды. Әрине, бұл талап бойынша бір рет ұшақта төбелес шығарып, бұзық атанған, дәл қазір 100 мың қол жинап бәйгені жандырып отырған Жарылқап Қалыбайдың өте алмасы анық. Саяси имиджмейкерлердің «сұңғыла» ісі мұнымен де шектелмейді, 92-95 пайыз дауыс жинап беру үшін жанталасатын әдетін жалғастыра беретін болады. Эколог Мэлс Елесізовті елдің есінен шығып, ұмытылуға шақ қалғанда тауып әкеп, тартысқа салғандар да осылар. Жығылса да күреске тоймай, қатарынан үшінші рет қатысып жатқан Ж.Базылбаевтың бабын келістіріп отырған да осы кісілер.
Әрине, Елбасы төңірегіндегі саяси технологтар, имиджмейкерлері туралы сұрағанында, Дариға Назарбаева әлдебір сұхбатында президенттің командасында имиджмейкерлік жұмыспен арнайы айналысатын адамның жоқ екенін айтқан болатын. Елбасының бойына табиғаттың үйіп-төгіп бере салған қасиетін ешбір имиджмейкер неше миллионға жалдасаң да жасай алмақ емес. Мыңдаған президенттік сайлауларды табысты атқарып берген кез келген америкалық имиджмейкер бәрібір Н.Назарбаевтың өзіндей түсініп, дәл өзі секілді істей алмайтын көрінеді. Бірақ кезекті сайлау науқаны кезінде жалпы жұрт «жағымпаздар» мен «жандайшаптар» деп жазғыра салатын, алайда Президент келбетінің қоғамдық насихатын жасайтындар саудаға өздерінің емес, Президенттің ары мен ожданы түсетінін ойлай бермейтіндіктен аяусыз сайқымазаққа айналдырып жібергенін олар емес, жұрт аңдап отыр. «Қазақтардың табиғатынан сыры мен сымбаты келісіп туған ұлт екендігіне Президент Назарбаев тұлғасына қарап көз жеткізетіндерін» айтатын шетел сарапшыларының аузына осы сөзді салып беріп, Елбасының «ұлы образы» мен Түркіменбашы арасында еш айырмашылық қалдырмаған көлеңкедегі көрінбейтін кісілер қоғамға оның кері әсері туралы да бір уақ ойланса нетті? «Ұйқы» мен «күлкінің» бәрі Назарбаевтың арқасы дегенге дейін алып келген арзанқол саяси технология осы бетімен кете берсе, ел алдындағы соншама еңбегін елеусіз етіп, Елбасыны әбден жеккөрінішті жасап, қылға ілініп тұрған ең соңғы жақсылығының өзін жидітіп бітірмей ме? Мемлекет машинасының тізгінін ұстаған мамонттар халықты құмырсқа құрлы көрмей жаншып жатқанда, саяси технологтардың сауатсыз ұйымдастырған ойыны ол кісіні жарға жықпаса болды әйтеуір...
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ