Лингвистикалық комиссия. Қазақ тілінің арқасы кеңіп, бір жасап қалатын кезеңі осы Президент сайлауы науқаны.
Қалған уақытта қазақ тілімен ісі жоқтар дәл осы шақта «мырза» кім, Мырзекең кім, бір біліп қалады. Әлбетте, сойыл соғар комиссия деген ойдан аулақ болсақ та, қара қылды қақ жаратындығына да сеніміміз шамалы. Айталық, қазақша сөйлеген сөзінің жазбасын қырық рет қайтара тыңдап, әрең дегенде не айтқысы келгенінің нобайын аңғаруға болатын Ғ.Қасымовтың лингвистикалық комиссиядан аттай шауып өткенін естігенде «сенген қойым сен болсаң» деп санымызды соғып едік, келесі «сайлауда» қазақшасы оған қарағанда әлдеқайда жатық У.Қайсаровтың қырық бес қатесін тапқанда таңданғанымыз жасырын емес. Әрі Қасымовтың қазақ, орыс, француз және араб тілдерін білетінін естігенде де таң қалдық (http://kk.wikipedia.org/wiki/Ғани_Есенкелдіұлы_Қасымов). Бір арам ой «арабшасы мен французшасы да қазақшасы шамалас па екен, әлде жатық па екен?!» - деп деп те түртіп қояды.
Ғ.Қасымовтың «бестік» баға алғанының қасында Мұрат Телібековтың тілден емтихан тапсырарда «төбелес» шығара жаздағаны көңілге қонымды естіледі.
Саясаттың бағытын анықтаушы Президентке үміткерден мемлекеттік тілден емтихан алынады, сол саясатты жүргізуші Премьерден, министрлерден, Бас прокурордан, Конституциялық кеңес төрағасынан, Парламент спикерлерінен емтихан алынбайды. Бұл дегеніңіз – болашақ президентке қосымша міндеттер жүктейді де, өзгелеріне жүктемейді, яғни еркіндік береді дегенді білдіреді.
Оларға неге Президенттен артықша құқық берілген?
Өзге елдерде ондай практика жоқ, өйткені оларда мемлекеттік тілді білмей мемлекеттік қызметке келу деген де ұғым жоқ. Қытайдың өзі қытай тілінде ғана сөйледі бірақ ірі-ірі деген тоғыз диалектісі бар соның ішіндегі ресми мойындалған диалект Бейжің диалектісін, яғни Путун-хуаны білмегендерді мемлекеттік қызметке алмайды.
Ежелеп оқитын министрлер. 2007-2012 жылдары, одан соң 2014 жылы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі болып қайта тағайындалған Кәрім Мәсімов Патрис Лумумба атындағы Университетті, Қазақ мемлекеттік басқару университетін, Пекин институтын, Ухань университетін бітірген және Колумбий университетінде сынақ мерзімінен өткен. Ғылым докторы, ағылшын, қытай, араб тілдерін меңгерген. Бірақ өзі басқарып отырған елдің тілінде қағаздан ежелеп оқиды. 1-сыныптың баласы минутына 60 сөзден кем оқыса, төмен баға қоямыз, бірнеше оқу орнын бітірген, бірнеше тілді меңгерген, ғылым докторы 60 сөз оқи алмаса – мемлекетімізге бірнеше жылға Премьер-министрі етіп қоямыз. Осы қылығымыз қисынға келе ме?
Тіпті, ҰЛТТЫҚ банктің бұрынғы төрағасы Г.Марченко «ал не істеп аласың?» деген емеурінмен, «қазақ тілін үйреніп жүрген жоқпын» деп доқ көрсетсе, әлемдік аренада Қазақ елінің имиджін қалыптасыратын министрліктің басшысы Е.Ыдырысов «миымды ауыстырмасаңдар, үйрене алмаймын» деп тоқ еткізді. Сонда мемлекеттік тілді білу факторы жоғары мәртебелі қызметкерге қойылатын талаптың қатарында жоқ па? Қарап көрейік.
«Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі заңы мемлекеттік қызметкерлердің осы «А» корпусының да «Б» корусының да мәртебесін, құқықтарын, міндеттерін реттейді. Бір таңқаларлығы – бір де бір бабында «мемлекеттік тіл» деген, тіпті «тіл» деген сөз кездеспейді. Демек, мемлекеттік тілді қандай да бір деңгейде білу мемлекеттік қызметке тұрудың талабына жатпайды.
Есесіне, басқа бір бағдарлама жарылқайды, ҚР Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» 2014 ж.- 20 пайыз, 2017ж. – 80 пайыз, 2020ж. – 95 пайыз халық мемлекеттік тілді меңгері тиіс деп меже қояды. Сол 80 пайызға жетем деген уақытыңа да екі-ақ жыл қалды, өзі 80 пайыз мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын Үкімет халықтың 80 пайызының сайрап кетуін қалай қамтамасыз етеді?
Азаттықтың 24 жылында жасай алмаған мүмкіндікті (дәлірек айтсақ, мұқтаждықты) екі жылдан соң жасай аламыз дегенге сенесіз бе? Әлде сол 2030-дың межесіне 18 жыл бұрын «жетіп қойғанымыз» сияқты өзімізді өзіміз алдап күн кешеміз бе? Абай атамыз өзінің отыз жетінші сөзінде «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» демеп пе еді....
Өзімізді өзіміз алдағанды, көпірме сөзді, жылтырақ мәліметті қоятын кез әлдеқашан жетті. Елдің «балаларына» қарайық та...
Алмас ЖҰМАҒАЛИ,
Заң ғылымдарының кандидаты