$ 498.34  519.72  4.85

Наурыз қашаннан бері, қалай тойланып келе жатыр?

Менің ауылым қазіргі Қытайдағы Алтай өңірінің Шіңгіл дейтін жерінде. Қытай елінің сырт моңғолға қатынайтын шекара тұсы. Мен ес білгеннен бері Наурыз тойлайды.

Мереке таянғанда ауылдың естияр балаларында қуанышпен бірге қорқыныш та болады. Ол – қойдың кезегі, қозының кезегі, бұзаудың… әйтеуір топтан бөлініп қалар бір шаруа шығып қалмаса болғаны. Сол үшін мейрам болардан бір апта бұрын үлкендер қандай іске жұмсаса, қырқарын бұрап-бұрап қайта жіберген зырылдауық ойыншықтай зымырайтын едік. Әр үйде ауланы тазалау, қабырғаларды әктеу, үй маңындағы қоқысты өртеу, жиһаздарды реттеу, жас келіндер мен қыз-қырқындар келі-келсаппен көрші-қолаң, үлкен үйлердің бидайын түктеу, жент араластыру, шүйірмек жасау, түрлі тамақ пісірулер кем дегенде 4-5 күн бұрын басталатын.

Мерекенің негізгі көркі – дастарқан. Өйткені, бұл мезгіл айран, сүт, қатық, қойдың уызы, сиырдың уызы, шұбат, қымыз, ақ ірімшік, қызыл ірімшік, кебеже түбіндегі мәйек ірімшік, ежігей құрт, сықпа,  бүйенде сақталған күзгі сүттің сарымайы, ұнға ораған соқталы қазы, майлы сүрі жамбас дегендердің бәрі әр үйде саудасыз базар ашқандай самсап тұрады.

Мереке 22-наурыз күні таңертең басталады. Мерекені ең алдымен бастайтын – балалар. Онда қалыптасқан бір жайт, тақыр кедейдің таз баласы болсаң да, дәл сол күні үстіңе жаңа бірдеңе ілесің. Аяқ киімің бе, шалбарың ба, жейдең бе, бас киімің бе, әйтеуір біреуі жарқырап тұруы тиіс. Оның жарқырағаны құрысын, өзге ескі киімдерді бұрынғыдан бетер көнертіп көрсетіп бейшара ғып жібереді. Арқа-мойын арасында әне жеріңді қымқырып, міне жеріңді жымқырып, топ баланың дүбіріне елігіп шауып ала жөнелесің. Десе де, жарқ етіп шыға келгеніңе алғаш кезіккен анау-мынау кісіден кішкене қысылатының бар. Алайда оның бәрі топ ішіне кіргенше ғана. Топқа кіріп бойың үйрене бастаған соң ұялғанның өзі ұят.

Жалпы біздің ауылда Наурыз қашаннан бері, қалай тойланып келе жатыр? Оғанда жауап беріп, мына бір тарихи оқиғаларды қыстыра кеткенім артық болмас. Баяғыда Кеңес үкіметі кітап өртеп, молда көрсе өлтіріп, екі көзі қанталап құтырынып отырғанда алдына ербиіп Наурыз жетіп барыпты-мыс. «Шоқша сақалың шошайған сенің де тұқымыңды тұздай құртайын!» – деп, Кеңес үкіметі ақырып атып түрегелгенде Наурыз тұра қашып қытайдағы қазақтардың арасына барып бас сауғалапты.

Ол жерде 1949 жылға дейін ел арасында емен-еркін өмір сүреді. Тіпті құлпырып байи түседі. Алайда, Қытайда да компартия орнап, олда ататын молда іздеп жолға шығады. Қылшылдаған қылышын оңды-солды сермеп «дін қайдалап» айқайлап, қырып-жойып келе жатқанда, алдынан сопаң етіп Наурыз бишара тағы шыға келмесі бар ма!  Енді қайда қашады? Өзінің дін емес, өз алдына мейрам екенін айтып ақталайын десе компартия тыңдамайды. Ол бейбақта оны айыра қоятын өре бола ма... Әй-шәйге қаратпай дедектетіп апарып түрмеге жапқан да тастаған.

Содан 1980 жылдардың басында Бейжіңде оқып жатқан қазақ жастары Наурызды түрмеден босату жайлы үкіметке мәселе қойып, өздері жиналып наурыз мерекесін өткізеді. Олардың ұсыныстарын тергеп-тексере отырып орталық мақұлдайды. Ол енді компартияның көзі ашылып қалған кез. Тіпті, ондағы қазақтарға бір күн демалыс береді. Ол жақсылық кешікпей Шыңжаңға жетеді. Аңсап, сағынып отырған наурыздары азаттық алғанда қайран қазақ есі кете қуанады. Наурызды көзі көрген адамдар тірі отырған, ерік беріп кеп жібергенде бұрынғы жүлгені тауып ала қойды.

Біздің тойлап жүргеніміз осы Наурыз. Жалпы біздің ауылда үй сыртынан ысқыру, есік алдына келіп дыбыс беру дегендер атымен жоқ. Иті қаппаса болғаны келген бетте кіресің. Бұйымтайыңды айтасың, шаруаң болмаса шай ішіп, кеңес соғып отырасың. Тек мереке күні ғана емес 365 күн солай. Әлі сол қалпында. Сонымен біздің алғашқы қадам байғазы сұраудан басталады. Көрші үйге жүгіріп барасың да босағасында тұра қалып өлеңдетесің. Әлгі киіміңе көрімдік сұрайсың. Былай деп:

Киімімді көріңіз,

Бар жақсыны төгіңіз.

Барар жерім әлі көп,

Байғазымды беріңіз!

Ол күні ауырып отырғандар болмаса барлығы ашық-жарқын. Әдетте, қабақтары құрмадай құрысып жүретін шалдардың өзі шұнаңдап балаларға тіл қатады. Өздері де сәнді киінеді. Кейбіреуі әдейі алақанын шекесіне қойып, күн көзіне қарағандай сығырайып өне-бойымызды өрлей-құлдай түгел тінтіп шығып: «Өйбай-өййй мынауың  самырсындай сыңғырлап тұр ғой а, қалай байқамағанбыз мә, мә, мә» деп уыс-уыс кәмпит береді. Ала салып, жалт беріп кері жөнелеміз. Ауыл балалары құрала келе 30-40-қа дейін топтасамыз. Әлгі байғазы сұрау 5-6 үй көршіден ұзаған соң жарамай қалады. Бірімізден, біріміз дауысымызды асыра көтеріп «ассалаумағалейкумдеп» алға тартамыз.

Бірін-бірі құттықтап қыдырған қайшалысқан адамдар. Біз ешкім айтып тапсырмаса да, 40 үйден кем айттамауды өзімізге міндет санап алғанбыз. Кей үйден көже ішеміз, кей үйге кісілер толып отырады. Есіктен жылтың еткен бізге жілік ұстатады. Кейбіреуімізге ортан жілік ойынды етімен тиеді. Кейбіріміздің алақанымызға сүрленген жамбастың жүзің көрінетіндей мөлдір майынан жапырақ-жапырақ қып салады. Май жегенді мақтайды.

Сонымен бесін ауған шақта ауылдың сыртында ойын-думан басталады. Балуан салады, қол күрестіреді. Қызқуар, көкпар дегендер қыс қысылмай мал күйлі шыққан жылдарда болмаса көп бола бермейді. Мектеп оқушылары, мұғалімдер дайындаған ән-күй орындалады. Елжіреген күн көзіне арқа-жонын тосып ауыл адамдары айнала отырады. Өнерлері бары ортаға шығады.  Ақсақалдар жылдың жайын, тәубе, шүкірін айтады. Алладан елдің тыныштығын сұрап алақан жаяды.

Дала думаны тарқаған соң үлкендер жағы бір бөлек, жастар жағы бір бөлек топтасып мерекені үй-үйде жалғастырады. Ақсақалдар өнегелі әңгіме айтады. Жыр айтады. Жазу-сызу білмейтін Лұқпан деген ақсақал «Қыз Жібектің күймесі-ай, күймеге таққан түймесі-ай» деп бастап, одан да басқа талай жырлар жатқа соғатын. Қыз-жігіттер әртүрлі ойындар ұйымдастырып, ән айтып би билейді. Екі араға кезек жүгіріп табанымыздан тозып біз жүреміз. Әбден түнге қарай шаршап, қара сан болып, қарнымыз үрген сабадай болып шеңберек атып үйге жетеміз. Күпті болып аударылып-төңкеріліп ауыратынымыз тағы бар.

Мереке үш күн бойы болады. Екінші, үшінші күндері үлкен думан болмайды, тек туыс-туған, дос-жаран, көрші-қолаңдар бірін-бірі қонаққа  шақырып өздері тойлайды. Сөйтіп, күн мен түн теңелген наурыз мерекесінде қыр арқасын қыс қажаған қалың ел, арқа-мойнын кеңге салып бір жырғап қалады. Бір айта кетерлігі анау айтқандай Ұмай-ана,  Қыдыр -ата дегендер біз жақта атымен жоқ. Құлақ қағып намазға тұрған сол шалдардың қажетін тек қана бір Құдайдан сұрайтынын осы кезде біліп жүрмін. Әр жылы Наурыз келген сайын біздің ойға ауылдың баяғыдағы Наурызы оралады. Оны көрмегелі міне, он жылдан асып барады екен.

Өткен жылы Қытайдың бас газеті «Халық үнінің» кезекті санында: «Бейжіңде наурыз мерекесінің 30 жылдығы тойланды» деген мақала жарық көрді. Мерекелік үлкен шара өткізіліпті. Оған қытай шенеуніктері қатысып, қазақтарды наурыздың 30 жылдығымен құттықтапты. Онысы жөн-ақ.

Алайда, біздің көңіл тағы боздайды. Қытай үкіметінің жас келіндердің жатырын буып тастағаны әмбеге аян. Ауылда баяғыдай шулап-шұрқырап жүретін бала жоқ. Топ бала жоғалған. Үркердей үш-төртеуі ғана көзге шалынады… Тай-құлындай тебісіп, қозы-лақтай өрісіп, ауыл арасын қызыққа бөлеп, топ бала тойламаған мереке, мереке болып па?!

 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары