$ 443.85  474.3  4.8

Қазақ тілін қажетсінбейтін "қазақстандық патриотизм"

Қазақ елінің Конституциясының 1-бабының 2-тармағы «Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық...қазақстандық патриотизм...» - деп қағидаларын айшықтап алады.

Осында көрсетілген ПАТРИОТИЗМ сөзін бәріміз де білеміз. Тіпті, 2014 жылғы 17 қаңтардағы  «ҚАЗАҚСТАН ЖОЛЫ - 2050: БІР МАҚСАТ, БІР МҮДДЕ, БІР БОЛАШАҚ» атты Президенттің Жолдауында «Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр» - дей келіп «Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, Қазақстан халқы Ассамблеясына «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысымен бірлесіп, «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін әзірлеп, қабылдауды ұйымдастыруды тапсырамын», - демеп пе еді?!. Осы жолдаудың соңында Президент «Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деп бір тоқтаған болатын. Тіпті сол жылдың соңына таман Президент халыққа  тағы бір жолдау арнап («Нұрлы жол - болашаққа бастар жол»)  «Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. ...Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы» деп көтеріңкі сезімге толы сөзін бастап еді.

Енді осы ата заңнан бастау алған «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМНІҢ» мазмұны қандай, ондағы мемлекеттік тілдің орны қандай? – деген заңды сұрақ мазалайтыны хақ.

Жоғарыда Президент  үш бірдей білдей органға, атап айтқанда, «Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, Қазақстан халқы Ассамблеясына «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысымен бірлесіп, «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін әзірлеп, қабылдауды ұйымдастыруды тапсырамын» - деп нығарлап айтты. Осылардың ішінде Ассамблеяға өз басымда сенім жоқ. Себебі, бір кездері «Ұлт бірлігі» доктринасын ұсынамыз деп қазақтардың жаппай толқып кетуіне әкеп соға жаздағаны аян. Оған түрткі болған олар ұсынған «қазақстандық ұлт» идеясы. Өйткені «қазақстандық ұлт» идеясы кіндік ұлтты жоққа шығарып, мемлекеттік тілге т.б. ұлттық құндылықтарға деген көзқарасты қайта қарауға әкеп соғуы ықтимал еді.

Ал сол бір рет солқылдақтық көрсеткен органға екінші мәрте маңызды мәсені тапсыру қаншалықты орынды?

Алдыңғы мақаламызда «мемлекеттік қызмет» пен «мемлекеттік тіл» ұғымдарының арақатынасын қарастырып (http://skifnews.kz/sn-bugingi-soz/item/2643-bastauyshty-de-gejindegi-basshylar), «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР 1999 жылғы 23 шілдедегі заңының бір де бір бабында «мемлекеттік тіл» деген сөз кездеспейтінін, мемлекеттік тілді қандай да бір деңгейде меңгеру мемлекеттік қызметке тұрудың талабына жатпайтындығын жазған болатынбыз.

Хош, делік. Енді атауында «патриотизм» деген сөзі бар аты дардай құжаттарды ақтарып көрелік. Кейбіреуінің күші жойылып кетсе де, отансүйгіштікті кезең-кезеңімен байыппен қалыптастыру керектігін ескеріп, ескі де болса парақтап шықтық. Айталық,  «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери-патриоттық тәрбиелеуді жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 4 сәуірдегі Қаулысы, «Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудiң 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы»ҚР  Президентінің 2006 жылғы 10 Жарлығы, «Еңбекке, адал кәсіби табысқа, Отанға қызмет етуге, жоғары патриоттық ниеттерге оң көзқарастар қалыптастыратын отандық әлеуметтік мәдени өнімдерді жаңғыртудың 2012-2016 жылдарға арналған жоспарын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 31 тамыздағы Қаулысы. Бұлардың ешқайсысында «мемлекеттік тіл» деген яки «қазақ тілі» деген сөз тіркесі атымен жоқ.

         Соңғы кезде «үш тұғырлы тіл» деген шығып, мемлекеттік тіл де осы қосақпен бірге күн кешуге мәжбүр болып жүр емес пе?!! Мысалға, «Жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, ұлттық интеллигенцияның жалпыұлттық көзқарастық құндылықтар мен барша қазақстандық бірегейлікті нығайтудағы рөлін арттыру жөніндегі 2014 - 2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 30 желтоқсандағықаулысының 22-тармағы  былай дейді: «Жоғары білімді, зияткерлік және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру, ел азаматтарын әлемдік қоғамдастыққа интеграциялау мақсатында тілдердің үш тұғырлығы идеясы мен практикасын ілгерілету жөніндегі шаралар әзірлеу және қабылдау».

         Сол сияқты, «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы» ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 27 ақпандағы қаулысында мынандай жолдар бар:

 «мектепке дейінгі мекемелерден бастап «үш тілділікті» белсенді насихаттауды жүргізу (қазақ, орыс, ағылшын тілдері)».

Ал ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ мемлекеттік тіл екендігін ескеріп, оны игерудің ҚАЗАҚСТАНДЫҚ  ПАТРИОТИЗМНІҢ бір құрамдас бөлігі екендігі туралы ресми құжат кездестіргеніміз жоқ.

Жалғыз-ақ, 1997 жылғы 11 шiлдедегі № 151 «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының «Тiлдi мемлекеттiк қорғау» деп аталатын  23-бабы: «Тiлдiң дамуы мемлекеттiк тiлдiң басымдығын және iс қағаздарын жүргiзудi қазақ тiлiне кезең-кезеңмен көшiрудi көздейтiн Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк жоспарлау жүйесінің құжаттарымен қамтамасыз етiледi» дегенімен, есесіне бұл заңнан «патриотизм» деген сөзді ұшыратпайсыз.

Сонда қалай болғаны, «Қазақстандық патриотизм» мен «мемлекеттік тіл», яғни қазақ тілі деген ұғымдар бірі біріне қатысы жоқ ұғымдар болғаны ма?Ауызбен орақ ормай-ақ қоялық, тайға таңба басқандай етіп көрсеткен құжатын өз басым көрген жоқпын. Әлбетте, қателессем игі еді....

Бір ғана мысал, «Болашақ» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тілден емтихан тапсырмайтын кезеңде оқуға аттанғандар мен емтихан тапсырып аттанған кезеңді салыстырсақ та, мемлекеттік тілдің мемлекетшілдіктің, патриотизмнің ажырамас компоненті екендігіне көзіміз жетеді.

Үш тұғырлы тіл деген жақсы, бірақ бізде үш мемлекеттік тіл жоқ екенін ескеруіміз керек. Алдымен, мемлекеттік тіл, содан соң ғана қалған тілдер деп нығарлап айтуға, құжат қабылдауға жиырма төрт жылда батылымыз жетпегенде, енді 2050 жылы жете ме? Мемлекеттік тіл декорациялық деталь емес, Қазақстан азаматтарының болашаққа бағдар сілтер желкені екенін жоғарыда аталған құжаттарға неге енгізбейміз?Алда-жалда қару ұстар күн туса, әркім өз жүрегіндегі отанын тауып алары сөзсіз. Осы кезде тек мемлекеттік тілмен сусындаған мемлекетшіл азаматтар ғана қалары хақ. Қазіргі алай-түлей заман болып тұрғанда ай қарап жүргеніміз жараспайды. Отанын сүйгендер ғана отанын қорғайтынын білсек игі, Ресей-Украина қақтығысынан сабақ алсақ абзал еді.

P.S. Патриотизмді зерттеп, одан напақа тауып жүрген мамандар болса, мақала авторының тек қылмыстық құқық саласының маманы ғана екендігін ескеріп, қазақстандық патриотизмді қазақ тілімен қабыстыратын құжат тауып берсе, алғысым шексіз болар еді.

Алмас ЖҰМАҒАЛИ,

Заң ғылымдарының кандидаты

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары