$ 447.4  477.55  4.76

Тәуелсіз елде тұрып тәуелсіздік туралы жиі айтамыз

Қазақ қазақ болып жаратылғалы атаусыз қалдырып көрмеген Наурыз – ұлттың қадір-қасиетке толы төл мерекесі. Тоталитарлық жүйенің мысы басып тұрған дәуірдің өзінде ата-әжелеріміз Наурыздың ұлттық мәніне терең бойлап, қарабайыр тіршіліктің өзін бауырмалдықтан тұратын ақжарылқап ниеті арқылы жақсылыққа ұластыратын.

Кетпен-күрек ұстап қана қоймай, күй шертіп, ән шырқаған шақтарда қазақтың ақындық шабыт-сезімі жер емшегін иітіп, төрт құбыланы түгел мерекеге бөлейтін. Ынтымақ-бірлікті қызыл тіл арқылы ғана сайрамай, бүкіл мән-мағынасын ділі арқылы жүрегінен өткізіп, жер-ана бетін қызыр шарлап тұрған керемет сезіністермен қауыштыратын серпілістер бүгін де қажет-ау. Тал отырғызып, бұлақ көзін ашып, ақ ішудің астарында сол өмірге құштарлық жатыр. Жарқын болашаққа, келісті келешекке деген сенім. Өнерге, оның ішінде, сөз өнеріне сол сеніміңіз, қолдауыңыз аса қажет болып тұрғаны хақ. Оқырман, көрерменмен арадағы нәзік байланыстың үзілгені өкінішті жайт. Бірақ бұл «сана сілкінісінің» алдындағы құбылыс деп түсінген жөн шығар. Тоты да таранады, жыланекеш жылан да түлейді емес пе?! Жаңа жыл ең біріншіден, рухани түлеумен астасып жататындай. «Жаңа жыл жаңа табыс алып келсін...», – деп басталатын тілектерді жиі еститін болдық. «Ақ мол болсын, уайым-қайғы жоқ болсын!» дейтін кісілердің ниетіне разы боласың.

Тәуелсіз елде тұрып Тәуелсіздік турасында сөз қозғау - көп проблема бар екенін аңғартатындай. «Азаттықтың ақ таңы» тұрақты сөз тіркесі құлаққа жағым­ды естілетіні несі екен?! Ата-бабамыз аң­саған азаттық, егемендікке де жеттік. Бостандық дегенде көз алдыңа аққан қан, төгілген жас келуі заңдылық деп біле­міз. Бірақ бостандықты бос сөзге балап, болашағымызды бұлыңғыр етіп суреттеп, елдігімізге сын көзбен қарай бастағанда өзіміз екені өзекті өртейді. Елімізде балалар және қарттар үйінің салынуы, ажырас­қан­дардың, зорлық-зомбылықтың көбеюі, адам өлімінің жиілеуі, бәрі-бәрі адамды алаңдатпай қоймайды. Қазақ қоғамында ауыл айтқыштары мен жетім-жесір, жоқ-жітікке көмектесетін ұрылар секілді феномендер де қазақтықпен бірге жер бетінен көше бастады. Өркениет өзімен бірге жа­ңа заң, жаңа құрылым алып келетінін аң­ғара алдық па? Экономикалық дамудың артында рухани деградация жатқанын да түсіну аса қиын болмаса керек. Рухани тәуелділік рухани жұтаңдықты тудырды. Иті өлсе көңіл сұрамағаны үшін ренжитін қазекемнің қазіргі психологиясы мүлде өзгере бастағандай. Өкпешілдік өзім­шіл­дік­ке, өктемдік өзгерушілікке, сенім секемге, достық қастыққа, ашу кекке, ке­ші­рімгершілік кесірлікке, бекемдік безінуге, адалдық арамдыққа, статика динамикаға, тыныштық хаосқа ұласып, біреу екін­шісін, екіншісі үшіншісін қозғап, бүгінгі ішкі көңіл-күйімізді бұзып отырған жайы бар. Бүгінгі қазаққа исламият философиядағы: «Жақыныңа жәрдемдес, жатты сыйла, туғаныңмен тату-тәтті бол...» деген ұстын­дар да өлшем болмай қалғандай. Рухани ахуалымыз осынша бұзылғанда Абайдың: «Адамзаттың бәрін, сүй бауырым деп...» дегені де жүректі қозғамайтындай көрінді. Тәуелсіздікті сырттай мойындау болға­ны­мен, оны іштей терең ұғыну аздау секілді. Сөйлеп тұрғанда жаныңдағы адам жөт­кі­рінсе сол жаққа қорқа-соқта қарайтын ұр­пақ пен еркіндікке бой ұрып, еркелігінен ерегіскісі келіп тұратын кертартпа психологиясы басым ұрпақтың арасындағы көпір қалай пайда болды? Біз сезінуден һәм сезуден, жалпы сезім атаулысын не екенін ұғудан қалып барады екенбіз. Соның салдарынан саяси тәуелсіздіктен рухани тәуелділікке қалай өтіп кеткенін байқамай қалған толқын туды. Тәуелсіздік­тің соншалықты қиын жолмен келгенін ұғынудың өзі – өсудің бір белгісі. Ұлт ба­лаң­­дығынан арылып, толысқан, толыққан елге айналу үшін әдебиет, ғылым, тарих, өнер сияқты кешенді дүниелерге оралуы керек сияқты. Рембрандтың әкесіне оралған өгей ұл туралы атақты картинасы да бүгінгі қазаққа жақындау болып тұр. Өскен ұлт қана өз өнерін, өз қаһарман­да­рын өгейсітпейді, керісінше қабыл алып, кемшіліктерін кешіреді деген ойдамыз. 
Адам-Ата мен Хау-Ана жаратылғалы бе­рі адамзат басынан сан қилы уақиғалар өткерді. Соғыс, дерт, ашаршылық, төңкеріс, рухани өсу, құлдырау, даму, кері кету... Ру, тайпа, қауым тарихтың қатал сүзгісінен өтіп, сұрыптала, іріктеле келе көпдиалектілі мемлекетке айналды. Әлем қанаушылар мен қаналушылар болып қақ жарылып, Ұлы топансу, Крест жорығы, әлем діндері­нің таралуынан кейін төрткүл дүние тағы дүр сілкінді. Жағрафиялық жаңалықтар, жаңа жерлер адам қиялына қанат бітірді. Элдорадоға сапар шегеміз деп шейіт болғандар санын анықтау қиын. Соған қа­ра­мастан мұхит асып, «мұңсыз өмір ке­шемін» дегендердің тауы шағылып, тауаны қайтты. «Кәрі құрлық» елдерінің (Еуропа) тілі, ділі, діні, мәдениеті, дүниетанымы эгзотикамен бітеқайнасуының арқасында үлкен гибрид пайда болды. Ағылшын кананирлері, испан конкистадорлары, португал анигтері, голланд версттары, француз коллонналары Азия, Австралия, Африка, Оңтүстік және Солтүстік Американы жаулауға кірісті. Америкадағы қара нәсілділердің қысым көруі расизмды тудырды. Адам және азаттық тақырыбы көтеріле бастады. Біздің бүгінгі шағын мақаламыз бостандық, тәуелсіздік, азат­тық секілді киелі ұғымдар турасында бол­мақ. Ұлтты ойсыздыққа жетелейтін жеңіл дүниелер тәуелділікті тудырады. Яғни дәл осындай бір негізі жоқ, сапасы сын көтер­мейтін, көркемдік атауы жоқ ойсыз нәрсе­лер­ге құмартатын, соны іздейтін топ пай­да болды. Ұлттың рухани меншігі санал­тын халық ауыз әдебиеті, тілі, ділі, әдет-ғұрпын келекеге айналдыру, мазақтау, елді күл­ді­ре­мін деп, өз қазағына сатқындық жасап, артынан қанжар салғанын қаншалықты ұғынуда екен олар?! Абай «бірі қан, бір май боп екі ұртың» деп күйіне келе: «Бет бергенде шырайың сондай жақсы, қайдан ғана бұзылды сартша сыртың» деуі сол кездегі қазекемнің рухани даму межесі, жеткен жері деуге келетіндей. Хакім аузынан: «Өздеріңді түзелер дей алмаймын» дейтін үкімді есту аса ауыр. Абай жасаған карикатура, Абай салған портрет осындай еді. «Қазақтың Абайдан бергі халіміз түзелді ме?» деген орынды сауал туады. Бү­гінгі қазақтың рухани портреті қан­дай? 
Жерұйықты, Отүкенді іздеу ұлтты ұлы мұ­ратқа жеткізудің, оның рухани кемел­денуінің символикасы. Асан бабамыз бен Көк Түріктер көксеген мекенді таптық, ол біздің еліміз. Ал жүректі менменшілдік билеп, өз қазағыңды өзекке теуіп, туға­ның­ды, бауырыңды, қажет десең әкеңді, шешеңді менсінбеуге айналған заманда біз рухани аштыққа душар болғанды­ғы­мыз­ды мойындауымыз керек. Бұл тығы­рық­тан қалай шығамыз? Негізден, тамырдан ажыратылып, ата дәстүрден алыстай бастағанымыз өз алдына, әдебиеттен қол үзудің салдарынан кезінде дүкендегі нанның өзін көркем тілмен сұрайтын ұлт ауызекі тілде сөйлей бастады. Адамды қа­лыптастырушы фактор – тіл екенін ес­кер­сек, әлемдегі барлық жаңалықты тіл арқылы қабылдайтынымыз тағы бар (уа­ғын­да әл-Фараби дәлелдеп кеткен). Елдегі рухани кеңістікті қалай бітейміз, жыртықты қалай жамаймыз? Жан тәнге бағынышты, ал жан рухтың ықпалында жүре­ді. Рух әлсіресе жан алдыңғы қатарға өтеді. Ал жанды кір шалған ба, таза ма, ол жағы адамды аса қызықтырмаса керек. Демек, рухы сөнген адам өлікке айналады. Біз көп дерек-дәйектерді экономикадан, саясаттан, табиғи қазба байлықтардан іздеу­ге дағдыланып алғанбыз. Бәзбір ауыздан шыққан: «Бәрі қаржыға тіреледісі!» түйін­сөз­ге айналғандай. Мысалды алыстан іздемей-ақ қояйық. Ыңғайы келгенде лизгинкасын билей кететін Қап тауының халықтарын ұстап тұрған бір-ақ нәрсе – рух. Ал рух мықты жерде ұлттың өзін-өзі сақ­тау түйсігі өте жоғары болатынын тарих дәлелдеп үлгерді. Сондай рух бізде де болды ғой. Ақтамбердінің:
Жауға шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айғайлап,
Дұшпаннан көрген қорлықтан,
Жалынды жүрек қан қайнап,
Ел-жұртты қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап, – 
деп келетін өлең жолында өр рух, батыр­лық, қайсарлық, турашылдық менмұндалап тұр. Сол кездегі толғау, арнауларды поэти­ка­лық шығарма емес, өмірдің шындығы, ұлт­қа бұлтартпас қызмет ету деп түсінесің. Отан деген киелі ұғымның ұлт жадынан өше бастауын немен түсіндіруге болады. Отаншылдық рухы 1986-дан кейін сөнген­дей әсер қалдырады. Өз елін әдемі вилла­лар­ға алмастырып, өз тегін ұмыта бастаған адамдар қазақ емес, не басқа емес, дүба­ра күй кешіп жатқандар қаншама...
Жамбылдың:
Мен бір биік бәйтерек,
Көкке бойым бойлаған.
Қармақты терең тамырым,
Жайылып жерді шарлаған, –
дей келе:
Бәйтерегім дегенім –
Жасым жүзді қармаған;
Тамырым терең дегенім –
Халқым ғой күшті қаулаған, –
деп жалғастырады. Жамбыл Жабаев өзі­нің осындай ұлты, ұрпағы бар екеніне мақ­таныш айтады. Қайткенде бәйтерек боламыз? Шайырдың қазаққа деген махаббатын біз неге жоғалтып алдық? Ма­хаб­бат тек жақсы дүниелерді еске салатынын ескерсек, бойымызда жамандықтың дендеп алғанын амалсыздан мойындауымыз қажет. Рухани кеселдің кесірінен қа­зақ өз тілін, өз мәдениетін, өз дәстүрін, өз әдебиетін насихаттап, жеке-дара ұлт екенін әлемге көрсете алмай жатыр. Көргеннен нәрсенің бәрін көшіріп алуға дағдыланып алдық. «Қазақ шығарған» немесе «Қазақстанда жасалған» деген тауар, зат, бренд бар ма? Жүректі ауыртатын да осы жайт. 
Мағжанның «Түсінде»:
Жарық сәуле, Айды, Күнді көрмеймін,
Жарты өлік, толық өмір сүрмеймін.
Қуанышты, азат жүрген халықтың
Не істегенін, не дегенін білмеймін, –
де­ген өлең жолдарын оқып отырып, жү­ре­гің сыздайды. Қазір ұлт үшін осындай құр­бандыққа барып, ел үшін ерлерше егіле аламыз ба? Қазақтың ұлы ұлдары секілді неге біз қазақты сүйе алмай жатырмыз? Осындай бір сұрақтар алдыңнан шығады. 
Адамзат тарихында азаттықтың орны алабөтен. Рухани азатпын, бостанмын, тәуелсізбін деп айтатындар сирек шығар. Толық тәуелсіз болу үшін қоғамнан жырақ, сопы болып өмір сүру керек. Бірақ ол кез­дің өзінде адам Құдайға тәуелсіз екенін түсінеді. Құдайға тәуелді екенін ұғынған адам, ұғынған ұлт дамудың артында қала­ды деп ойламаймыз. Дамудың өзі салыстырмалы нәрсе. Дамыған сайын кері кетіп бара жатқанымызды кім бай­қады? Кейде «Әлемдік өркениет» сөзі жа­сан­ды көрінеді. Папуа Жаңа-Гвинея, Тасмания, Меланезия, Полинезия, Тайти және Гавай аралдарындағы адамдардың мәдениеті, дүниетанымы, түсінігі Алла жаратқан кездегіден кейінгі кезеңді басынан өткер­ген-ді. Біз үшін «өркениеттің» деген қасаң ұғыммен уланғандар үшін олар жабайылар, тағылар, «дамыма­ған­дар», «артта қалғандар», «жаңа қазақтар», айтпақшы «мамбеттер», ал мәдениет үшін таптырмас факт. Бір сұрақ туындайды, сонда адам, адамзат, біз, сіз дамудың қай сатысындамыз? Саяси-экономикалық емес, рухани дамудың. Бір сәтке рухани тәуелсіздікті ұмытып кетсек немесе онсыз өмір сүрсек кімге айналар едік? Бұл сұрақ­қа әлі ешкім жауап таба алған жоқ. Өйт­кені, руханият жанның, керек десеңіз, тән­нің, адамның бір бөлшегі. Адамға ауа, су, күн қанша­лық­ты қажет болса, руханият та соншалықты керек. Руханият азаюы мүмкін, кемиді. Артады, бірақ оны өмірі­міз­ден алып тастай алмаймыз. 
Бүгіндері халықта ұлттық емес, мем­ле­кеттік психология басым. Ұлт игілігіне жарар дүниелер істеу ойымызда бар ма екен?! Мекемелер жекеменшік бола тұра салық төлеу арқылы қазынаға ақы төлеп тұруға болады ғой. Мемлекеттен бір тылсым, ғажап нәрсе күту, бір жағдай болса оты­рып алып өсек айту, билікті кінәлау ұлттың өскендігін көрсетеді деп айта алмаймыз. Капитализмнің негізгі шарты – жал­қылық. Бұл рухани емес, экономикалық жалқылық. Қолыңнан қандай іс келеді, соны жүзеге асыр. Бүгінгі формацияның уағыз­дайтыны осы. Уақыт өте келе адам да бұл кезеңнен өтіп, мүлде басқа бір даму деңгейіне түседі деп ойлаймын. Американ саясаттанушысы Фрэнсис Фукуяма капитализмды «ақырғы формация» деп белгіле­ген. Алғашқы қауымдық құрылым, феодализм, социализм, капитализм... Адамзат дәл осы бір даму сатысында қалып қояды дегенге сену қиындау. Өйт­кені, «ақырғы» (ақырзамандық) даму сатысына жету үшін Африка сияқты құрлық дамып, өркендеп, өсіп, одан кейін барып құлдырау керек. Дәл осы логиканы пай­даға асырар болсақ, онда капитализм соңғы формация емес. Яғни тәуелсіздік тақырыбы бұл жерде де өз күшін жояды дегенге сену қиын. Түзу ниеттен, жақсы ойдан, таза пейілден айы­рылмайықшы дегің келеді. Халықтың әде­биет пен мә­де­ниеттегі жаңа құбылыс­тар­ға селт етпеуі көңілге қорқыныш ұяла­тады. Осы орайда, рухани тәуелсіздікті жария­лаған күннен бастап біз дара, қай­та­лан­бас ұлтқа айналамыз!.. Осы жолда аянбай еңбек ету, ұрпақ тәрбиелеу, із қалдыру – әр арлы әрі саналы азаматтың бо­рышы. Руханияттағы үлкен төңкеріс, мәдениеттегі күрделі өзгерістің де ауылы алыс емес секілді. Тек болашаққа деген сенімді жоғалтпасақ болғаны!..

Әлібек БАЙБОЛ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары