Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаев Мемлекет басшысының латын әліпбиінің ескі нұсқасынан неліктен бас тартқаны туралы айтып берді.
Министрдің сөзінше латынға көшуге қатысты құрылған комиссия мүшелері арасында әліпбидің апострофты нұсқасына қатысты көптеген сұрақтары туындаған.
«Апострофқа қарап отырсақ, ол арнайы белгі және бөлінді бар. Бұлар өз кезегінде іздеу жүйесін қиындататып қана қоймай, қаржылық тұрғыдан да тиімсіз. Елбасы қоғамның пікіріне құлақ асты. Оның ішінде IT саласындағы мамандардың ойларын да тыңдады. Өздеріңіз білетіндей, қазір осы мәселе барлық маман иелерін алаңдатып отыр. Меніңше, жаңа нұсқа тиімді, жазуға да ыңғайлы, аса көп уақытыңды да алмайды. Бұл ең бастысы, Елбасының стратегиялық маңызы бар шешімді қабылдар кезде халықпен санасатынының айқын көрінісі», - деді министр.
Айта кететін жайт, бұған дейін латын әліпбиінің ескі нұсқасымен көше атаулары жазылып, шаш етектен қаражат жұмсалған болатын. Қоғамды алаңдатқан осы жайтқа қатысты Дәурен Абаев жауап берді.
«Менің білуімше, барлық көшелер өзгертілген жоқ, тек аз ғана бөлігі. Әрине, енді оларды жаңа әліпбиге сәйкес өзгерту қажет. Бірақ, бұл ақшаның босқа жұмсалғанын білдірмейді. Ал, банкноттар болса біртіндеп өзгеретін болады», - деді ол.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те жаңа әліпбиге сай жаңа «Әліппенің» шығарылатынын мәлімдеді.
«Сарапшылардың пікірін тыңдап, мұғалімдермен мектеп директорларының кеңесін ескере отырып, асықпай, ойланып жүзеге асыру қажет», - деді Сағадиев.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы латын әліпбиінің жаңа нұсқасын бекіткен болатын. Ол осымен 3 рет өзгеріске ұшырап отыр.