Өткен апта соңында мұнай экспорттаушы мемлекеттер ұйымының (ОПЕК) кезекті 168-ші отырысында мүше мемлекеттер мұнай өндіру көлемін 2011 жылдан бүгінге дейін ресми түрде бекітілген 30 млн/баррельден төмен түсірмейтін болып келісті. Ұйымның болжамынша, келер жылы өндіріс көлемі тәулігіне 1,3 млн/баррельге дейін ұлғаюы мүмкін. Иранға қарсы салынған санкция алынған жағдайда, аталмыш көрсеткіш арта түспек. 2009 жылғы дағдарыс кезінде ұйымнан шығып, мұнай тұтынушы мемлекетке айналған Индонезияның да келер жылдан бастап ұйымға оралуы мүмкін екені айтылуда.
Шикізатқа сұраныстың төмендегеніне қарамастан, мұнай экспорттаушы мемлекеттерінің өндіріс көлемін көбейтуі 2016 жылдан бастап шикізат сұранысының арту мүмкіндігі негіз болып отыр. ОПЕК мүшелерінің өткен аптадағы жиындарында мұнайдың келер жылы қанша көлемде өндіретіндері туралы сөз қозғамауы қара алтын экспортының осы деңгейде сақталатынын көрсетсе керек.
Бүгінгі таңда өндіру квотасының нарықтағы сұраныстан шамамен 1,5-2 млн/баррель көлемінде артық екенін экспорттаушы мемлекеттердің көпшілігі мойындап отыр. Дегенмен, ұйымға тиесілі 30 млн/баррельдің үштен бірін өндіретін Сауд Арабиясы, Иран мен өзге де экспорттаушы елдердің экспорт көлемін төмендету туралы талабына қарамастан, нарықтағы өз орнын бергісі жоқ. Венесуэла Президенті Николас Мадуро мүше мемлекеттердің барлығына өндіріс көлемін жаппай 5%-ға дейін төмендету туралы ұсынысын білдірді. Ал ұйымдағы бақылаушы мемлекет Ресей керісінше өндіріс көлемін арттыра түспек. Мысалға, келер жылы Ресей өндіріс көлемін 1,4 пайызға көбейтуді көздеп отыр. Ресей энергетика министрі Александр Новак жағдайдың нарыққа кері әсеріне қарамастан, аталмыш көрсеткішті ұлғайта беру керектігін мәлімдеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның мұнай өндіру көрсеткіші былтырғы деңгейде сақталып отыр. ҚР энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев 2016 жылдан бастап Қашағанның коммерциялық игеріле бастайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2020 жылға қарай аталмыш кен орнынан жылына 13 млн тонна қара алтын өндіріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, қазіргі таңда елдегі энергетикалық сала инвестор тарту тетіктерін пысықталып, бірқатар әлеуетті инвесторлармен келіссөздер басталып кеткен.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамынша, келер жылы ұсыныс артып, баға төмендеуі ықтимал. Халықаралық агенттіктер мен қаржы ұйымдары мұнай бағасының барреліне 50 доллардан жоғары көтерілмей, қазіргі шамада құбылатынын мәлімдесе, америкалық Goldman Sachs қаржы ұйымы өткен жұма күні келер жылдан бастап бәсекелестің күштілігінен мұнай бағасы барреліне 20 долларға дейін төмендеуі ықтимал екенін мәлімдеді.
Сейсенбіде ҚР Үкіметі мұнай бағасының 30 долларға төмендеген жағдайындағы республикалық бюджетті қалыптастыру жайын талқылады. Үкімет келер жылғы бюджетті мұнай бағасын 40 долларға, доллар құнын 300 теңгеге есептеп жоспарлаған болатын. Үкімет басшысының айтуынша, Бренд мұнайы 30 долларға түскен жағдайда ел экономикасы Ресей реакциясы мен макроэкономикалық ахуалды негізге алып қам жасамақ. Келер жылы Иран мен Венесуэла сынды алпауыт экспорттаушылар нарыққа кіретін болса және ОПЕК мүшелері экспорт көлемін азайту туралы өзара келісімге келе алмаса, қара алтын құны тағы да арзандамақ. Демек, ел үкіметін жыл басында тағы да республикалық бюджетті қайта қарау күтіп тұр деген сөз. Естеріңізге сала кетейік, бірер апта бұрын Ұлттық банк төрағасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында енді теңге курсына араласпай, толықтай еркін айналымға жіберетінін, алайда мұнай бағасы барреліне 40 доллардан төмендеген жағдайында, ұлттық валютаны девальвациялауға мәжбүр болатынын мәлімдеген еді. Ал өткен аптада ОПЕК жиынына дейін нарықтағы Бренд мұнайының төмендеуі байқалған. Нәтижесінде АҚШ доллары Ресей валютасына 68,26 рубльге жетсе, теңгеге шаққанда 308-ден асып кеткен болатын.
Айтпақшы, биылғы жылдың қазан айы соңындағы АҚШ Федералды Қор Жүйесінің жиналысында несиенің жылдық үстемақысының көтерілуі мүмкін екені айтылған болатын. Енді желтоқсанның ортасында болатын АҚШ бас банкирлерінің жиынында аталмыш пайыздық көрсеткіш көбейетін болса, доллар бағамы ұлғаймақ. Бұл өз кезегінде шикізат бағасына кері әсерін тигізбек. Федералды Қор Жүйесінің дәстүрлі мәлімдемесі жиыннан кейін үш аптада шығатыны белгілі. Егер, өткен жиындағы мәлімдемелері жүзеге асырып жатса, келер жылдан бастап шикізат пен доллар құнында айтарлықтай өзгерістер болмақ.
Соңғы екі айда 60-тан 40 долларға түскен қара алтын бағасы алдағы бір-екі жылда қалпына келе қоюы екіталай, тек 2017-2018 жылдары ғана аталмыш көрсеткіш 80 долларды маңайлауы мүмкін дейді Goldman Sachs сарапшылары.
Бауыржан МҰҚАНОВ