Әлемдік экономикада «қазынаның қаһары» деген үрейлі ұғым бар. Сол сияқты, жыраулар поэзиясында «...Осынша берген байлықты, көтеріп тұрар ма екенбіз?!» деп келетін жолдар ұшырасады. Осы «қазынаны қарғысына немесе қаһарына» ұшырау мен «байлықты көтеріп тұра алмаудың» төркіні өзара астасып жатқандай.
Нобель сыйлығының лауреаты, экономист ғалым Джозеф Штиглиц сонау 2003 жылы Қазақстанға келген сапарында орасан мол қазба байлықтың пайдасы ғана емес, қарғысы да қоса жүретіндігін айтып, көңілге қорқыныш ұялатып кетіпті. Ол Қазақстанды шетелге мұнай сатудың арқасында сұмдық табысқа кенеліп отырған және алдағы уақытта одан да көп пайда табатын елдердің қатарына жатқызды. Айтқаны айдай келді, Қазақстан мұнай экспорттаудың арқасында орасан зор пайдаға кенелді! Алайда, ғалымның сөзіне қарағанда, табиғи ресурстарға кеңірдегінен мелдектеп отырған елдердің көпшілігі қанша тыраштанса да, экономикасы дамудың даңғыл жолына түсіп кете алмайды екен. Яғни, «қазынаның қарғысына» ұшырау дегеніміздің өзі осы.
«Қазынаның қарғысына» ұшыраған елді қалай білуге болады? Оның мысалын алысқа бармай-ақ, өз елімізден көруге болады. Біріншіден, мұндай мемлекетте табиғи қазба байлықтардан түскен енші халыққа тең бөлінбеуі салдарынан елді әлеуметтік теңсіздік жайлайды. Ат төбеліндей қалталы топ пен қарапайым қауымның несібесі ала-құла болғандықтан, олардың материалдық өміріндегі алшақтық тым ұлғайып кетеді. Сондай-ақ, инфляция етек алады, жұмыссыздар көбейеді. Ең бастысы, ұзақ мерзімге жоспарланған экономикалық даму үрдісі тежеліп, сыбайлас жемқорлық белең алып, ақыр соңында мемлекеттік бағдарламалардың күлі көкке ұшуы ықтимал. Қазақстанда қол алынған бағдарламалардың бәрі тек сөз жүзінде қалғанын ішіңіз сезіп отырған болар.
Қысқасы, өзі бай бола тұра, халқы таз кепеш киіп отырған мемлекет — «қазынаның қаһарына» ұшыраған. Штиглицтің болжамынан кейін арада 10 жылға жетпейтін уақыт өтті, бүгінде Қазақстан экономикасы дәл сол дертке ұшырап отыр.
Ал, «қарғыстан» қалай құтылуға болады? Ол үшін пайдалы қазбаларды өндіруден түсетін табыс барынша тиімді кәдеге жаратылғаны жөн. Қазақстан сиқты экспортқа шектен тыс сенім арту табиғи байлықты тиімді барынша тиімді пайдалануға жатпайды. Шикізаттың сүбелі бөлігін халықтың өзі өңдеп, өзі тұтынып, өз қажетін өтеуге үйренуге тиіс. Мұның бәрін біз ойдан шығарып отырғанымыз жоқ, шетелдік ғалымның айтып кеткен кеңесі. Бірақ біз бертінге дейін тіс шұқығыштан бастап, темір тұлпарға дейін шетелден импорттап жатқан жайымыз бар. Тек соңғы жылдың бедерінде ғана «дағдарыстың» келгенін мойындап, «Отандық өнім» деген ұранды қолға алып, өз қатырымызды өзіміз қасуды қолға ал бастадық.
Шикізаттың шылауынан шыққысы келетін елдер мұнай секторымен тікелей байланысы жоқ салаларда жұмыс орындарын көптеп қалыптастырмайынша, «байлықтың қарғысынан» құтыла алмайды. Егер азаматтар басқа салалардан табыс көздерін табуға кіріссе, уақыт өте келе мұнай мен басқа да ресурстардың рөлі төмендеп, бара-бара мемлекеттің шикізатқа деген тәуелділіктен арылуына мүмкіндік туады.
«Қазынаның қарғысынан» құтылудың тағы бір шарты — құзырлы органдар пайдалы қазбалардан құйылған қаражат халықтың игілігіне жұмсалуын кірпік қақпай қадағалағаны жөн. Әйтпесе, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен қазына елдің экономикасын өркендетуге емес, сыбайлас жемқорлықтың «өркен жаюына» қызмет етеді.
– Табиғи ресурстардың экономиканың өзге секторларынан басты ерекшелігі, ол – бір емес, бірнеше ұрпақтың заңды несібесі. Сол себепті үкімет халыққа оның кәдеге жаратылу барысын қадағалап отыруға мүмкіндік тудыруға міндетті. Шикізатқа иек артқан экономикалық өсім тұрақты ма және оған ұзақ жыл сенім артуға бола ма? Бәлкім, ресурстар сарқылуға шақ қалғандықтан, оның қуанышы да ұзаққа созылмас?! Осының бәрін халық өзі қадағалауға тиіс. Мұндай жүйе әлемдік тәжірибеде кең таралған,– дейді ғалым.
«Қазынаның қаһары» — бәзбіреулердің ойлап тапқан ертегісі емес. Дүние жүзінде «қарғысқа» ұшыраған мемлекеттер толып жатыр. Мәселен, әлемдегі мұнай мен уран шикізаты, бағалы металдар мен асыл тастар ең көп шоғырланған елдердің бірі Нигерия күні бүгінге дейін кедейліктің қамытынан құтыла алған жоқ.
«Ауруын жасырған өледі» деген бар, Қазақстан билігі экономикалық ахуалдағы ауруын күні бүгінге дейін өзі мойындамай келді. Әйтпесе, шындықтың шет жағасын шетелден келген Штиглиц емес, өз азаматтарымыздың аузынан бірнеше жыл бұрын естуіміз керек болатын.
Нұртөре САМАРҚАН