$ 498.34  519.72  4.85

Енді ортақ валюта туралы «өсекке» нүкте қойыла ма?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық арна тілшілеріне берген бейресми сұхбаты қазақстандықтардың көңілін күпті еткен басты сұрақтың жауабын берді деп ойлаймыз.

Алдымен айтпағымыз, соңғы уақытта уытты тақырыпқа айналған Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ортақ валютасын айналымға шығаруға қатысты алып-қашпа сөздің қалай және кімнің аузынан шыққаны туралы. Жадымызды жаңғыртсақ, бұдан бір жылдан асатын мерзім бұрын Еуразиялық экономикалық одақ елдері Мемлекет басшыларының бас қосуы болған еді. Астанада. Ақордадағы осы ақылдасуынан кейін қоғамда қызу талқыға түсетін тақырыптың да тиегі ағытылып сала берді. Анығында, Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттері Президенттерінің кездесуінен кейін орыс елінің басшысы Владимир Путин шетін ой айтып қалған болатын.

- Ортақ экономикалық кеңістік аумағында біріңғай ақша айналымы жүйесін құру туралы айтатын уақыт жетті деп ойлаймын. Қазіргі жағдайға біз иық тіресе отырып жеттік, алдағы күндердегі қиындықтарға да қарсы күш біріктіре аламыз. Біз өз аймағымыздағы монетарлық саясатты үйлестіруіміз керек. Валюталық одақққа айналудың алғышарты дайын болды деп есептеймін, - деген Путиннің сөзінің астарында ЕАЭО елдерінің қаржы нарығында орын алуы ықтимал төтенше оқиғалардың сұлбасы да жатқандай еді.

Кремль басшысының осы сөзінен кейін орыстар тарапынан ақпараттық науқан басталып, оған қазақстандық санат та сүрен қоса жөнелді. Путиннің аузынан шыққан сөз, ЕАЭО елдерінің ұлттық валютасының «жаназасын» шығаруға дейін апарып, ғаламтор бетінде су жаңа ортақ ақшаның суреті де жария бола кетті. Қызығы сол, «Евраз» деп аталатын «валютаның» нобайы талантсыздау суретшінің сызбасы арқылы бір-ақ түнде таралып кеткенде, қазақ қоғамы демін ішіне тарта қалған еді. Бұл орынсыз әзілді таратушылардың пиғылында таза экономикалық ұстанымнан гөрі, ластау саяси аңсар жатқандай көрінді. Дәл осы пасық пиғыл қоғамның наразылығын тудырып, ұлттық валюта үстіне ортақ ақша енгізу – мемлекеттік Тәуелсіздіктен айырылу деген пікірді өршіте түсті.

Негізінде, өткен бір жыл бойына экономикалық одақ елдерінің бауырлас тұрғындары дәл осы сияқты ақпараттық «шабуылдарға» жиі ұшырап отырды... Ерінбегеннің бәрі «су жаңа ақша әне шығады, міне шығады...» деп екілене түсті. Әсіресе, әлеуметтік желі қолданушылардың ресейлік сегменті арасында арандатушылыққа бергісіз жазбалар өріп жүрді. Соның бір дәлелі мына төменгі сапасыз суреттер болатын...

   

  

Сонымен, Елбасының кешегі сұхбаты біздің қоғамдағы басты сұраққа жауап бере алды ма? Оқыңыз: «Біз қазір бүкіл дүниежүзінің мүшесі болып отырмыз. Экономикамыз ашық. Мынау ғаламдық байланыстың ішінде отырмыз. Ал енді теңгенің құны он мың, жиырма мың теңге бола ма, ол да экономикаға байланысты. Бұл мұнайдың, газдың басқа да біздің сыртқа сататын заттарымыздың бағасының жоғарлауына, төмендеуіне байланысты. Бізде де солай болады. Ресейдің рубліне біз байланыстымыз. Себебі біздің сауда-саттығымыз, базарымыз - Ресей. Сондықтан бұл қаражаттық қарекет. Қазіргі уақытта одақ аясында ортақ валюта құру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Одан еш қорқудың қажеті жоқ. Ол қорқатын мәселе тәуелсіздіктен айрылып қаламыз деген мәселе ғой. Еуразиялық одақта да біз оған ешқандай бағынбайтын боламыз. Тәуелсіздік күресіндегі ең басты құндылық - саяси тәуелсіздікті ешкімге беретін жағдайымыз жоқ. Ал мынаны істеп отырғанымыз экономикалық жағдай. Экономика болмаса ештеңе болмайды!!!» (Дереккөз: http://www.inform.kz/kaz/article/2849688 )

Деп келгенде, Назарбаевтың бұл жауабы Путиннің бір жыл бұрынғы сөзінің негізсіз айтылғанын айғақтайтыны рас. Алайда, бұл одақтастарымыздың, әсіресе Ресейдің ортақ ақша айналымы туралы ойды қайтып қаузамайтындығына кепілдік бер ме? Келешекте ЕАЭО елдері қаржы нарығындағы оқиғалардың өрбуі және осы одақтағы орыс тарапының басымдыққа ие болуы бәрібір біздің саяси қаупімізді сейілте алмайды. Тіпті, бұл сөз Назарбаевтан кейінгі кезеңде қатты айтыла бастауы да мүмкін. Өткенде Елбасының өзі «Келесі Президентке қиын болады...» дегенді астарлап айтқан еді... Сол қиын шешімнің бірі осы – ЕАЭО!

Жалпы, бұдан ары қарай қара аспанды төндіре берудің де реті жоқ шығар. Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы стратегиялық мақсаттардың қатарында ұлттық валютаның қуатын арттыру жайы баса айтылды. Ал, Қазақстан мүше болып отырған кез-келген ұйым, Елбасы айтқандай, экономикалық жағдайды жақсартудың жолы! Дәлеліміз сенімімізді арттыра түседі: «Тәуелсіздікке қатер төндіретін кез-келген ұйымнан бас тартамыз…» деген Елбасы сөзінен артығы бар ма?..

 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары