$ 443.35  475.54  4.82

ЖАЛАҢАШ ҚЫЗСЫЗ КИНО ӨТПЕЙ МЕ? Немесе «Аңшы, «Келін», «Құнанбайдың» ортақ нүктесі неде?

Қазір кинотеатрларда Марқұм Таласбек Әсемқұлов ағамыз сценариін жазып, Досхан Жолжақсынов режиссер болған «Құнанбай» көрсетіліп жатыр. Біріміз көріп, «көзайым» болсақ, келесіміз әлі үлгергеніміз жоқ.  Қысқасы, фильм патшалы Ресей бодандығы,  сол тұстағы халқының тұрмысы... «Қазағым» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей шарқ ұрған Құнанбайдың қайраткерлігін көрсетуді көздеген. Әсіресе, түрмедегі тергеу кезінде,  Кенесарыға  қатысты Құнанбайдың сөзі, Құнанбай мен Барақтың арасындағы диалог нағыз қазақтың мінезін көрсетуге құрылған.

Бірақ...

Бір қарын майды шіріту үшін бір ғана құмалақ жеткілікті... Біз бұл сөздің авторымыз да, соған шын мәнінде де көз жеткізген де халықпыз. 

Ендеше,

Тұтас 95 минуттық киноға мін келтіріп, сын тағып отырған небары санаулы секундтағы эпизод...

 «Түйе шешу»

Қазақта «болды», «болған жоқ» деп даурығысып кеттік. Киногерлер әйгілі суретші Хлудовтың «Мерекелік бәйге» картинасына сілтеме жасайды. Және ең сұлу жеті қыз-келіншек лыпасыз күйде тізгінделген ақ тайлақты тісімен шешіп алуға тиіс мұндай ойын түрі Құнанбай әкесі — Өскенбайға, Ерден Сандыбайға ас бергенде өтіпті-міс... Бірақ бұл, біріншіден тарихи факті емес. Және тіпті мейлі тарихымызда болған күннің өзінде Құнанбайдай қажы, ұлы Абайды тудырған тұлға жайлы киноның кіріспесін осындай көрініспен бастау кімге, неге қажет болды? Онсыз кино өтпес пе еді?

«Құнанбайға барайық»!        

Киноның көрермен жинай алмай жатқанын күн сайын ұялы телефонымызға келіп жатқан осындай мәтіндегі хабарлама дәлелдеп жатыр. «Құрметті қыздар, жігіттер, егер өз тарихымызға құрметпен қарар болсақ...дейді. Патриот қазақ жастарына ризамыз, дегенмен шындыққа тура қарайықшы.  Жақсы киноға көрерменді жалынып шақырған кімді көрдіңіз? Тек кино емес, жалпы жақсы туындыға жарнама қажет емес, жарнама ол – жақсы туындының өзі! «Жаужүрек» мың балаға біреу бізді күштеп апарды ма? Болмаса, кезінде «Қыз Жібектің» билеті өтпей қалды дегенді бір жерден құлағыңыз шалды ма? Кешіріңіз... мұнымен мен «Құнанбайды» даттап, жоққа шығарғым келіп тұрған жоқ. Шындық солай...

Бір бұл ғана емес...        

Жалпы, соңғы жылдары қазақ режиссерлерінде түсініксіз бір мінез байқалып жүр. Киноны өткізу үшін шоу жасау керек пе,  әйтеуір ә дегенде бір ерсі көрініс жалт ете түседі: Тұрсынов келінді тырдай жалаңаш шешіндірсе, Жолжақсынов қазақтың қыз-келіншектерін тізіп қойып, омырауларын ашып, түйе шешкізіп қойды. Қазақтың мұндайда өре түрегелетінін білмейді дей алмаймыз. Әлде дәп солай дүрлігу арқылы керісінше киноға керемет жарнама болады деді ме екен? Яғни, қазіргі қазақ заманға әбден жеңіліп, жалаңаш қыз көрсе, делебесі қозып, лек-легімен кинотеатрға ағылады дей ме? Әлде, режиссерлерге қазақтың көзқарасынан гөрі кинофестиваль маңызды ма? Себебі Серік Апырмовтың «Аңшысы» кезінде қазақтың қанша ызасын туғызса да, шетелде өткен бәйгелерде ұпай түгелденді емес пе? «Келін» де «Оскарға» үмітті фильмдердің тізіміне енді. «Құнанбай» да жетсін, бірақ мәселе оның қазақты қалай көрсеткенінде емес пе? Қазақты қазақ ету бар да, мазақ ету бар. Режиссерлеріміз соның қайсысын көбірек көздейді осы?

Ал, көрермен Құнанбайды өз биігінен көргісі келді...

Себебі әр қазақ Әуезовтің Абайды бүгінге қалдыру үшін Құнанбайды «құрбандыққа шалуға мәжбүр болғанын» іштей түсінетін. Бірақ әрқайсымыз «Тәуелсіздік алдық қой, ендеше қашан Құнанбай өз биігіне шығар екен?» деп сол бір тарихи сәтті көп күттік. Ал сөйткенде?...

     

                                                                                            Мәриям ӘБСАТТАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары