Қоғамның қарапайым мүшесін былай қойғанда, қалам ұстаған қауымның өзін ойландырып қоятын тіркестің қатарында «Қазақстанда 130 ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр...» деген сөйлемнің тұрғаны анық...
Негізінде, кісі баласын қажетіне қарай басқа ұрып санайтын заманда статистикалық дәлелге күмән келтіру артық та, бірақ, елдегі этностарға қатысты санақ нәтижесінің түбіне жетіп болдық деген маманды тағы кездестірмейсіз. Демек, Қазақстанның көп ұлтты мемлекет болып қала беруі белгілі бір талаптар деңгейінде қарастырылатын тарихи фактор болып келгені және әл-әзірге дейін солай болып отырғаны да жасырын емес. Бірақ, бұл факт кімге тиімді? Тұтас саяси жүйеге, бірегей атқарушы билікке әлде әлемдік қауымдастыққа ма?
...Сәл шегініс, қазақ даласындағы өзге этнос өкілдерінің есебін алудың алғашқы қадамы 1920 жылдары басталған екен. Сарғайған статистикалық цифрлар қазан төңкерісінен кейінгі Ұлы өлкеде отызға жетер – жетпес ұлыстың өкілі өмір сүргенін айтады. Бұл деректердің өзі дәйекті емес, өйткені бұл уақытта қазақ даласын тұтас қамтитындай есеп-қисап жүргізу мүмкіндігі жоқ-тын. Сол тұстағы Совет билігіне ұшқан құстың қанаты талатын аймақтағы адам әлеуетінің тынысын бағамдау былай тұрсын, ішкі Ресейдегі аштық пен азамат соғысының салдарын жоюдың өзі мұң еді... Екіншіден, бұл кезде қазақ даласы да қасіретке толы аласапырандарды басынан кешіп жатқан болатын.
Демек, қазір біздің басымызды қатырып отырған тарихи деректер бұрынғы патшалық Ресейдің отарлау саясатының жазба - жоспарынан алынған цифр болуы ықтимал. Тіптен, ондай болжам жасалған күннің өзінде зерттеу нүктесі ретінде ірі қалалардың бірі алынған болуы да ғажап емес. Мысалға, сауда мен өнеркәсіп орталықтары болып қалыптаса бастаған Семей мен Орынбордың өзі жеткілікті. Мейлі, бізді қызықтыратыны бұл да емес. Анығында, ХХ ғасырдың басында-ақ саяси жүйе, мейлі ол басы бір қазанға сыймайтын патшалық анархия мен пролетариаттық билік болсын, қазақ даласына қатысты ерекше сипаттағы саясат ұстауды мақсат тұтқан екен. Бұл үрдіс коммунизмнің қан шеңгелі сығымдала түскен жылдарда тіпті өршіген. Бертінгі деректер бойынша, Қазақ ССР-інде 1970 жылы – 114, ал 1986 жылы – 120 этнос өкілдері тұратындығы белгілі болған. Енді бұл жерден күмән іздей алмайсыз. Өйткені, соғыс жылдары мен сүргіннен кейінгі кезеңдегі халықтар достығының қарыштап дамуы, одан кейінгіде тың игеру, басқа да науқандардың көрігі қыза түскені белгілі. Осы тұста қазақтың есігі келімсектердің ешбірін екшемей енгізгені рас...
Жалпы, еліміздегі этностардың өсіп-өнуі мен мәдени-әлеуметтік сипатын сараптап, екшеп отыратын арнайы орталықтар жоқтың қасы. Болған күннің өзінде олардың жұмыстары баяғы ескі сүрлеумен келе жатқан болуы мүмкін. Тіпті, ұлтаралық сипаттағы зерттеу жұмыстары елтану, ұлттану, адамтану сияқты гуманитарлық бағыттан гөрі құқықтық-статистикалық талдау тұрғысынан жасалатын сияқты. Жаңылысуымыз мүмкін, әрине...
Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз, елімізде ұлттар мен ұлыстардың ортақ шаңырағы саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясы бар еді ғой, негізінде біз айтып отырған этностардың мәселесін зерттеу мен екшеу осы ұйымның басты міндеті. Бұл туралы алдағы бір тақырыпта тоқталуға уәде етеміз, өйткені биылғы жылы 20 жылдық мерейтойын атап өткен Ассамблеяның атақ-абыройын аз сөзге сиғызу ұяттау болар-ды!
Жә, дегенде қазір Қазақстан аумағын мекен еткен 8 этнос өкілдері: қазақтар, орыстар, украиндар, өзбектер, немістер, татарлар, ұйғырлар және беларустар біргіп, елдегі барлық ұлттардың 95,7 пайызын құрайды екен. Біз бұл деректерді тарих ғылымының докторы Айжамал Құдайбергенованың 2009 жылы жарық көрген мақаласынан алып отырмыз. Яғни, ел тұрғындарының басым бөлігі ретінде осы сегіз атаның баласын атап айта аламыз. Тарихшы келтірген талдауға сенсек, 1989 -1999 жылдар мен 1999 - 2009 жылдар арасында жоғарыда айтылған ұлт өкілдері арасынан қазақтардың, өзбектердің, ұйғырлар мен түріктердің үлес салмағы басқа халықтармен салыстырғанда өскені байқалған. Мәселен, осы кезеңде еліміздегі неміс диаспорасы 726 мың адамдық теріс сальдоны көрсетіп, азайған. Ал, 1989 -2009 жылдар аралығында орыс ұлты өкілдері 2192,3 мың адамға кемісе, белорустар, тиісінше 90,9 мың адамға азайған. Автордың мақаласынан тапқан тағы бір қызықты дерек: әуел бастағы саны жағынан аз болғанымен, ең өсімтал ұлт ретінде жергілікті түрік бауырларды атауға болады екен. Мысалы, олар 1989 - 2009 жылдар ішінде 81,8 пайызға көбейген.
Ескере кететін жайт, аталған ұлыстардың өсуі мен кемуі жайлы салыстармалы есептер 1989 жылғы халық санағында белгілі болған деректердің негізінде алынып отыр. Және бұл жердегі салыстыруға қазақ ұлтының өсімі қатыстырылмаған. Ал, аталған мерзім аралығында қазақтың қаншаға көбейгені туралы ақпарат қазір қол жетімді деп ойлаймыз...
Түйіндей келгенде, біз тақырыптағы сауалды басы ашық күйінде қалдыруды жөн көреміз. Өйткені, Қазақстанның көп ұлтты ел болып қалуы қазіргі таңдағы басты мәселе болып саналмаса керек. Жаханданған әлемдегі жаңа низамдардың шарты бойынша, түбінде ұлттық ерекшеліктер туралы ұстанымдар ортақ халықтық нышандарға біртіндеп құлаш ұратыны хақ. Біз қаласақ та, қаламасақ та бұл үрдіс қазір ғаламшарда басталып кетті...
Жалпы, жахандану үдерісіндегі халықтардың тұтасуы саны азшылық пен сапалық мықтылыққа емес, мәдени – тарихи негізінің тереңдігіне қарай жүретіні анық. Ендеше, бізге керегі өзге отандастарымыздың жалпы саны мен менталитеттік ерекшеліктері емес, тарихи мандатқа ие қазақ ұлтының рухани биік дәрежесі болса, кәні... Ал, ел тұрғындарының жалпы саны тұтынушы немесе дауыс беруші электорат ретінде ғана маңызды шығар?
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ.