2018 жылы Астанада құрылатын халықаралық қаржы орталығының басты мақсаты – инвестициялық климатты оңтайланыдырып, елге шет елдік қаржы құралдарын тарту. Сонымен қатар жекешелендіру аясында «Самұрық-Қазына» иелік ететін отандық бірқатар ірі компанияларды тікелей және IPO мен SPO аясында халықаралық қор нарығына шығару көзделген. Осы орайда Үкімет биыл көктемде «Астана халықаралық қаржы орталығы» туралы заң жобасын қабылдады. Аталған құжат бойынша шет елдік қаржы ұйымдары бірқатар жеңілдіктерге ие болмақ. Атап айтар болсақ, алғашқы он жылда ұжымдық және жеке бас табыс салығынан толықтай босатылу, шет елдік жұмыс күшін тартуда шектелмеу, кеңсені жалға беруде алғашқы екі жылда белгілі бір жеңілдік ұсыну мен тұрақты жұмыс істейтін тұлғаларға арнайы бес жылдық виза беру қарастырылған.
«Мәскеу халықаралық қаржы орталығын» алмастырушы
2011 жылы Ресей үкіметі «Мәскеу қаржы орталығын» өңірлік деңгейден халықаралық көлемдегні қаржы орталығы ретінде құру туралы бастама көтерді. Батыспен арадағы санкцияға дейін Ресей астанасында іскерлік-қаржы орталығы салынып, өз жұмысын бастап кеткен. Дегенмен, саяси текетірес нәтижесінде батыс қаржы ұйымдары жұмыстарын тоқтата бастады. Нәтижесінде қазіргі таңда «Мәскеу қаржы орталығы» жергілікті орта және ұсақ кәсіпорындардың кеңсесі қызметін ақтарудан әрі аса алмай отырғаны белгілі. Осы орайда «Астанада қаржы орталығын» құру идеясы орындалмай қалған «Мәскеу қаржы орталығының» орнын басушы ретінде қарауға болады. Бұл өз кезегінде «Дубай халықаралық қаржы орталығы» (ДХҚО) үлгісінде қолға алынбақ. Дубай демекші, 2004 жылы құрылған ДХҚО-ның осы уақыт аралығында әлемде алдыңғы қатарлы он қаржы орталығына айналуындағы себеп ретінде сарапшылар өңірдің жоғары экономикалық әлеуетімен қатар Араб әлемінде бұрын соңды ондай ауқымды алаңның қолға алынбауын атайды. Осы тұрғыда «Астана қаржы орталығы» халықаралық қаржы ұйымдары үшін 180 млн нарыққа ие Еуразиялық одақпен қатар ТМД елдерінің экономикасына ашылған есік болмақ.
Оффшорлық аймақ
Ресей сарапшыларының айтуынша, Астана қаржы орталығы құрылған жағдайда орыс компаниялары салықтан жалтару мақсатында Астана оффшорлық аймағына ағылуы мүмкін. Олай болған жағдайда Астана ресейлік компаниялар активтерінің іскерлік алаңына айналмақ. Дегенмен, «Еуразиялық даму банкінің» басқарма төрағасы Дмитрий Панкиннің айтуынша, мұндай қаржы орталықтарын оффшор деп айтуға болмайды. Себебі, Швецария секілді шет елдік капиталды қолында ұстаған мемлекеттер мен еркін аймақтар қазіргі таңда өзге елдердің бақылау органдарымен келісіп, тиісті ақпарат беріп жұмыс істеп отыр. Ал Астана қаржы орталығын оффшор дегеннен гөрі белгілі бір деңгейде жеңілдіктер ұсынатын алаң деп атаған орынды.
Экономикаға қосымша ауыртпалық
Бүгінде Ұлттық банк пен Үкімет мүшелері Астана қаржы орталығы елге инвестиция тарта отырып экономиканы гүлдендіретін құрал ретінде таныстыруда. Дегенмен, биылғы жылдың қорытындысы бойынша, шикізат құнының төмендеуі мен жалпы сұраныстың азаюына байланысты республика бюджетінің 40 пайызға азайғаны белгілі. Ал келесі жылы мұнай құны тағы түсетін болса, бұл көрсеткіш тағы ұлғаймақ. Осы орайда, экономика ғылымдарының докторы Меруерт Махмутованың айтуынша, салықтан босату мен арнайы режим енгізу экономикаға төнген тікелей қатер. Ал шикізат экпортымен күн көтерін Қазақстанның қосымша табысы жоқ. Мәскеу қаржы орталығының шет елдік инвесторлардан айырылып қалуындағы басты себеп саяси текетірес болғанымен, Ресей экономикасының жыл сайын 7 пайызға дейін құлдырауы мен инвляцияның жоғары көрсеткіші де халықаралық қаржы ұйымдарының жұмыс істеуіне қолайсыз климат қалыптастырды. ҚР Президенті келер жылғы инфляция көлемін 4 пайыздан асырмау туралы тапсырма бергенімен, бүгінде ол көрсеткіштің анағұрлым жоғары болатыны бәрімізге белгілі. Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз алған Ұлттық банк төрағасының өзі елді теңгенің 7-9 пайыз құнсызданатынын айтқан болатын. Осындай экономикалық ауыртпалықтар кезінде шет елдік қаржы ұйымдарының инвестиция құюға қызыға қоятыны екіталай. Оған қоса, Астана қаржы орталығын құру жобасының бюджетке қаншалықты шығын алып келетіні әлі айтылмай отыр.
Алматы тәжірибесі
2014 жылдың мамырында Астанада Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы келісімге қол қойылғанда үш елдің басшысы одақтың экономикадық орталығы Мәскеу беп бекітілсе, Алматы оның қаржы орталығы болатыны келісілген еді. Оған дейін де Алматы өңірлік деңгейдегі қаржы орталығы болады деп шешілген еді. 2010 жылы басталған бұл бастама Астана орталығының көлеңкесінде қалып отыр. Банктер мен ірі қаржы ұйымдарының Алматыда орналасуына қарамастан Астанада орталық құру қисынсыз екені анық. Оның үстіне Астана қаржы орталығын құру туралы заң жобасының Алматы өңірлік қаржы орталығы туралы заңнан айырмашылығы жоқ, дейді сарапшы Меруерт Махмутова.
Бауыржан Мұқанов