$ 494.87  520.65  4.91

Қазақ жастарын жазалаудан бас тартқан қырғыз сарбазы

«Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрған» қыршындай қыз-жігіттер алаңда арнайы әскери жасақтың саперлік күрекпен, тоқпақпен ұрып жыққан, итке талатқан, қақаған аязда өрт сөндіргіш көліктерден мұздай су шашқан қатыгездігіне тап болды. Қызыл империяның сұрқия сценарийі бойынша «нашақор, маскүнем, ұлтшыл, басбұзар» атанып шыға келген жастар әскерилер тарапынан айуандықпен басып жаншылды.

Бақайшығына дейін қаруланған әскерилерден көрген азаптары аз болғандай, «қоғамдық тәртіпті орнықтырушы интернационалистердің» қырағы назарына ілініп, түрмеге тоғытылды, оқудан, қызметтен қуылды. Одақ көлемінде тұңғыш рет сынақтан «сәтті өткен» «Метель» операциясы кезінде жастарды басып-жаншуда белсенділік танытып, биік марапатқа ие болғандардың қатары жетіп-артылады екен. Ерекше ерлігі үшін Қазақ КСР-і Ішкі істер министрлігінің 5 қызметкері «Қызыл жұлдыз» орденін кеуделеріне тағынған. Ол аз десеңіз, тағы 5 адам «Үздік еңбегі үшін», 6 адам «Ерен еңбегі үшін», медальдарымен марапатталған. ІІМ-нің 160 қызметкері және 28 халық жасақшысы «Қоғамдық тәртіпті қорғаудың үздік қызметі үшін» медалінің иегері атанып, «абырой» жиған. Қысқасы, талай тағдыр үшін трагедияға айналған Желтоқсан оқиғасы енді біреулердің омырауына орден-медаль болып, иығына кезектен тыс жұлдыз болып қадалды, сөресіне Мақтау грамотасы болып қонды.

Алайда, Желтоқсан оқиғасы кезінде мұздай қаруланған әскери жасақтың сапында болғаны үшін берілген марапатты тәрк етіп, жазықсыз құрбан болған жастардың рухынан кешірім сұраған жандар да бар. Солардың ішінде алғашқы болып Қырғызстан азаматы Талайбек Ылаев Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасынан бас тартты. 1986 жылдың желтоқсан айында ішкі істер әскерінің сапында Алматыда болған Талайбек Ылаев 1990 жылдың қазан айында алған мақтау қағазының сол жақ шекесіне «Мен мына бұйымды өздеріңізге қайтарамын. Себебі, ол менің үйімде сақтайтындай құнды емес. Мен өзімді фашист, мәңгүрт сезінгім келмейді», деп жазып тиісті мекемесіне салып жіберді.

Талайбек Ылаевтың осы әрекетінен кейін мұрты бұзылмай жатқан сеңге жарықшақ түсті. Бір «Қызыл жұлдыз» ордені, 1-«Ерен еңбегі үшін» медалі, «Қоғамдық тәртіпті қорғаудағы ерен еңбегі үшін» берілген 23 медаль, оннан астам мақтау қағазы қайтарылды.

  

Ұлт намысын ту етіп көтерген қыршындай ұл-қыздарымыздың ішінде Қайрат пен Ербол, Ләззат пен Сәбира жандарын құрбан етті. Өлім жазасына кесіліп, кейін жазасы жиырма жылға бас бостандығынан айырылсын деп өзгертілген Мырзағұл Әбдіқұлов сынды талай адам түрме дәмін татты. Оларды індетіп жүріп ізіне түскен кейбіреулердің сый-сияпат пен шен-шекпенге ие болғаны шындық. «Желтоқсанның мұзда жанған алауын» тұншықтыруға» ат салысқандар Талайбек Ылаевтың әрекетінен тағылым алса игі!

Нұртөре САМАРҚАН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары