Биыл Қазақстан халқы мемлекеттің 24-ші тәуелсіздік мерекесін атап өтті. 300 жыл патша үкіметінің езгісін көріп, 70 жыл КСРО боданында болған еліміздің осы уақыт ішінде бастан кешпеген азабы жоқ. Қатар келген екі бірдей ашаршылық пен Сталиннің репрессиясы бейресми деректер бойынша 4 миллиондай қазақтың өмірін жалмаған. Оған Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыста құрбан болған бабаларымызды қосып қойыңыз.
Әлемдегі ең ірі геноцид саналатын армяндар геноцидінде бас-аяғы 1-1,5 миллион адам қаза тапқан. Оны бүкіл әлем адамзатқа қарсы жасалған қылмыс деп мойындап, бағасын берді. Ал, қазаққа қарсы қолдан ұйымдастырған ашаршылықтың құрбандары одан екі есе көп. Алайда, біздің үкімет бұл тақырыпты үнемі айналып өтіп, тарихты қазбалағысы келмейді. Иә, онысын түсінеміз, империалистік амбициясы әлі басыла қоймаған көршімізбен «достық» қатынасты бұзғысы келмейтін болар. Алайда, тарихи шындықты қашанғы тұншықтырып отыра алады?! Бүгін болмаса ертең ақиқаттың айтылатыны анық.
Бұл өз алдына үлкен бір тақырып, біздің айтпағымыз ол емес, біз Тәуелсіздік күні мерекесін атап өту мәселесіне тоқталмақпыз.
Тәуелсіздік бізге ешқандай соғыссыз, қантөгіссіз келді деп жатамыз. Ол рас шығар, 1991 жылы КСРО құлап, оған мүше мемлекеттер бірінен соң бірі егемендіктерін жариялап жатты. Айналасындағыларға жарты жылдай жалтақтаған Қазақстан да желтоқсанның 16-да өзін тәуелсіз республика деп әлемге жар салды. Бірақ, бұған дейін қанша қазақтың қаны төгілгені баршаға мәлім. Бұл тәуелсіздік бабаларымыздың сол төгілген қанының, әжелеріміздің көз жасының қайтарымы, Алланың қазаққа берген сыйы деп білуіміз керек. Ендеше оның жауапкершілігінің қаншалықты ауыр екенін сезінген боларсыз.
Ал, енді осы Тәуелсіздік күні мерекесін біз қалай атап өтіп келеміз, соған тоқталсақ.
Қазақстанда Тәуелсіздік мерекесін нақты бір атап өту үлгісі, мерекенің қандай да бір нышаны жоқ. Бұл күні Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Ақорданың ресми сайты арқылы құттықтап, елде екі күндік демалыс жарияланады, бір күн бұрын Астанада өнер жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Әрі қарай бұл мейрамды әркім өз қалауынша атап өтіп жатады. Біреулер бабалардың әруағына құран бағыштаса, басқалары дастархан басында немесе серуендеу арқылы күнді өткізеді. Ал, ЖОО жатақханаларында неге екені белгісіз, студенттерді ертерек ауылдарына «қуып», кетпегендерін мұғалімдер мен коменданттар күзетумен болады.
Міне, бары осы. Қарап тұрсаңыз, бұл Қазақстан Республикасының №1 мерекесі болуы тиіс. Бірақ, атап өту деңгейі жағынан Мұхтар Шахановтың туған күні секілді: тек қоғам белсенділері ғана Алматыда бас қосып, «тіл», «отан» проблемаларын қозғайды және бабалардың әруағына құран бағыштайды. Билік пен күштік құрылымдар болса сырттан бақылап, осынау басқосулардың митингке ұласып кетпеуін қадағалайды.
Ал, біз Астана күнінде (6 шілде) қалай шашыламыз? Бұл мерекені бүкіл Қазақстан дүркіретіп өткізеді, Америка мен Еуропаның мен деген әншілері келіп, астаналықтарды қала күнімен құттықтайды. Жаңа жыл, Наурыз, Әйелдер күні мерекесі, Отан қорғаушылар күні, бәрі-бәрі атап өтуі жағынан Тәуелсіздік күнінен өте жоғары деңгейде.
Әсіресе, биылғы мереке билік тарапынан тым елеусіз өтті десек артық айтпаспыз. Өңірлерде мерекелік көңіл-күйдің де аса жоғары болмағаны сезілді. Әдетте, Жаңа жыл сайын телеарналар арқылы халықты құттықтап жататын өнер жұлдыздары мен қоғам қайраткерлерін бұл күні көгілдір экраннан көре алмадық. Тұрғындар тек, әлеуметтік желілер арқылы ғана бірін-бірі құттықтап, Тәуелсіздік алған күнімізді еске салып жатты.
Демек, Қазақстанға осынау мерекені атап өтудің өзіндік үлгісін қалыптастыру керек секілді. Мәселен, АҚШ өз Тәуелсіздік мерекесінде міндетті түрде әскери парад өткізіп, түнде елдің барлық штатында отшашулар атылады. Тұрғындары болса бір-бірінің үйіне қыдырып, мерекемен құттықтап жатады. Финляндияда Тәуелсіздік күні барлық үйдің терезесінде екі шамнан жағылуы тиіс, олардың бірі – көк, екіншісі ақ түсті (мемлекеттік тудың түсі). Сондай-ақ, бұл күні мемлекеттің астанасында әскери шеру өтеді. Ал, гректер таңертеңгі әскери парадтан кейін жаппай діни іс-шараларға қатысады. Халық түгел көшеге шығып, мерекелік көңіл-күйлерімен бөліседі.
Біз бүкіл әлем елдері Тәуелсіздік мерекесін жоғары деңгейде атап өтіп, бұл тұрғыда тек Қазақстан ғана өз үлгісін қалыптастырған жоқ деп айтудан аулақпыз, әрине. Дегенмен, егемендіктің қазаққа қандай жолмен келгенін баршамыз жақсы білеміз. Ендеше, неліктен Тәуелсіздік күнін бүкіл ел болып ұлықтамасқа?! Иә, отшашудың, шетелдік әншілердің қатысуымен болатын «жын-ойнақ» шоулардың керегі емес, әрине. Бірақ, осынау күнді қатардағы мейрамдардың бірі ретінде атап өте салуға тағы болмайды.
Біз бұл мақаланы үкіметті, билікті қаралау үшін жазып отырғанымыз жоқ, мақсатымыз жоғарыдағыларға – ой салу. Елбасы айтқандай, қиындықтар келеді-кетеді, ал елдігіміз, бірлігіміз мәңгі қалуы тиіс. Бірақ, бүгінгі билік жүргізіп отырған идеологияның шамасы оған жетеді ме, жоқ па... мәселе сонда.
Азамат Арғынұлы