$ 494.87  520.65  4.91

«...НАҚАҚ КӨЗДІҢ ЖАСЫ...» немесе өлгенді «риза қылу» мен «өкпелетудің» өлшемін білсек...

Қазақстанға бірінші рет қыдырып келген шетелдік турист бай адамның мазары мен өте кедей адамның үйін көріп таң қалып сұраса керек:  «почему у вас умершие круче чем живые?» деп. Сөйтсе әлгі кедей үйдің отағасы, «осыны да сұрақ деп» деп бір мырс етіп алыпты да, өз үйін көрсетіп «это - времянка», а тот – постоянка» депті керемет айшықталған бейітті нұсқап.

«Сөз тапқанға қолқа жоқ». Расында біз қай заманда болсын «өлі риза болмай тірі байымайды» деп алғашқы тапқан табысымызды алдымен ата-бабамыздың басын көтеріп, құлпытас қондыруға жұмсаймыз. Бұл дұрыс шығар. Бірақ бұрын ол соншалықты байқалмайтын ба еді, әлде қазір әл-ауқатымыз артқан соң бабалардың басына мазар тұрғызудан жарысқа түсіп кеттік пе, шыны керек, кей кездері алыстан келе жатқан қабірлер тұтас қала болып көрінеді. Қала емей не, бейіттер көше-көшеге бөлініп, арасында асфальт жол мен жарық тартылып тұрса... Отбасында бір адам қайтса, үйдің қалған адамдарына марқұмның қасынан жер алып қою жаппай үрдіске айналып жатқаны тағы бар...

Қабір басына құлпытас орнатушылардың өздері де «Біз жалданып, ақшаға мола тұрғызып береміз. Өзіміз қызығамыз. Үйімізде қолданбайтын құрылыс материалдарымен моланың басын безендіреміз. Енді ақшасы бар адамдар не істесе де өздері біледі. Мәрмармен көмкеріп мола тұрғызу үшін миллиондап ақша кетеді. Сонда да жасап жатыр. Тапсырыс беретіндер «басқалардан ерекше болатындай етіп, әдемі қылып жаса» дейді. Жалдамалы жұмысшы болған соң, ақшасына жасап береміз», – дейді.  

Жоғарыда анекдотқа айналған әңгімеде шетелдік туристің «өлісі тірісінен бай тұратын бұл қандай халық?» деп таңданатындайы бар. Себебі тірілердің мекені деген кей ауылдар ауызсуға жарымай, көшелерді афальттенбей, жарықсыз отыр. Ал, дәл сол ауыл іргесінде «өлілер ауылында» самаладай шам жарқырап, алыстан менмұндалап тұрады.

Дін саласының білімді мамандары, дінтанушы, теологтар «Шариғатта бұлар қаралмаған. Бірақ бұл кезінде біздің ата-бабамыздың дархандығымен, дәстүрімізге енген салт,  қанымызға әбден сіңіп кетен әдет. Емі жоқ ауру-ау. Себебі байлар байлығын шашып жатса,  жарлылар да тыраштанып, несие алып, жаназа намазын жасап, мола салып жатыр. Айтын айтқанмен,  ешкімге тосқауыл бола алмай отырмыз» дейді.

Мейлі, дәстүр ғой десек те, оның зияны тиіп жатыр ғой?

1.Халық несиеге батып жатыр;

2.Жыл сайын жер тарылып барады. Себебі бұрын салынғанына елу жыл болған ескі мазарды бұзатын болса, қазір оны қирату мүмкін емес. Ал, шариғатта уақыт өте халықтың, елдің игілігіне керек болатын болса, ол жерді көшіруге үкіметтік құқы бар. Дәл қазіргідей жағдайда болашақта бұл ахуалдың қалай болатынын болжау қиын...

Мұндай ысырапшылдық халықты діннен адастырып, тіпті әке-шешесінің мазарын тірі адамның үйіндей күзететін маман жалдап, жуып-шайғызып қоятындар да көбейіп барады...

«Байдың асын байғұс қызғаныптының» кері емес, біздің айтпағымыз, біріншіден шектен тыс ысырапшылдық, екіншіден, күш пен қаржыны дұрыс арнаға бағыттау.

Ал, жалпы алғанда, әр нәрсенің шегі, өз өлшемі болуға тиіс. «Басыңды тасқа ұрсаң да, өлгенге мойын бұрсаң да, өткен күн қайтып келмейді» деген орта ғасырлық Шығыс шайырларында үлкен мән бар. Яғни, біздің әлі күнге шикізат сатушы елден өндірісі дамыған өркениетті елге айнала алмауымыздың бір себебі осында жатқан секілді. Яғни, тым «өткеншіл» халықпыз. «Өткен ата-бабаларымыз» деп солармен мақтанып, батырлар мен хандарға ескерткіш қондыру, солардың мерейтойын өткізуден артыла алмай отырмыз. Арқаға мойын бұра берген адамның алға жылжи алмайтыны ақиқат қой? Біздің де қазір үстімізге қытай не түрік, қырғыз киімін киіп, өзгенің өндірген асын ішіп, неміс пен жапонның көлігін мініп, ұялы телефонын қолданып жүріп, «мықтымын» деуіміз күлкілі көрінетіні сөзсіз.

Біреу «өлілерге» беріп, енді біреу «алып» әуре...

Әлемде жыл сайын көне жәдігерлер ұрлығынан 6.3 млрд доллар таза табыс түседі екен. Мәселен, осыдан біраз жылдар бұрын Италияның полиция қызметкрелері Ежелгі Римге тиесілі 5 мың артефактінің жасырылған орнын тапқан. Табылған құнды жәдігерлердің арасында өрнектеліп, безендірілген вазалар, түрлі-түсті фрескалар, мүсіндер, сондай-ақ құны 50 млн доллар болатын сәнді зергерлік бұйымдар бар. Тергеудің болжамы бойынша, тонаушылар жәдігерлерді басқа елдерге сату үшін Швейцарияға әкеліп, осы жерге тыққан болуға тиісті.

Шетел ғой дейміз, бірақ бізде де бабалар мүлкін музейге емес, өз ауласына тасып жатқандар баршылық. Есік қорғанынан табылған «Алтын адам», Берел қорғаны мен одан қазып алынған обалар, Сарайшық, Сауран, Отырар сынды ортағасырлық қалалардың орны, тіпті барлығын тізіп айтып шығу мүмкін емес... Осы секілді жүз жыл беріде қалады, мыңжылдықтардың куәсі дерлік жәдігерлер кең байтақ даламызда жетерлік. Орта ғасырда күллі Шығыс жұртына әйгілі кітапханасы мен соған сай мәдениеті болған Отырардың өзі неге тұрады? Берел, Шілікті обалары кімді қызықтырмайды?Ал қазақ даласын мекен еткен ежелгі және орта ғасырдағы сақтардың, қарлұқтар мен оғыздардың астаналары ше? Тағы бір осындай тарихи мекен – Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының арасында жатқан Сауран қамалы. Бір қызығы, осылардан қазылып, аршылып алынған жәдігерлердің түпнұсқасы қайда? Қай музейге барсақ та, көретініміз тек көшірме! Түпнұсқасын сұрасаң, әркім әр қилы, алып-қашпа жауап қайырады. Бейресми дерек көздеріне сүйенсек, біздің еліміздегі жәдігерлердің 70-80 пайызы жеке коллекционерлер қолында жатқанға ұқсайды. Яғни, бай, бақуат адамдар халыққа тиесілі жауһар құндылықтарды ешкімнен тайсақтамай, өз жекеменшіктеріне өткізіп алған. Осы мақаланы жазуыма жеке поштама келіп түскен бір хат түрткі болды. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи музейінің мұңын, тіпті масқарасын жазыпты ол. Осы кесенеге қатысты қымбат жәдігерлердің жарты ғасырға жуық уақыт бойына қып-қызыл «саудаға» түсіп, бүгінде онда түк қалмағанын айтады. Әрине, түскен қаржы жекелеген адамдардың байлығын арттырып, олардың зәулім сарайлар салдырып, бүгінде еш жазаланбай, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ күн кешіп жатқанын ашына жазыпты.  

Ащы да болса, ақиқат! Тағы бір шындық, қазақ үшін өлшеусіз еңбек етіп, қыршынынан қиылған Шоқан бабамыздың басындағы құлпытасын ұрлап, диірменге айналдырған мына біздер емей, кім? Жә, ол бұрнағы кезде дерсіз, бірақ біреуге өтірік, біреуге шын, қазіргі кезде қалтасы қалың азаматтардың арасында таңбалы және балбал тастарды ұрлау үрдісі белең алғанға ұқсайды. Алматы облысы аумағындағы терең тарихымыздан шертетін таңбалы тастар бүгінде сондай талан-таражға түсіп, онсыз да бүтіндей алмай жатқан тарихымыз тоналып жатыр. Тарихтың мүлкін тонаушылар көбіне зәулім сарайларда тұратын бай-манаптар екен. Олай етудегі мақсаты – үйлерін музейге айналдырып, келімді-кетімді қонақтарына мақтану. Сақтардың тұсында, тіпті бәлкім одан да бұрынырақ өмір сүрген ата-бабаларымыздың ой-танымы, бастан кешкен тарихы ол заманда қағаз болмағандықтан, тастарға таңбаланғанын білеміз. Ондағы бедерленген бейнелер мен таңбалардың бірімен-бірі байланысып, бірін-бірі тлықтырып тұрғаны айтпаса да түсінікті жайт. Олай болса, өздерінен қанша заман кейін туатын ұрпақтарға айтып кеткен аталардың аманатына қиянат жасап, тозтозын шығарып, тонауға қалайша қолымыз барады? Елінің тарихын тонап, үйін мұражайға айналдырған бай, мырзаның тауығын ұрлап көріңізші, күніңіз не болар екен? Осындайларды естігеннен кейін хан сарайын дай үйлердің жанынан өтіп бара жатқанда, Сұлтанмахмұт ақынның «кесені қолыма алып қарай бердім, ішінде нақақ көзден жас бар ма деп» деген жыр жолдары еріксіз тіл ұшына келеді екен...

Мәриям ӘБСАТТАР

ФОТО: Voxpopuli

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары