Қазақстанның халық әртісі, атақты актер Қасым Жәкібаевты білгенімізбен, оның ұлы Азамат Жәкібаевтың тағдыры туралы хабардар адамдар некен-саяқ. КГБ-ның қылышынан қан тамып тұрған кезеңде атақты Желтоқсан оқиғасынан 8 жыл бұрын 18 жасар бозбала Кеңес билігіне қарсы шыққан.
Азамат Жәкібаев өзі өмір сүріп отырған қоғам – кеңестік империя халықты басыбүтін құлға айналдырады деп естептеді. Жұрт коммунистердің коммунизм орнатамыз деген утопиясына шын мәнісінде сене ме? Совет адамдары шын мәнісінде сондай қайырымды қоғамда өмір сүріп отыр ма? Осы тектес сауалдарға жауап іздеді.
– В капиталистическом обществе, по выражению коммунистов, царит величайшая несправедливость. То есть, один живет лучше другого. Да, это так. Но разве у нас в СССР живут одинаково?! Нет! Нет и нет! Министры, члены партий, известные деятели искусств, ученые и просто деловые люди живут отлично. Но есть и простые рабочие, они то живут значительно хуже, это факт жизненный. ...По этому я не верю в коммунизм, я его отвергаю...– деп үн қатқан жігітті тыңдар құлақ болмады. Керісінше, қоғам оны құрдымға итермелей түсті.
Төлепберген Болатбектің «Мәңгі жас –Алаш идеясы» атты зерттеу кітабында Азаматтың Кеңес билігіне қарсы жасаған әрекеттері жан-жақты баяндалған. Атап айтқанда, бозбала жігіт Алматыда тұрғын үйлердің пошта жәшіктері арқылы «Жойылсын кеңес үкімет!», «Азаттық, теңдік жасасын!» деген мәтіні бар үнпарақтар таратқан. Мұндай батыл қадам КГБ назарынан тыс қалуы мүмкін емес еді. Көп ұзамай, ноқтаға басы сыймаған азамат тұтқынға алынып, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторына топ ете түсті.
«Мәңгі жас –Алаш идеясы» атты еңбекте Азамат Жәкібаевқа қатысты қылмыстық істің құжаттары толық көрініс тапқан. Оған қарасаңыз, КГБ, прокуратура және сот орындары 18 жастағы бозбаладан соншалықты қауіптеніп, оны жоқ қылу үшін жанталасқанын көруге болады. Мәселен, Алматы қаласының прокуроры П.Дьчков қол қойған 1978 жылдың 26 қаңтарындағы қаулыда былай делінген: «... Алматы қаласындағы кеңестік мемлекет пен қоғамдық құрылысқа нұқсан келтіретін, алдын ала таратылған жалған мағыналы листовкалар тарату Қазақ КСР Қылмыс кодексінің 170-1-бабымен айыпталатынын ескеріп, Қазақ КСР Қылмыс кодексінің 5-83 және 87-баптарына сәйкес қаулы етемін:
Бұл осыдан бір аптадай бұрын – 20 қаңтарда Алматыдағы «Правда» көшесі бірінші үй кіреберісінен және 25 қаңтарда төртінші шағын ауданның төртінші үйінен табылған листовкаларға байланысты шығарылғын қаулы еді.
Үнпарақтар мазмұны сол кезең үшін төбеден жай түсіргендей «жат пиғылда» еді. Ал қазіргі көзқараспен салмақтасақ, жап-жас Азаматтың қызыл қоғамға сыймай, оның көлеңкелі тұстарын әбден тісқаққан саяси қайраткердей бағалауын феномен демеске лажың қалмайды. Міне, қарайық:
1.«Социализм жойылсын! Жасасын ерікті капитализм!
Коммунистердің ешбір сөзіне сенбеңіз, олар мәңгіге жойылсын!»
2.«Социализм жойылсын! Ерікті капитализм жасасын! Мен өз өмір жолымды таңдап алдым, сіздерге де жол болсын! Коммунистердің ешбір сөзіне сенбеңіз! Олар оңбағандар және екіжүзділер! Мағыналы ерікті қоғам – капитализм үшін күресіңдер! Коммунизм қоғамын тұрғызамыз деген КСРО-да маскүнемдік, азғындық көбейді. Коммунистер жойылсын!»
Қандай құдірет Азаматтың аузына осындай батыл, кесіп түсер өткір сөз салды? Мұны түсіну қиын. Бірақ факт – ол сол кездегі бетін бүркемелеген социализмнің шынайы бейнесін көре білді, әділетсіздікті сезінді. Соның бәрін өзінің жүрек сүзгісінен өткізіп, психологиялық тұрғыда талдауға шамасы келді. Капиталистік елдердегі тіршілік өңі түгіл түсіне кірмесе де оның артықшылықтарын тамаша түйсіне алды.
Әрине, біз бұл жерде Азамат Жәкібаевты елдің саяси көзқарасын оятқан жетекші деңгейінде көрсеткіміз келіп отырған жоқ. Бірақ солардан бірде кем емес әрекетке баруының өзі неге тұрады?!
Листовка таратқаны үшін әлдебіреулердің көрсетуімен қолға түсіп, үстінен Қазақ КСР Қылмыс кодексінің 170-1-бабы бойынша іс қозғалған Азамат Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Алматы облыстық басқармасында тергелді. Бірнеше тергеуден кейін ол жаңсақ қадам басқанын мойындауға мәжбүр болды. 1978 жылы 13 сәуір күні Азамат Жәкібаевтың ісі жабық сотта қаралып, оны психиатрия ауруханасына еркінен тыс, міндетті түрде емделуге жіберілсін деген қатаң үкім шығарылды. Сөйтіп, кеңестік заң «қауіпті» қылмыскерді Талғардағы тікенек сымды ауруханаға тығып, ақыры дәрімен улап бұл дүниемен қоштасуға мәжбүр етті...
Кеңес билігінің қанқұйлы әректеін әшкерелеген «Жансебіл» атты фильмде басты рөлді сомдаған Қасым Жәкібаев жат жерде жалғыз қалып, вокзалда:
– Абыралыға баратын кім бар?– деп аянышты күйге түсетін эпизоды бар. Өз елінде екі бірдей баласынан айырылған актердің тағдыры кинодағы кейіпкеріне ұқсайды. Азаматты құсталғаннан кейін көрдіңіз бе деген сауалға марқұм.
– Жоқ, көргем жоқ, мен барғам жоқ. Баруға болатын еді, бармадым. Барып, бір-екі ауыз сөз айту керек еді,– деп жауап берген бейнесі сақталыпты.
Азаматтың анасы, Қасым Жәкібаевтың жары Нұртай Жәкібаева:
– Немере сүйе алмадым-ау деген арманы болды. Сол жалғыз баланың тілеуін тіледік. Біреуінен ерте айырылып қалдық,– деп аһ ұрады.
1993 жылы 1 қарашада Жоғарғы сот істі қайта қарап, «Азамат Жәкібаевтың айыбы жоқтығынан қылмысты іс тоқтатылсын» деген қаулы шығарды. 18 жасар диссидент Азамат Жәкібаевтың тағдыры осылай өрілген.
Айзере САМАРҚАН