Малайзия әуе компаниясының MH17 ұшағының апатын зерттеп жүрген Халықаралық біріккен тергеу тобы (JIT - Joint Investigative Team) Украина шығысындағы сепаратистердің жаңа әңгімесін жариялады.
Топ зерттеулеріне сүйене отырып, өз-өзін жариялап алған «ДНР» мен «ЛНР» лидерлері ұшақ апаты алдында ресейлік шенеуніктермен байланыста болған деп болжайды. Топ MH17 ұшағы апаты бойынша қандай да бір дерек білетін адамдардан, куәгерлерден бар білетін ақпаратымен бөлісуге шақырды.
2014 жылғы шілдедегі әңгімеде өзін «Моңғол» деп атаған «ДНР» сепаратисі белгісіз адамдарға «аймаққа Ресей қорғаныс министрінің бұйрығымен бір топ адам келетінін» айтады. «Моңғолдың» сөзінше, «келетіндер» жергілікті бөлімшелерде командир болады.
JIT дерегінше, өзін «ДНР» премьер-министрі деп жариялаған Александр Бородай аннексияланған Қырым аймағының басшысы Сергей Аксеновпен және Ресей президенті Владимир Путиннің көмекшісі Владислав Сурковпен тілдескен. Зерттеу тобы Бородай Ресейден тапсырма алып отырған деп санайды. Жарияланған әңгімеде Бородай «тек Ресейдің ғана тапсырмаларын орындап, сол елдің мүддесін қорғайтынын» айтады.
Бұрынғы сепаратистер JIT өкілдеріне «Ресей қауіпсіздік қызметі (ФСБ) мен Ресей барлау қызметі (ГРУ) сепаратистер ісіне араласып отырғанын» айтқан. Олардың сөзінше, сепаратистердің өкілдері Мәскеуге жиі барып тұрған.
Зерттеу тобы өз дереккөзіне сілтеме жасап, «ДНР» өкілдері Ресейден қаржы алып отырғанын да айтады.
Ресей билігі JIT зерттеуіне қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.
2014 жылы 17 шілдеде Украинаның Донбасс аймағында Малайзияның MH17 ұшағын атып түсірген. Борттағы 298 адам мерт (193 голландиялық, 43 малайзиялық, 27 австралиялық және 4 бельгиялық) болған. Ұшақ Амстердамнан Куала-Лумпурға ұшып бара жатқан. 19 маусымда Нидерланды прокуратурасы малайзиялық ұшақтың апатына қатысты Ресейдің үш азаматын және Украинаның бір азаматына ресми түрде айып таққан. Олар: «ДНР» әскерінің бұрынғы жетекшісі Игорь Стрелков (негізгі фамилиясы – Гиркин), оның орынбасары Сергей Дубинский (лақап аты – Хмурый), Дубинскийдің көмекшілері Олег Пулатов (Гюрза) және Леонид Харченко (Крот).
Жазда Еуропа кеңесі Ресей билігін ұшақ апатына қатысы барын мойындауды сұраған. Ресми Мәскеу барлық айыптауды жоққа шығарады.
Дереккөз: Азаттық