$ 494.87  520.65  4.91

Қабатовтың «Көңілашары» еш күлдірмейді

Тұрсынбек Қабатов жүргізетін кезекті ойын-сауық бағдарламалардың бірі – «Қазақстан» арнасындағы «Көңілашар». Апта сайын төрт рет, түнгі сағат 11-ден аса эфирге шығады. Қабатовтың тапқыр әзілдерімен, әртістік қарым-қабілетімен көпшілікке ұнап жүргенін мойындауымыз қажет. Алайда, осы «Көңілашар» қазақ телевизиясындағы әзілдері сын көтермейтін, күлкіңді көтерудің орнына ашуыңа тиетін сапасыз бағдарлама деуге болады.

Алдымен, бағдарламаны жандыруға тиісті актерлерлердің ешқайсысы жандыра алмайды. Себебі, оларды актер дегеннен көрі, асаба деген дұрыс. Той-томалақтағы қызықсыз, анайы, дөрекі әзілдері күлкі үйірмейді. Бағдарлама жүргізшісінің өзі айтқандай, бұл жерге жиылғандардың ешқайсысы актерлік мамандық бітірмеген. Яғни, кәсіби маман емес, ел алдына шығып өнер көрсетпеген, әзілдері алдын ала кәсіби мамандардың сараптауынан өтпеген адамдарды шығара салатындай «Қазақстан» арнасының эфирі аркімнің аузынан келгенін айтып кете беретін жеріне айналған ба?

Бағдарламаға қазылық ететіндердің қатарында есімі салмақты, алған атақтарынан ат үркетін азаматтар бар. «Дарын» сыйлығының лауреаты Сайлау Қамиев, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы. Тұрсынбектің өзінің де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері деген атаққа ие болғаны белгілі. Бірақ осы дарындылар мен еңбек сіңіргендер республикалық арнаның эфирінде әр жерден келген асабалардың шалдыр-шатпақ, балдыр-батпақтарын тыңдап, мәз-майрам болып отырады. Сайлау Қамиев ҚР Халық әртісі Кәукен Кенжетаевтың алдын көріп, дәрісін тыңдаған актер. Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың сахнасында классикалық туындыларда салмақты рөлдерді сомдап жүрген адам. «Көңілашар» сияқты арзанқол бағдарламаға тұрақты қазылық етіп абыройын түсірмеуіне болар еді. Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин сөздің қадірін, салмақты әзілдің сырын бір адамдай білуге тиіс еді. Тұрсынбек бұрыннан КВН-де балалармен жұмыс істеп, сапасыз әзілдерге еті үйренген шығар. Өкінішке қарай «Көңілашар» Қабатов қатысқан бағдарламалардың ішіндегі ең сапасызы деуге тура келеді.  Қазылардың қатарынағы азаматтар «Жігіттер, мына әзілдерің өтпежі» деп бір ауыз ескерту жасамайды. Таусылмайтын мақтау, өтірік күлкі, сылап-сипай салады.

«Көңілашар» туралы білгіміз келіп «Қазақстан» арнасының сайтына қараған едік. Өндіруші компания «EsЕлБай продакшн» ЖШС деп бастап, бағдарламаға қатысты қысқаша ақпарат беріпті. Соңын:  «Бағдарламаның мақсаты – халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлай отырып, ел болашағы мен адами құндылықтарға қатысты ой тастау» деп қорытындылапты. Шынымызды айтсақ, «Көңілашардың» әзілдері емес,  «адами құнылықтарға қатысты ой тастаймыз» дегені әлдеқайда күлкілі көрінді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары