$ 494.87  520.65  4.91

«Біреуден туып ал, қызым!»

«Анам соңғы кездері күн сайын осылай айта беретін болды. «Жалғыз қалғанша, қартайғанда жаныңа серік болады» дейді. «Мама, менің әлі тұрмыс құруға мүмкіндігім бар ғой, неге асықтырасыз?» десем, «бір рет аузың күйді ғой, күйеуден қайран жоқ, одан да менің айтақанымды істе, әйтпесе уақытың өтіп кетеді» дейді. Жігітім бар, жасы менен кіші, сондықтан ба әзір үйленетін түрі жоқ. Не істерімді білмей басым қатып кетті...»

Оң жақта отырып жүкті болып қалу былай тұрсын, қыздың оғаш қылық танытып, орынсыз күлуінің өзі ар саналған санамыз ары кетсе бір ғасыр ішінде қалай төңкеріліп түсті? Кеше ғана «кірпікте арың байлаулы, кетпесін жас боп үзіліп» дейтін аналар, неге бүгін «қызым, күйеуге тимесең тиме, бірақ бала туып ал» дейтін болды?

Неге?

Өйткені, жоғарыдағы сөзді айтып отырған құрбым бұрын тұрмыста болған. Бірақ көп тұра алмай, ажырасып кетті. Себеп – күйеуінің тұрақты жұмысы болмауы, онымен тұрмай, ішіп келіп, күнде қол жұмсауы. Соңында мас боп келіп, аяғы ауыр келіншегін, өлімші етіп сабап, іштегі өз баласының ғұмырын өз қолымен үзген. Бірнеше күн дегенде беті әрең бері қараған қыздарын енді қайта қайын жұртына жіберуге сенбей, ауруханадан бірден өз үйлеріне бұрып әкеткен  әке-шешенің күйеу бала десе, шошитыны осыдан. Бұл бір себеп...

«Іскер әйел­дер­ ауруы»

«Өзі үшін бала туып алған» жалғызбасты аналардың арасында «бейшарасы» жоқ.  Көбісі көрікті, іскер, өз жағдайын өзі жасап алған. Олардың алға тартатын аргументі – «биосағат»...

Салтанат Байқошқарова, Президенті жанындағы отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі:

– Ресей ғалымдары бүгінде деген проблеманы қозғап жүр. Отбасын құрмай, қызмет деп жүрген әйел­дер, шынында, бір ел мен екінші ел ара­сын­да ұшып жүреді, басқасын айтпағанда, оның денсаулығы әр елдің уақыт ендігіне бейімделу барысында біршама өзге­ріс­тер­ге ұшырайды. Ол да әйелдің ағзасына, әсі­ресе өмірге бала әкелу функциясына кері әсер етеді. Жалпы, адам неғұрлым дүние тауып, жағдайымды дұрыстаймын деген сайын, соғұрлым адами бақытынан алыс­тай береді. Негізі, өмірдің жазыл­маған за­ңы солай, бір нәрсеге қол жеткізсе, екін­ші бір нәрсені жоғал­тады. Әсіресе өмірге ұрпақ әкелу деген мәселе дүниежүзі елдері үшін, соның ішінде біздің қазақ­қа да жыл санап проблемаға айна­лып барады. Балиғат жасына толған қыз-жігіттер от­ба­сын құруды кейінге ысырып, алды­мен жағ­дайым­ды дұ­рыс­тап алайын деген мақсатты қоятын болды. Бұрын орта шамамен қыздар – 21-23 жас­та, жігіттер 23-25 жас­та отба­сын құратын болса, қазір ол кемі үш жасқа өсіп, қыздар – 25-27, жігіттер 28-30 ға дейін жүреді. Ал адам – ең бірінші, биологиялық тірі жан. Содан кейін барып ол саналы түрде жан бағуға кірісуі керек. Ал қазір, керісінше, жастар керемет машина мінгісі келеді, жақсы үйде тұрғысы келеді, шетел­дер­ге шыққысы келеді, соның бәріне жету үшін көп ақша табуға уақытын құрбандыққа ша­лады. Артынан 38-40-қа келгенде ба­рып ұрпақты ойлап, бізге келеді, яғни «Эко­медке», жалпы дәрі­герлерге. Ал ол кезде ақшаға ұрпақ сатып ала алмайсың. Осыны жақсы түсіну керек. Адам өзінің өтіп кеткен уақытын, био­логиялық сағатын дүние­нің ешбір байлы­ғына сатып ала ал­майды, кері қайтара алмайды. Өкінішке қарай, біз осыны кеш түсін­іп жатамыз...

Құрбыма да анасының «біреуден туып ал» деуі де осы, яғни, «жарсыз болса да, жалғыз қалмаса» деген ой. Ондай ой үш ұйықтаса түсіне кірмес еді, егер қоғамда ондай жағдайларды көзбен көрмесе. Немересін ойнатуға барғанда қала саябағынан «өзім үшін туып алдым» деген келіншектерді бір емес, жиі ұшыратады ғой. Және олардың ішінде «бойдақ кезде таппаған жарды бала ойнатып, бала бақшаға апарып жүріп тауып алып» дейтіндер де жоқ емес. Яғни, өзі секілді бір рет аузы күйген, бұл күйеуінен ажырасса, ол әйелі қайтыс болып не ажырасқан, баласын бірақ өзіне алып қалған ер азамат. Солайша екі жарты бір бүтін боп шыға келгендер. Яғни, өмір әркімнің бақытын әр түрлі жолда жасырып қоятын секілді...

Бірақ...

«Хэппи энд» үнемі бола бермейді...

Яғни, «қартайғанда серік болады» деп тапқан жалғыз баласынан опа көрмейтіндер де бар. Көп жағдайда жалғызбасты аналардың өзі жемегенді жегізіп, өзі кимегенді кигізіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген баласы өмірге икемсіз боп ер жетеді. Ең әуелі бұл мәселенің басы есі кірген шақтан әсіресе ұл баланың «әкем кім?», «қайда жүр?» деген сұрақтарынан басталады. Өзі үшін туған ананың ол ретте ештеңе айтқысы келмейтіні, айтуға ұялатыны бар, сұрақ жауапсыз қалады. Солайша ол не «мамасының баласы» боп өседі, не әкесі жайлы айтпаған, әкеден қаққаны  үшін керісінше анасын жек көріп өсуі мүмкін. Нәтижесінде – бала өмірге өкпелеп, өзімшіл боп, ақырында қатігездігі сонша, жаман жолға түсіп не анасына қарамай кетуі де ғажап емес. Яғни, «өзі үшін бала туу» деген анау айтқандай тиімді әдіс емес. Мұның себебін саусақпен санап тауысу қиын, бірақ ең негізгілерін атар болсақ, әкесіз өскен балалар:

• Өз-өзіне қол жұмсауға жи ұшырайды
* Басқалардан қарағанда 35 есе жиі үйінен қашып кетеді
* Оқуын тастап кететіндер де 9 есе көп
* Есірткіге салынып кететіндер жиі ұшырасады
* Түрмеге түсетіндердің көбінің түп тамыры осы жалғызбасты аналардың балалары боп шығады екен...

Тоқ етері, «жалғыздықтан құтылу жолы – жарсыз да бала сүю» деген ойдан арылу керек. Себебі ш ариғат тұрғысынан бұл - мұсылманға жат әдет. Некесіз туған баланың екі дүниедегі тағдыры да оңай болмаса керек. Ол жайлы Қасиетті Құран Кәрімде сүрелер мен аяттар бар, сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистері де көп. Бұл бір, екіншіден, бала тағдыры – ойыншық емес. Ата-ананың күнәсі үшін бала өмір бойы зардап шекпеуі тиіс. Одан да, жетім бала асырап алған әлдеқайда сауаптырақ. Өзіме сырын ақтарып, ақыл сұраған құрбыма осылай дедім... Алайда, анасы құлақ етін жей-жей, ақыры дегеніне жете ме, жоқ құрбым ақылға сала ма, ендігісі өз қолында...

Мәриям ӘБСАТТАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары