$ 446.49  475.38  4.79

Қазақ әншілері шетелді бағындыруға неге құмар?

Қазақстандық шоу-бизнес, яки, той-бизнес әлемін «Ресейді бағындыру» деп аталатын елес кезіп жүргеніне көп жыл болды. Әсіресе, күні кеше ғана үлкен сахнаға көздері жәудіреп, тізелері дір-дір қағып шыққан жас жұлдыздар сол елге барып келсе болғаны, «Ресейдің шоу-бизнесін бағындырып жатырмын» деп жар салуға құмар. Өзге тұрмақ, өздерінің өнерлі жастарын оңайлықпен сахнаға жібермейтін, жыл сайын жаңадан жүз жұлдыз жанып, жүз жұлдыз өшетін ресейлік шоу-бизнес қазақ әншілерін маңайлатуы мүмкін бе?!

Мәселен, Димаш Құдайбергенов деген жас бірді-екілі шетелдік жарыстарда аты озғаннан кейін журналистерге сұхбат беріп, Ресей эстрадасын бағындырғым келеді депті.

– Ресей әншілерімен бір сахнада өлең айту бала кезден арманым болатын. Алдағы уақытта Ресей сахнасын бағындырғым келеді,– дейді ол. Қазақ эстрадасын бағындырып үлгермей жатып, Ресейді бағындырмақ.

Ормандай орыстың арасында жарқырап жанған өзге ұлт өкілдері жоқ емес. Бірақ олар орыс әншілеріне көшірме жасаудан аулақ. Керісінше, өзіндік ұлттық музыкасының бояуын қосып, стильдік жаңалық әкелуге тырысады. Ал қазақ эстрадасындағы «Ресейді бағындыру» ертегісіне елтіп жүрген Мақпал Исабекова тәрізділердің репертуарындағы әндерден қазақша ырғақ түгілі, шығыстық иірімнің нышанын таба аласыз ба?!

Мақпал Исабекова демекші, бірнеше жыл бұрын «Юрмалада» «көрермен көзайымына» айналғаннан кейін продюсерлері Мақпалдың Ресейді бағындыруға кіріскенін айта бастағаны бар-тын. Содан бергі аралықта өзгерген ештеңе жоқ. Иә, Мақпал туралы Алла Пугачеваның, Игорь Крутойдың еркесі екен деген алып-қашпа әңгімелер қаптады. Доминик Джокермен достасыпты, әйгілі «Руки вверх» тобының әншісі Сергей Жуковтың сүйіктісіне айналыпты-мыс. Бірақ мақпал орысша нан таба алмайтынын түсініп, қазір қазақша айтып жүр.

Айдамир Мугу есімді ұлты адыгей бозбала Ресейдің шоу-бизнесін дүр сілкіндіргенін жұрттың бәрі біледі. Оның «Черные глаза» деген әні радиостансалардың хит-шерулерінде бірнеше ай бойы топ жарды. Айдамир осы әннің арқасында Ресейдің барлық аймақтарын гастрольдік сапармен шарлап шықты. Бұл әннің сазының да, мәтінінің де керемет ештеңесі жоқ. Тіпті, оны жарнамалап бейнеклип те түсірілмеген. «Черные глаза» атты әннің жұрттың жүрегін жаулаған ең басты көзірі –адыгей халқының фольклорлық стиліне басымдық берілген. Тыңдаған адам тау халқының рухын сезініп, аузына қанжарын тістеп, тапырлап билеп кеткенін де сезбей қалады.

Осы Айдамир Мугудың өзі ешқандай кәсіби музыкалық білімі жоқ, «Черные глаза» әні шыққанға дейін жарытып ән де салмаған жігіт екен. Тіпті, халыққа танылғанға дейін жеке продюсері де болмапты. Жалғыз хит әнін достарының өтінішіне бола кездейсоқ жазған. Қысқасы, Айдамир Мугуды ондаған миллион тыңдарманның сүйіктісіне айналдырған адыгей халқының фольклорлық стилі.

Сонау бір жылдары Алла Пугачеваның жұлдыздарды инкубатордан шыққандай түлететін «Фабрика звезд» атты байқауында жыл сайын міндетті түрде ұлты бөтен бір әнші жүлдегер атанатын. Ол Ираклий Пирцхвала, ол «Шоколадный заяц» – Пьер Нарцисс, ол шығыс шауһары – Согдиана... Беларусь Дима Колдун туралы айтпай-ақ қояйық, қанша дегенмен, орыспен тегі бір славьян ұлысынан ғой. Осылардың әрқайсының шығармашылығы өзінің ұлттық музыкасының элементтерімен ерекшеленеді.

Қысқасы, қазіргі қазақстандық әншілердің «Ресейді бағындырамыз» деп жанталасып жүргені орындалмас арман сияқты. Орыстың арзанқол әншілерін айнытпай қайталап, пародия салғанға ресейлік шоу-бизнес есігін айқара ашпайды. орыстарды өз мәдениетін құрметтейтіндер ғана мойындатады. Орыстарға орысша айтып кім таңғалдырмақ? Олай болса, біздікілер орыс әншілеріне еліктеп-солықтаса да, ешкімді ешқашан таңғалдыра алмақ емес. Әнбаяндарын насихаттау үшін телеарналарға қыруар қаржы құйып, радиостансаларға шығынданғаны бәрібір далаға кетпек.

Айбын АҚПАТША

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары