$ 494.87  520.65  4.91

Дағдарыс де-фактосы: бәсеке, баға және нан-пеш туралы

Есімізден шықпаса, өткен жылдың соңына қарай Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин 2017 жылдан бастап елімізде бағаны реттеу болмайтындығын айтқан еді.

Өкінішке қарай, отандық  экономистер бұл жаңалыққа аса қызығушылық танытпай қалды. Ал, бағаны мемлекеттік тұрғыдан реттеуден бас тарту... ішкі нарығы қорғалмаған ел үшін тәуекелді қадам болып табылады. Оның үстіне бағаны еркін «жүзуге» жіберу қазірден басталып кетті. «2017 жылғы 1 қаңтардан бастап, арнайы өтпелі кезең береміз. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап, доминанттар тізілімінде жоғары шоғырландырылған нарықтарды ғана қалдырамыз. Бұл - бәсекелестігі жеткілікті дамымаған өте жоғары шоғырланған нарық. Ал, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап, бағаны еркіндікке жібереміз, бірақ оны күллі әлемде қолданылып жүрген монополияға қарсы реттеу аспабымен алмастырмыз. Яғни, біз баға бойынша сөз байласқан, үстем жағдайды теріс пайдаланған, монополиялық жоғары баға белгілеген жағдайлар үшін жазалайтын боламыз. Бұл өте күрделі жұмыс, десек те күллі әлем осы бағытта әрекет етіп отыр» деген еді С. Жұманғарин. Бәсекелестік бойынша бас арбитр болып табылатын агенттік төрағасының сөзінен бағаны реттеуде тек монополияға қарсы тетіктер ғана басты назарға алынғандығын байқауға болады. Өте дұрыс! Өйткені, өндірген өніміне ойындағы бағаны қойып, өзара  ымыраласу арқылы пайдаға кенелуді көздейтін компаниялар көп бізде. Олар үшін баға мен бәсеке саясаты, әлеуметтік жауапкершілік ұғымы екінші орында тұратын да рас. Бар көрген – баққаны бұқараның есебінен баю болып кеткендерді тәубасына түсіріп отыру керек. Бірақ, осы жерден мәселенің екінші жағы шығады. Мәселен, тауар құнының нарықтағы бәсекелестікке жеткенге дейінгі бағасын кім реттейді? Өндіруші, әрине! Ал, өнім иесі бұлдап сатқысы келетін өніміне тұтыну нарығындағы сұранысты ояту үшін не істеуі керек? Жарнама... жоқ, біздіңше бағаның қол жетімділігі! Жалпы, монополияға қарсы бағытталған әрекеттің өзі нарыққа жол тартқан тауар бағасының қол жетімділігін қамтамасыз ету еді ғой. Ендеше, дәл қазіргі жағдайда бағаны реттеуден бас тарту –  отандық өнім өндірушілердің қамын ойлаудан бұрын, инфляциялық таргеттеу амалы ғана болып шықпай ма? Әсілі, Үкімет бағаны, салықты, тарифті, басқа да міндетті төлемдерді көтерген кезде ең алдымен өндірушілердің мүддесін көздеуі тиіс емес пе еді? Өкініштісі, бұл әрекет байқалмайды.

Жалпы, нарықтың құбылуы тұтынушы қолындағы нақты ақшаға мөлшерленуі тиіс болатын. Бірақ, біздегі бағаны реттеуден бас тарту - тұтынушының табысын жұту болып көрініс тауып отыр. Бұл әрекеттің ең қауіпті жағы: ертең отандық өнім өндірушілердің жаппай құлауына әкелуі мүмкін. Халық қолындағы ақшасы жеткенше қажетті өнімді тұтынатыны анық. Бірақ, қашанға дейін? Құбылып қымбаттай берген тауарға сұраныс төмендейді. Әсіресе, күнделікті сұранысқа ие тауардың сатылымы азаяды.

Мысалға, нан өнімдері...

Бұрын тұрғындар тек бөлке нан ғана емес, тәтті тоқаш, кепкен, қатырма нан сияқты өнімдерді жиі сатып алатын болса, соңғы 3-4 айда бұл тұтыным азайған. Тиісінше, табысты болып келген нан өнімдерін өндіру бизнесі қиындыққа тап болуда. Алды, жабылып жатыр наубайханалардың! Ал, бұл дегеніңіз адамдардың жұмыссыздығы мен салықтық төлемдердің тоқтатылуы деген сөз... Демек, Үкімет нан бағасын еркін айналымға жіберу арқылы өндірушінің табысын еселеуге емес, айналымдағы тауарының өтпей қалуына жағдай жасаған болып шықпай ма?

Бір қарағанда бұл жағдай өндірушілерге сабақ болуы тиіс. Енді олар баға саясатын Үкімет бекіткен тізімге сай емес, тұтынушының қалтасындағы ақшаға қарап бекіткені абзал. Болмаса, сөрелердегі самсып тұрған дайын өнімнің сасып, шіри беретін анық.

Айтпақшы, осының бәріне «кінәлі» бұқараның төлем қабілетінің күрт төмендеуі екендігін де ұмытпағанымыз дұрыс шығар. Ал, бұқараның төлем қабілетінің неліктен төмендеп кеткенін келесі жолы түсіндіреміз.

Сондай-ақ, барлық саладағы бағаның өсуі қарапайым адамдардың нарыққа бейімделуіне оң ықпал етуде. Адамдар үнемдеуді үйреніп қана қоймай, ұмыт бола бастаған дене еңбегіне де орала бастаған сыңайлы. Мәселен, бұрын күніге 2 – 3 бөлке нан сатып алып отырған келіншектер қазір үй жағдайында нан пісіруге көшкен. Біздің ұн саудасымен айналысатын танысымыз айтады: «Былтырғы жылдың қараша-желтоқсан айларында қаптағы ұн сатып алушылар көбейді...» деп. Ал, базарда тұрмыстық техника сататын тағы бір досымыздың хабарлауынша, дәл сол мерзімде нан пісіруге арналған ток пештерді сатып алушылар да өсіпті...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары