$ 494.87  520.65  4.91

«Азия Инфрақұрылым Инвестиция Банкі» өңірді дағдарыстан алып шыға ма?

Өткен аптада ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Сенатқа «Азия Инфрақұрылым Инвестиция Банкі (АИИБ) келісімінің баптарын ратификациялау туралы» Заң жобасын ұсынды. Министр аталмыш құжатты бекіте отырып Қазақстан Азия мемлекеттерінің капиталын тартуда жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізетінін мәлімдеді.

Жалпы, Азия Инфрақұрылым Инвестиция Банкінің жарғылық капиталы 100 млрд долларды құрайды. Соның ішінде Банк капиталының 75%-ы Азия елдеріне тиесілі болса, 25%-ы өңірлік емес мүшелердің үлесінде. Штаб-пәтері Бейжің қаласында орналасатын Банктің қазірде үлескерлер саны 57 ел. Басты акционерлері Қытай (29.78%), Үндістан (8.37%) және Ресей (6.54%). Одан бөлек, Германия, Оңтүстік Корея, Австралия, Франция, Индонезия, Бразилия, Британияның үлестері тиісінше 3.05 % -4.48% аралығында. 

2013 жылдың қазан айында осынау жаңа қаржы институтын құру мәселесі көтеріліп жатқан кезде-ақ Қытай президенті Си Цзиньпин Азия Инфрақұрылым Инвестиция Банкінің Азиядағы инфрақұрылымды, соның ішінде жол, электр желілері мен рельстерді қаржыландыруды басты мақсат ететін көпұлтты қаржы ұйымы болатынын мәлімдеген еді. Осылайша өңірдегі кедейлікпен күресе отырып, Қытай бастаған өңір елдері Азияны әлемдегі ең басты капиталға ие қаржылық орталық етуді көздейді. 

АҚШ Қытай ықпалының артуына алаңдаулы 

Американың ақпарат құралдары АИИБ құрылуын Қытайдың жалғыз өзі Дүниежүзілік Банкке бәсекелес банк құрды деп бағалауда. Мәселен, The New York Times басылымы АИИБ-нің құрылуын халықаралық капитал айналымындағы тарихи оқиға ретінде сипаттай келе, Қытайдың жалғыз өзі әлемдік банк құрғанын және Вашингтонның іштей қарсылығына қарамастан, аталған банктің Американың жақын одақтастарын, соның ішінде Британияны да өз құрамына тартып алғанын айтады. 

Қазірде ресми Вашингтон әне-міне жұмысқа кіріскелі жатқан алпауыт банктің әлемдегі, тіпті өңірдегі ықпалын азайтуға бар күшін салуда. Ақ үйдің айтар уәжі әдеттегідей: «Қытай әлемдегі белгіленген макроэкономикалық нормаларды айналып өтіп, өзінің тәртібін орнату үшін осындай қадамға барып отыр. Азия Инфрақұрылым Инвестиция Банкі халықаралық талаптарды сақтамай жұмыс істейтін болады. Нәтижесінде өңірде экологиялық нормалар сақталмай, адам құқығы аяққа тапталып, батыстың белгілеген жемқорлыққа қарсы шаралары елеусіз қалады», дейді Обама әкімшілігі. 

Сонымен қатар қазірден бастап Ақ үй  Қытай үкіметін «АИИБ капиталының тұрақсыз немесе уақытша билік өкілдерін қаржыландырады және ауылдық жерлердегі азаматтадың өтемақысын тиісті деңгейде төлемейді» деп алдын ала айыптап отыр. 

Ал бірқатар тәуелсіз сарапшылар мен Конгресс мүшелері АҚШ Қытайдың Азиядағы ықпалын азайтқысы келсе, жаңадан құрылып жатқан банктің үлескері болып кіруі тиіс деген ұсыныстарын жасырған жоқ. 

Қалай болғанда да, Азия Инфрақұрылым Инвестиция Банкі Азиядағы халықаралық банк болып қана қоймай, сонымен қатар өткен жылдың соңында Халықаралық Валюта Қорының ресми валютасының біріне айналған юаньнің де ықпалын арттырып, долларды шеттете түспек.

АИИБ Қазақстан экономикасына не береді?

Дағдарыс кезінде шет елдік тікелей инвестиция мен қаржы ұйымдарынан тартылатын қаражаттың артықтық етпейтіні рас. Дегенмен, Қытайдың Орта Азия мемлекеттеріне тым жақындап кеткенінен саяси астар іздейтіндер де жоқ емес. Өткен жылдың соңындағы Жапония үкімет басшысы Синдзо Абенің Орта Азия елдеріне жасаған мемлекеттік сапарын бірқатар сарапшылар күн шығыс елінің Орта Азиядағы Қытай ықпалын азайту шаралары ретінде бағалайды. Алайда, Синдзо Абенің Қазақстанда бітірген бар шаруасы уран өндірісі саласынан ары аспады.  

Негізгі басымдылық беретін салалары жол мен түрлі инфрақұрылымдық жобалар екенін ескерсек, Еуропа мен Қытай арасында маңызды географиялық орынға ие Қазақстан үшін жобаның берері мол. Министр Ерболат Досаевтың айтуынша, банкті құрудың негізгі мақсаты инфрақұрылымға және басқа да өндірістік объектілерге инвестициялау жолымен  экономикалық дамуға және Азиядағы инфрақұрылымның өзара іс-қимылын жақсартуға жәрдемдесу болып табылады. Банк капиталы негізінен энергетика, көлік, логистика, қалалық және ауылдық инфрақұрылым салаларына бағытталмақ. Азия Инфрақұрылым Инвестиция Банкі инфрақұрылымдық жобаларға ұзақ мерзімді және қолайлы несиелік ресурстард тартуға мүмкіндік беретінін, бұл экономиканың дамуына және Азиядағы өңірлік интеграция деңгейін арттыруға пайдалы екені айтылуда. 

Банк капиталының бөлінуіне сәйкес Қазақстанның Банк капиталындағы жалпы үлесі 729,3 миллион АҚШ долларын немесе 0,7 %-ды құрайды. Төленетін капитал 145,9 миллион АҚШ долларын құрап, ол 5 траншпен 29,2 миллион АҚШ доллары мөлшерінде жыл сайын төленбек.

Бауыржан Мұқанов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары