$ 444.22  476.38  4.82

«ҚҰТЫРҒАН ҚЫЗДАН» «ОТЫРҒАН ҚЫЗ» ЖАҚСЫ...

Бейнелеп айтсақ, бұлардың бірі – қоғам қарияның үлкен қызы, екіншісі – кенже қызындай. Екеуінің де жағдайы мәз емес, бірақ салыстырмалы түрде алғанда, «үлкен қыз» «кіші қыздан» әлдеқайда биік. Неге дейсіз бе?

1. Себебі ол кішкентай кезінде сабақты үздік оқып, бірінші орынға білімді қойды;

2. Өйтетін себебі ол туғанда ата-анасы жас еді, заман  болса 90-жылдардың тоқырауы. Ата-ана бел жазбай еңбек еткенін қайтейік, бірақ айлап жалақы жоқ. Күнде қара нан мен шайға қарын тойса, соған қуанатын. Қазіргідей күнде киім алу деген ұғым үлкен қыздың санасына кіріп те көрген емес. Жыртылса, шеше жамап береді, мектепте ешкім күлмейді, себебі бәрі сондай күйде.  Сондықтан ол кішкентайдан ата-ананың қабағына қарап өсіп, «өз аузым өзіме жетсе, алдымен ата-анама салмақ салмаймын, артылса бауырларыма көмектесемін» деп өсті. Айтқандай, бауырларының бірін үйлендіріп, екіншісін оқуға түсіріп, ата-анасына бір жағынан сүйеу болам деп жүргінде бір күні қараса, өзінің самайына ақ кіре бастапты...

3. Қазір оның жұмысы, көлігі, тіпті баспанасы да бар. Себебі кішкентайынан тіпті ата-анасына алақан жайып көрмеген соң, бәріне өзі жетуді мақсат қойған. Жетті, бірақ жасы отыздан асқан. Жалғыз.

4. Әрине, үлкен қыздың білімі ғана емес, болашақ жарға қояр талабы да өскен. Олай етпеске де болмайды, себебі қасындағы құрбыларының өмірі оған бір жағы сабақ. Бірінің күйеуі қол көтереді, екіншісінікі табыс таппайды, ал үшіншісі тіпті айрылысып, жалғызбасты ана боп үлгерген. Және өз жолында кездеске жігіттер де сақ болуды үйреткен.  

5. Көп жігіт «үлкен қызға» сөз айтуға бата алмайды немесе сол дүниесіне көз тіккенін байқаған ол ондай пиғыл иесіне тұрмысқа шыққысы келмейді.

Ал, «кенже қыз» ше?

Ол туғанда заман жақсарған. Ата-ана бұл уақытта ес жиып, тұрмыстарын түзеген. Әрі өзі үйдің кенжесі, бар жақсы соның үстінде, бар дәмдіні осының аузында. Содан болар, ол жоқшылықтың не екенін де білмей өсті. Оның құрбы-құрдастарының қолында сенсорлы телефон, тіпті мектепке көлік мініп келетіндері де жоқ емес. Қоғамда да ең басты құндылық – ақша. Үлкен аға-әпкелері кезінде майшаммен кітапқа үңіліп өссе, «кенже қыз» қолдағы телефонға шұқшияды. Арманы – бай болу. Себебі қоғамда ең беделді адам – қалтасы қалың адам. Арман, қиялдары да ақшаның төңірегінде құрылған. Оның санасына сериал еккен идеология бойынша өмірге жеңіл қарау керек деп есептейді ол. «Love story» мен флешбом жасаудан жарысатын олардың көбіне «отызға дейін қыз боп жүру» - ескіліктің қалдығы, күлкілі естіледі. «Жігіт қарамаған қыз ғой» деп санайды олар. Тек қыздар арасында ғана емес, жігіттер де. Әрине, бәрі бірдей емес, намаз оқып, жабық киінетін жастар жайлы сөз басқа. Элитті мектептерде оқып, бітірген соң Еуропаға оқуға аттанатын жас буынның көзқарасы сол батысқа лайықталған. Азаматтық неке олар үшін жат емес. Тіпті «қазақ жігіттерінен жиіркенемін» деп, өзге ұлттың жетегіне еріп кететін де көбіне осы толқын. Немесе жоқшылықтан құтылудың жолын ертерек ауқатты азаматқа тұрмысқа шығу деп білетін қыздардың көбі «құтырып» жүріп, тұтылып қалатынға ұқсайды. Рас, «жігіт» кезінде бәрі жақсы көрінеді: тәтті сөз, қымбат сыйлықтар, романтикалық кештер... бірақ «аяғым ауыр» деген бір-ақ сөз бұл қарым-қатынасты 180 градусқа төңкеріп түсіреді. Кеше соңынан қалмай жүрген жігіттің шаңын қауып, ізін құшып қалған қыз сол сәтте ғана селк етіп, ес жинайды.  Бұрын-соңды мұндаймен ұшырасып көрмеген қызға дұрыс кеңес беретін адам табылса жақсы... Әйтпесе әжетхана ма, тас жол ма, бәрібір, әйтеуір шаранадан құтылса болды... «Кенже қыз» осылай қарт «әке-шешесінің» көңіліне қаяу түсіріп жатқан жайы бар...  

 Сен жылайсың жігітім, «қыз қымбат» деп,

Мен жылаймын, жігітім, «қыз арзан» деп...

Жалпы, қыз тағдыры, қыз құны дегенге келсек, елімізге қонақ боп келген бір белорусь азаматы «қыздарыңыз құнсыз екен» депті. «Неге?» десе, бізде тіпті жезөкшенің өзін әуелі ең қымбат мейрамханаға апарып тамақтандырып, содан соң қымбат дүңгіршекке апарып, қалағанын алып беріп, сосын көңілі жайланған соң барып, «ставкасын» беріп, көндіресің» депті. Ал сіздерде тіпті тамақ та, киім де сұрамайды, аз ғана тиын-тебенге...» десе керек. Осыдан ауыр сөз бар ма?

Әйтсе де...

Қыздар өздігінен құнсызданып жатқан жоқ қой? Қыз арынан айрылса, айыратын кім? Қыз жүкті болса, оған «жүк артатын» кім? Қарама-қарсы жыныс иесі. «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» дейді олардың дені бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, Бірақ Жаратқан ие «ерлерге жаза жоқ, күнә жазылмайды» деген жоқ қой?  Әйел – ана, әйел – әпке, қарындас екенін ерлер жағы есінен шығармаса, бәлкім жылаған қыздар азаяр ма еді? Жоқ,  олар еліктің лағындай жас әрі сұлу қыздарды көргенде ақыл-естен айрылып, төсекке жыққанша асығады. Алайда олар үйленетін кезде пәктікті талап етеді.  Бейне өзі пәктікке лайық сынды. «Кім кінәлі?» деген сұраққа жауап іздесек, түбіне жетпесіміз анық. Себебі оның тамыры тым тереңдеп кеткен.

Тыныштық Қалдыбаева, әлеуметтану ғылымының докторы, профессор:

–  Қыз бала тауарға айналды. Неғұрлым әдемі, жас болған сайын қымбат. Жезөкшелер бүгінде баяғыдай көшеде ашық тұрмайды. Ең қауіптісі де – осы. Себебі ол көлеңкелі экономиканың ең түсімі мол құралына айналды. Қазақстан маңайындағы елдердің арасында да тіпті осы бір «тауар» түріне қатысты трансэкономикалық байланыс қалыптасқан. Соңғы статистика бойынша, бойжеткендердің 14 пайызы, жігіттердің 12-13 пайызы бедеу көрінеді. Кеш үйленетіндер өз алдына. Бұл да сол жаһанданудың біз секілді дамушы елдерге салып жатқан кері тежеу, қастық жоспары деуге болады. Адамгершілікпен келісе қоймайтын бизнестің қоғамға қарсы әрекеті біздің жастарымызды осылай өте үлкен қатерге апарып отыр. Қазірдің өзінде орны толмас өкінішке ұрынып үлгерген жайымыз да жоқ емес. Яғни біз осылайша өз қыздарымызды қорлап жатырмыз. Қазір «бәлен жердің аруы» деп келетін байқаулардың  байшыкештерге тоқал іздеу үшін жарияланған «мәдени» кастингі деген де дәйектер жоқ емес. Болмаса шоу-бизнесте дауысы керемет болмаса да, түр-келбеті, сыр-сымбаты сұлу қыздардың қаптауы да осы «көлеңкелі экономикаға» меңзейтіндей...

Түйін: бүгінде арулар ару емес, АУРУ-ға тән мінез көрсетіп жатса, бұл әлдебір саясаттың жемісі.  О бастағы ойымызға оралсақ, «құтырған қыздан»  әр жерде шырқыраған бала «қалады», ал «отырған қыз» орнын табады...  

 

 

Мәриям ӘБСАТТАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары