$ 449.58  486.94  4.86

Нашақормен сұхбат немесе героиннен құтылу мүмкін бе?

ОЛ (келісім бойынша атын атамай отырмыз) 1974 жылы Шымкент қаласында туған. Соңғы он жыл ішінде бірнеше жылын Астана, Павлодар қалаларындағы наркологиялық орталықтарда өткізген. Жақында тағдыр тәлкегімен елордадағы емдеу орнына тағы келді. Өз еркімен емес, әкесі әкеліпті.

– Тастағаныма алты айдан асқан болатын. Өзіме-өзім сенімді едім, бір досым «подставить» етті. Жан досым «ломкадан» ауырып өлейін деп жатқан. Оның әйелі, бір баласы бар. Үйіне барып «Павлодардағы орталыққа барып емделейік, бәрі жақсы болады» деп жағдайды түсіндірдім. Соның алдында ғана жаттығу жасап, бассейнге түсіп алғанмын. Есірткісіз өткен алты айдың ішінде аздап салмақ та қосқанмын.  «Свежий» түрімді көрген досым менің айтқаныма көнді.  «Соңғы рет есімді жинап алайын, сосын бірге барамыз» деп уәдесін берді. Менің мәшинеммен барып шамалы доза сатып алдық. Осы жерде досым маған арамдық жасады. «Үйімде әкем бар. Одан да осы мәшинеде отырып салып алайын» деп жалынды. Жарайды. Алғашында есірткіні көрген кезде өзімді-өзім жақсы ұстадым. Ешқандай әсер еткен жоқ. Ештеңе болмағандай жайбарақат қарап отыра бердім. Артынша аққан қанды көрген кезде... не болғанын білмеймін. «Сорвался»...

Осылайша, қылкөпірден өте алмай, түпсіз шыңырауға қайта құлаған ОЛ Астанадағы емдеу орталығына тағы түсіпті.

– Героинді ең алғаш рет 1998 жылы Шымкентте жүргенде қабылдадым. Ол кезде героинді ақшасы бар «алтын жастар» ғана қолданушы еді. Мен бұрын шетелден мінілген мәшинелерді айдап әкелумен айналысқанмын, ақша жетеді. Героин сол жылдары Қазақстанға көп келді. Бізден Өзбекстанға, Ресейге таралды. Басында бәрі керемет болды. Жолдас жігіттермен бірге анда-санда көңіл көтеріп жүрдік. Ар жағын айтпасам да болады. Қысқасы, осы жерден бір-ақ шықтық қой.

– Әке-шешең қалай қабылдады?

– Қалай қабылдаушы еді?! Ол оқиғаны еске алудың өзі қорқынышты. Емделуге әкеліп жүрген  солар ғой...

...Героиннен құтылу мүмкін емес. Мен героиннен қашып барлық жолдастарымды тастадым. Басқа қалаға көшіп кеттім. Басқа жұмысқа орналастым. Бірақ героин бәрібір қасыңда жүреді екен. Сен ешқашан героиннен мүлдем қашып құтыла алмайсың. Тек есірткі оңға кеткенде — солға, солға кеткенде — оңға қарай қашып, алдаусыратып жүресің де, күндердің бір күнінде қолға түсесің.  Сосын осында қайтып келесің.  

...Героиннен құтылу мүмкін емес. Қалай құтыласың? Героин деген – бизнес, ақша. Ал оны ешкім ешқашан тоқтата алмайды ғой.     

– Осы жерден емделіп шыққан соң немен айналысасың?

– Жұмыс табу керек. Сосын үйленуді жоспарлап жүрмін. Сіз білесіз бе, үйлену нашақорлықтан құтылуға көп көмектеседі екен. Нашақор еркектердің 28 пайызы үйленгеннен кейін мүлде жазылып кетеді. Ал нашақор әйелдердің  бар болғаны 4-ақ пайызы тұрмысқа шыққаннан  кейін есірткіні тастайды. Мен рас айтып отырмын. Осылай деп бір жерден оқығанмын. Үйлену маған да жақсы әсер етуге тиіс.

 – Үйленетін қызың бұрынғы осы өмірің туралы біле ме?

– Жоқ, менің қызым жоқ. Бірақ осы жерден шыққаннан кейін бәрі болады ғой. Құдай қаласа, жұмысқа орналасып, үйлену керек. Бәрі жақсы болуға тиіс...

 Дәрігердің айтуынша, ОЛ бұрын бокспен шұғылданған көрінеді, бірінші разряд иегері. Қазір бокспен шұғылданғанын айтуға өзі де ұялады екен. Шынымды айтсам, мен дәрігер айтқан соң ғана сендім. Адасқан тағдыр. Енді ОЛ қатарға қосыла ма, жоқ па? Сенімнен гөрі күдік басымдау секілді.

Нұртөре САМАРҚАН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары