$ 448.89  477.93  4.76

Қазақ хандығы туралы фильм: А.Мұхамедиұлы уәдесін орындаған жоқ

Былтыр Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі көпсериалы көркем фильм түсіретіндігін мәлімдеген болатын. Алайда, жыл ортасына келген тұста министр Арыстанбек Мұхамедиұлы қаржылай қиындықтарға байланысты тележобаның бірнеше сериасы қысқаратыны туралы айтты. Тіпті, жетпеген қаражатты өзі жұрттан жинап, 2015 жылдың желтоқсан айына дейін айтулы телесериалды көрерменге көрсетуге уәде еткен.

Алайда, өздеріңіз көріп отырғандай, қазір 2016 жылдың қаңтары да аяқталып келеді. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фильмнің қашан көрсетілетіні былай тұрсын, түсірілім жұмыстарының тағдырынан көпшілік бейхабар. Оның үстіне кеше отандық басылымдардың біріне сұхбат берген фильм продюсері Арман Асенов телехикая қарызға түсіріліп жатқанын айтты. Осы ретте біз фильм режиссері Рүстем Әбдірашевты сөзге тартып, түсірілімнің тағдырын сұрап көрдік.

- Рүстем аға, былтыр берген уәделеріңіз орындалмай қалды. Былтыр желтоқсанда фильмнің алғашқы сериасын көруіміз керек болатын...

- Қазақ хандығы туралы сериал өте күрделі жоба. Бұл – бір. Екіншіден қаражат мәселесі толық шешілген жоқ. Өткен жылы екі девальвация өтті. Продюсердің есебі дәл келмей, қиын жағдайға тап болып қалдық. Өте қиын жағдайға қарамастан жұмысты тоқтатпай жалғастырып жатырмыз. Жеңіл-желпі емес, сапалы сериал жасаймыз деп өзіміздің қиналып отырған жайымыз бар. Қазірге дейінгі жасаған материалдарымызды қайталап қарасам көп-көрім дүние шыққан секілді. Көз бар, сөз бар дегендей, көп айта бермейміз... Бұйырса ауыз толтырып айтатын жоба жарыққа шыққалы тұр.

- Енді қашан көреміз оны?

- 2016 жылы көресіздер, бірақ нақты айын-күнін айта алмаймын. Өйткені, барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Қапшағайда жаңа жылға дейін түсірілімде болдық. Палаткада жатып, әскери тамақ жедік. Күн суықта аттарымыз бен адамдарымыз жетпей, біраз қиындықты бастан кешсек те, жұмысты тоқтатпадық. Келесі маусымға қаражат жетеді деген үміт бар. Өткен жылы қаражаттың аздығы қолбайлау болды. Түсірілім тобы мен ұжымымыз мұншама қиындықты патриоттық сезімнің арқасында жеңіп отыр. Әйтпесе, баяғыда қашып кетулері мүмкін еді. Өзімнің қаражат жағымен айналысуға мұршам болмай жүр. Қыруар жұмыс бастан асып жатыр. Бірақ продюсердің қалай жүгіріп жүргенін көріп отырмын. Қаншама адамдар әлі айлық алған жоқ. Әртістер әлі күнге дейін гонорарларын ала-алмай отыр.

- Былтырғы девальвация тығырыққа тіреді деп айтып отырсыз. Актерларға гонорарды доллармен төлейсіздер ме сонда?

- Жоқ, теңгемен төлейміз. Мемлекетте қандай қиындық болса соның бәрі біздің басымыздан өтуде. Бөлек тұрған киностудия емеспіз. Елмен бірге біз де қиналып келеміз. Бензин қымбаттаса да бізге әсер етеді. Жобада жүрген елдің азаматтары ғой. Фильмнің басты рольдерін де сол өзіміздің актерлар сомдап жатыр.

Осылайша, режиссер Рүстем Әбдірашев түсірілімнің кешіктірілуіне қаржының жоқтығы қолбайлау болып отыр дегенді алға тартты. Ал, былтыр қаражат мәселесін толықтай шешіп беремін деп уәдені үйіп-төккен Арыстанбек Мұхамедиұлы әзірге үнсіз, көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап, тығырықтан қалай шығудың жолын таппай отырған секілді.

Skif-ақпарат

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары