«Кеше... кешкісін үйге жете бергенім сол, екі жігіт қақпадан қарғып түсті де қаша жөнелді… Қапелімді не болғанын толық түсінбесем де, суық қолдар екенін сезіп, соңдарынан біраз жерге дейін көлігіммен қудым, бірақ бәрібір жеткізбей кетті, - деп келді жұмысқа әріптесім…
- Мәссаған?! Не ұрлапты?
- Қалай кірген?
- Қанша шығынға ұшыратты? – деген сияқты сұрақтарды жан-жақтан жаудырып жатқан бізге ол ұялы телефонындағы бірнеше суретті жайып салды.
Сынған әйнек, бұзылған терезе, майысқан темір тор… Бұл – үй сыртының көрінісі. Ал іште шашылған зат, ақтарылған киім-кешек, қысқасы бас-аяғына төңкерілген бөлме…
– Дүниені қоя берші, - дейді әріптесім, - балам мен әйелімнің жандүниесінің жүдеп қалғаны батты жаныма. Тоналған зат қалпына келер-ау, бірақ тоналған көңіл, жоғалған сенім, үдерткен үрей ше? Оны басу оңай болмайтын сияқты. Келіншегім үйде жалғыз қалудан, балам үйде емін-еркін ойнаудан қалатын сияқты біразға дейін. Мен де үйде қалған олардың жайын ойлап, жұмыста тыныш отыра алмаймын…
– Полияцияға шағымданбайсыз ба? – деп шап ете түстік біз.
– Олар маған арыз жаздырудың орнына «қайтесің?» деп көнідіруге көшті ғой. Содан-ақ ішім сезді «бәрі бірауыздан»…. Шибөрілер! – деп нүктесін қойды әңгіменің әріптесім. Бұл бір деп қойыңыз.
Тағы бір оқиға...
Бірнеше жыл бұрын болған құрбым күйеуі екеуі ішпей-жемей, тиыннан құрап жүріп,баспана соғып алды. Кішкентай ғана үй болса да, өз еріктері өзінде, аяқтарын кеңге созып жете алатындарына жүректері жарыла қуанғаннан ауыл-ел, ағайын-туыс, дос-жаранға үш бөліп қоныс той жасамай ма? Артынша бірінен-соң бірін үш рет қатарынан үйіне ұры түсіп, құнды заттарының түгін қоймай әкетіп еді. Сонда шағымданып барған бұларға «болмашы дүниелеріңізді қойыңыздаршы, миллиондаған ақша тұратын дүниелерін тонатқан байлар да түк істей алмай отыр…» деп полиция қызметкерлері кекетті деп ыза болғаны есіме түсті.
Сол құрбым – қиянат шегушілерге араша түсіп жүретін қыз өзі. Бірде күйеуі екеуі иесі толық көшіп үлгермеген көршісінің үйін тонап жатқан ұрылардың үстінен түскен ғой. Әлгі ұры асып-саспайды да дейді. Тіпті бұларды үйіне ертіп апарған. Полиция келгенде де қорықпапты да. Бір кезде полиция қызметкерінің өзі бұлардың көршісіне (тоналған үй иесі) «арызданып қайтесіңге» көшіпті. Көршісінің оралман екенін, кирилше хат танымайтындарын пайдаланып, істі жауып тастай салмақшы болған құқық қорғау органы қызметкерлеріне ыза болған құрбым көршісінің атынан өзі арыз жазып, ұрланған заттарды тізіп, құнын шығарып, ақыры әлгі ұрының әйелі түн ішінде үйінен әлгі соманы шығарып берді» - дейді.
Қарақшының кесірі...
Жоғарыдағы екі жағдайда да, мүлік тоналып, материалдық зардап келген, бірақ әйтеуір бас аман ғой десек, енді мына хат иесінің тағдыры ойлантарлықтай…. Оны ұрының ағасы қарақшылар көрер көзге, ашық тонаған.
«Мен 2011 ші жылы мектеп бітірер тұста ұрылардан жапа шеккенмін, - деп басталады хат. – Үй жағыма жете бергенде бір топ жігіт соққының астына алып телефонымды алып, қаша жөнелді. Сол ғана ұрланса қуанар едім ғой, олар мені қойша тепкілеп, есімнен танғанша аямай ұрып кетті емес пе? Мұрным сынып, бетім жыртылған, аяғымды баса алмай, сүйретіп, әзер күшім жеткен мен сол түні үйге әзер жетіппін. Ары қарай есімнен танып қалдым. Көзімді ашсам, ауруханадамын. Сол түні не болғанын кейін естідім: үйге келгенде «396 девятка» деп айтып үлгерген екем. Жедел жәрдем шақырса, полициямен бірге келіпті олар. Көп ұзамай, сол таңда-ақ әлгілер кафеде менің соткамды «залогка» қойған жерлерінен ұсталған ғой. Бірақ сол бір кеш... сол ұрлық, сол тонау, сол соққы менің бүкіл өмірімді күрт өзгертті. Ауруханадан аяғымды сылтып басып шықтым. Ауырса да шыдап, ҰБТ тапсырудан қалғаным жоқ, ЖОО-ға да түстім. Алайда артынша-ақ аяғым қайта сыр бере бастады. Қазақпыз ғой, мән бермедім. «Оқу, оқу» деп ақсаңдап жүре бердім. Алайда ауруым бара-бара басылмақ түгілі, ушыға түсіп, бір күні балдақ ұстадым. Ақыр соңында дәрігерге барсам, «уже кеш» деп Алматыға жөнелтті. Сенесіз бе, алты бірдей химиотерапия көмектеспеді... Бүгінде бір аяқтан айрылдым...
Иә... «жай бір ұялы телефонын алдық қой» деп ақталатын шығар әлгі бұзақылар. Алайда олар өздерінің небары 18-ақ жасар баланың тағдырын қалай төңкеріп түсіргенін білсе ет-ті.. Байғұс бала сап-сау жүрген жерінен бір ұялы телефонның кесірінен аяғын кестіріп, протез салдырып, екінші топтағы мүгедекке айналып шыға келді.... Бірақ ешкімді қарғап-сілеп немесе мұң шағып жатқан ол жоқ. Айына 24 мың теңге зейнетақы алса, соның 10 мыңын оқуына, қалғанын қалада жалдайтын пәтерақысына жектізіп күн кешіп жатса керек. Өзі Шымкентте тұрады екен. Бірақ бір ғана кейітетініні, 4 жылдан кейін жігітті 3-топқа түсіріп тастапты. Оның зейнетақысы – 17000 теңге. былай тартса, былай жетпей, қысқа жіп күрмеуге келмей, күн кешіп жатыр бір жас ғұмыр...
«Алла үйіндегі» ұрлық...
Сол күні әлеуметтік желіге кірсем, біреу өзінің үйіне түскен ұрының фотосуретін жариялапты. Ұры емес, киноға түскен актердей қасқайып тұрып түскен әлгі екеудің жүзінде «ұят болды-ау» деген ойдың ұшқыны да жоқ. «Мұның қасында, қаша жөнелген ұрыда иман бар екен-ау» деп қалады екенсің... Ұры неге тайсалмайды? Ұсталмасын біледі... Неге ұсталмайды? Себебі оның «крышасы» бар. Ол ұрыны ұршықша үйіріп, түскен табысты бизнестің көзіне айналдырып отыр...
...Жігіттер арасында «Мешітке барып аяқкиім жаңартып қайту керек еді» деген қағытпаға айналғалы қашан... Ал енді бүгін жайнамаз үстінде өтірік сәждеге бас иген боп, көзді ала бере жағалай ілінген киімдердің қалтасын қағып жатқан жас баланың бейнетаспасы ғаламторды шарлап жүр... Ең аяулы, ең қасиетті деген Алланың үйіне ұрылар бас сұққан соң, қалғаны қайдам...
Мәриям ӘБСАТТАР