$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстандық шенеуніктердің балалары

Тәуелсіздіктің жиырма бес жылында елімізде жаңа буынның өсіп-жетілгені белгілі. Осы жаңа буынның арасында үлкен лауазымды қызмет атқарған әкесінің ізін басып, мемқызметте, бизнесте көзге түсіп жүргендері баршылық. Кезінде әкесі басқарған мекемеге бастық болған балалар да бар. Сондай әкімқаралардың ұрпағына шолу жасайық.

Марқұм Сарыбай Қалмырзаевтың баласы Нұрбол Сарыбайұлы Сұлтан – елдегі ең қалталы адамдардың бірі. «Bek Air» АҚ-ның 100 пайыз акциясына иелік етеді. «АзияКредит Банктің» 88,5 пайызына иелік етеді. «КСЖ Азия Life» АҚ, және «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС, тағы басқаларында үлесі бар.

Аса ірі «Шаңырақ» агроөнеркәсіп холдингінің қожайыны Максим Божко – Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың ұлы. Өткен жылы журналистерге сұхбат беріп «Ұлттық банктің валюта бағамына араласпауы керектігін», «Теңге жақын арада тұрақталатынын айтқан. Дегенмен, теңге бағамы одан бері бірнеше рет құлдырады.

Гүлжан Қарағұсованың ұлы Фархад Сергейұлы Қарағұсов – «Қазақстанның Халық банкі» АҚ бас заңгер-кеңесші, «БТА Банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «Sky Bridge Capital» АҚ басқарушы директоры қызметін атқарған.

Қостанай облысын ұзақ жылдар басқарып келе жатқан Сергей Кулагиннің ұлы Павел Кулагин де мемқызметте біраз тәжірибе жинақтап үлгерді. Қостанай облысында біраз жыл қызмет атқарғаннан кейін 2009 жылы елордаға ауысып келіп,  Астана әкімінің кеңесшісі, «Алматы» ауданының әкімі, қалалық Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы, «Сарыарқа» ауданының әкімі болды.

Сенатор Қуаныш Айтахановтың ұлы Ерлан Айтаханов күні кеше ғана ОҚО Отырар ауданының әкімдігіне тағайындалды. Ерлан Қуанышұлы 1971 жылы туған, екі бірдей жоғары білімі бар – экономист, заңгер. Экономика ғылымдарының кандидаты. «ҚТЖ» ұлттық компаниясында, Президент Әкімшілігінде, ОҚО әкімдігінде түрлі басшылық қызмет атқарған Ерлан Қуанышұлы осыдан он бес жыл бұрын әкесі де басқарған ауданға оралып отыр.

Амангелді Ермегияевтің ұлы Талғат Ермегияевтің қызмет жолы әкесінен де асып түскен-ді. Туризм және спорт министрлігінің вице-министрі, министрі, ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы, «Астана ЭКСПО 2017» Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы... Өкінішке қарай, ол қазір аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін жымқырды деген күдікпен, үйқамаққа алынған.

Владимир Школьниктің ұлы Игорь Школьник 29 жасында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ атқарушы директоры, «ҚазТрансГаз» компаниясының департамент бастығы болды. Өткен жылы «Sky Bridge Capital» компаниясының акцияларын сатып алды. Ресейлік «Орскнефтеоргсинтез» ААҚ (мұнай өңдеу зауыты) қайта сатып жібергеннен кейін  Forbes Игорь Школьниктің қаражатын 315 миллион АҚШ долларына бағалағанын айта кету керек. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары