Депутаттардың ішінде кәрі қасқырлардан гөрі, жас бөрілер көбірек назарға ілінетін сияқты. Бір жағынан, бұл олардың өздерінің көп көрінуге тырысуынан. Екінші жағынан, көрінем деп жүріп, артық айтып қоятынымен де байланысты. Мысал ретінде 23 ақпан күнімен Мәжіліс депутаттарын құттықтаймын деп әріптестерінің және қоғамның сынына ұшыраған жас депутат Тәңірберген Бердоңғаровты айтуға болады. Мәжілістің ең жас депутаты атанған Ерқанат Тайжанның басы сотқа ілініп, мандатынан ұятты жағдайда айырылғаны да жарқын бір мысал.
«Дед» депутаттар ондай ұсақ-түйекпен ұпай жинамай-ақ, жылы орнын абыроймен сақтап қала алады. Мәжіліс біресе тарап, біресе қайта сайланып, ауыс-түйіс болып жатқанда, жылы жымиып, 15-20 жыл бойы креслосынан түспей жүре беретіндерді әдейі «дед» депутат деп отырмыз.
Сондай мықтылардың біреуі – Нұртай Салихұлы Сәбилянов.
Нұртай Салихұлы Алматы Халық шаруашылығы институтын бітірген экономист. Қазақ Мемлекеттік Заң университетін бітірген заңгер мамандығы және бар. Еңбек жолын зауытты экономист болып бастаса да, саналы ғұмырын заң шығарушы органға арнап келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Себебі, ол депутаттыққа үміткерлікке 6 рет қатысқан: 1994 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына ұсынылып, 1999, 2000, 2004, 2007 және 2012 жылдары Парламент Мәжілісіне ұсынылыпты.
2004 жылдан 2007 жылға дейінгі аралықта үшінші шақырылымдағы ҚР Парламент Мәжілісінің Шығыс Қазақстан №25 округы бойынша депутаты болып сайланды. Содан бастап Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің белді мүшесіне айналды.
2007 жылғы сайлауда «Нұр Отанның» партиялық тізімі бойынша тағы да депутаттыққа сайланды. Тағы да Қаржы және бюджет комитетіне оралды.
2011 жылдың қарашасында 4-шақырылымдағы Мәжілістің тарауына негіз болған мәлімдемені жасаған да Нұртай Салихұлы.
Сәбиляновтың мәлімдемесінен тура бір күн бұрын ғана Мәжілістің сол кездегі төрағасы, марқұм Орал Мұхамеджанов журналистерге мерзімінен бұрын тарамайтындықтарын айтып, уәде берген болатын. Арада бір тәулік өткеннен кейінгі баспасөз мәслихатында Сәбилянов:
– Біз Қазақстан басшысынан мәжіліс пен мәслихаттарды таратуды сұраймыз. Мамандар келесі жылы әлемдік экономикалық дағдарыс дауылы қайта айналып соғады деген болжам жасап отыр. Оның ауқымы мен қандай сипатта болатыны белгісіз және дағдарыс Қазақстан экономикасына да зардабын тигізуі мүмкін. Сондықтан, дағдарыстан бұрын сайлау циклінен өтіп алғанымыз дұрыс. Бұл мемлекеттік органдар, үкімет пен парламенттің сайлауға алаңдамай, дағдарысқа қарсы іс-шаралармен тікелей айналысуға мүмкіндік береді,– деді.
Келесі шақырылымның кемінде екі партиядан тұруы мүмкін екендігін айтқан депутат 5-шақырылымдағы Мәжілісте «Нұр Отан» партиясы фракциясының қатарынан табылды.
5-шақырылымдағы Мәжілістің тағдыры қалай шешілгенін де көріп отырмыз. Бұл жолы депутаттар бір атаның баласындай татулық көрсетіп, бірауыздан тарауға келісті. Бірауыздан кетіссе де, «қайтып келмеймін, депутат болмаймын» деген бір депутат жоқ. Барлығы бірауыздан болашаққа болжам жасай алмайтындарын айтуда. Қайтып келулері мүмкін болса, онда неліктен бірауыздан кетеміз деді? Түсініксіз. Сәбилянов болса журналистерге:
– Мемлекетке, халыққа жұмыс істеу керек болса, мен әрқашан да дайынмын. Егер де біздің еңбегіміз елге керек болса, біз оған әрқашан да дайын болуымыз керек деп ойлаймын,– деп жауап берді.
Күні кеше ғана билік партиясының сайлау алдындағы тиісті съезі өтіп, жаңадан жасақталатын фракцияда болуы мүмкін адамдардың тізімі жарияланғаны белгілі. 127 үміткердің тізімінде 97-болып кімнің есімі тұр дейсіз ғой? Қателескен жоқсыз, Нұртай Салихұлы Сәбилянов.
2004 жылы депутаттыққа сайланғаннан бері он жылдан аса уақыт Мәжіліс ғимаратында жүрген Сәбиляновтың тағы да депутат болуы әбден мүмкін. Ол үшін өзі мүшесі болып табылатын «Нұр Отан» партиясына толық еңбек сіңірген. Заң шығару жұмыстары мен жолданған депутаттық сауалдарын айтпағанда, Мәжілістің тағдырын шешетін мәселелерге де ат салысқан. Олай болса, депутаттық жұмыстың қыр-сырын бір адамдай білетін, Мәжіліс ғимаратының әр бұрышын өз үйіндей білетін адамды «дед» депутат деуге болатын шығар.
Ж.Бекжан