$ 494.87  520.65  4.91

Мұнай қайта қымбаттайды

Соңғы бірнеше күнде тұрақты өскен бренд маркалы мұнай осы аптада 37 долларға дейін барады деп күтілуде, деп мәлімдеді «Фридом Финанс» АҚ Астана қалалық бөлімшесінің директоры Гүлжанат Сәрсенова.

Оның айтуынша, ағымдағы аптада қор нарығы қазақстандық қатысушылар үшін жағымды жаңалықтарға толы болмақ. АҚШ, Еуропа мен Қытай экономикасындағы оң өзгерістер нарықтағы сауда-саттыққа қарқын бермек. Еуроның долларға шаққандағы курсы 1,08 пунктқа дейін төмендемек. 28-ден 35 долларға дейін көтерілген «бренд» әлі де өсіп, теңгенің курсы нығая түспек.

Өткен апта соңы күрт көтерілген «қара алтын» құны теңгенің долларға шаққандағы курсын төмендеткені белгілі, алдағы бірер күнде осы қарқын сақталып, АҚШ доллары 365 теңгеден тағы да 5-6 теңге төмендеуі ықтимал.

Сарапшылардың айтуынша, ақпан айына дейін мұнай бағасы 40 долларға дейін көтерілуі тиіс. Ал ақпан айында ОПЕК мүшелерінің кезекті отырысы өтеді. Шарадан ешкім айтарлықтай жаңалық күтпегенімен, бірқатар оптимистік пікірлер қылаң беруде. Мәселен, Венесуэланың былтырдан бергі мақсаты осы шарада оң шешім табады деп күтілуде. Венесуэла өткен жылдың басынан бастап қара алтын тұрақты арзандай бастағанда картельге мүше мемлекеттер бір ауыздан келісіп, экспорт көлемін барлық елдер 5 пайызға дейін азайту керек деген ұсыныс айтқан болатын. Дегенмен, ұсыныс аяқсыз қалды. Ал, жыл басынан бастап санкциядан шыққан Иранның келуімен ОПЕК мүшелері шын қиындыққа тап бола бастады. Шикізат әлі де арзандай түссе, картельдің бірқатар мүшелері нарықтан шығып қалуы мүмкін дегенді айтқандар да болды. Дегенмен, соңғы бірер аптада керісінше, мұнай бағасы көтеріле бастаған.

Дүниежүзілік банктің былтырғы жылдың соңындағы берген болжамында мұнай бағасының 2016 жылғы орташа көрсеткіші 40 доллар шамасында болады делінген. Ал төртінші тоқсанға қарай, аталған көрсеткіш 45-50 доллар аралығында құбылады деп болжанған. Осы қарқынмен, 2017 жылға қарай өсе түсіп, қара алтын 2018 жылға қарай 70-80 долларды маңайлайды деушілер бар.

Әрине, нарық болғаннан кейін біріне бірі қайшы болжамдардың болуы заңды. Дегенмен, қазіргі геосаяси жағдайларға көз салатын болсақ, экономиканың тұрақты өсіміне болжам жасауға болады. Ресейдің өткен жылғы айтарлықтай әлсіреуі, нәтижесінде Сирия мәселелерінде АҚШ-пен ортақ ымыраға келе бастауы әлемдік саяси картада бір жақты өзгерістерден хабар береді.

Екінші жағынан, нарықтағы оң өзгерістердің уақытша болуы да ықтимал. Алдағы АҚШ-тың президенттік сайлауына АҚШ-тың трансұлттық компанияларының өндірістік көрсеткішінде негативті құбылыстар бола қолуы екіталай. Мұның долларды нығайтып, дүниежүзілік қор нарықтарына оң өзгерістер әкелуі қаржы институттары мен қор нарығы компанияларының оң жамбасына тиіп отыр. Тиісінше, мұнай бағасының қымбаттай түсуі нарықтағы спекулянттардың әсерінен болуы әбден мүмкін.

Бауыржан Мұқанов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары