$ 442.05  474.14  4.74

Парламенттегі «Құдайлар тағамы»

Қазақстан Парламентінің депутаттары қандай тамақ жейді? Үйінде не жейтінін білмедік, бірақ Парламент қабырғасында жейтін тағамдары патша жейтін астан артық болмаса кем емес. Сірә, ежелгі грек құдайлары мен Мысыр перғауындары да дәл біздің депутаттар секілді тамақтанбаған шығар...

Олай деуімізге толық негіз бар. Биыл 19 ақпан күні Парламенттің шаруашылық басқармасы депутаттардың бір жылдық тамағына мемлекеттік сатып алулар порталы арқылы тапсырыс берген болатын. Оның ішінде бір тонна қызыл балық, жүздеген келі шоколад, креветка, көкжидек және экзотикалық жемістер мен өзге де қымбат ас-ауқат түрлері бар. Парламент бұл тағамдарға жай тапсырыс беріп қана қоймаған, сапасының аса жоғары деңгейде болуын талап еткен деп жазады exclusive.kz.

Мәселен, тапсырыс берілген 850 келі ақсерке балығы міндетті түрде аулана салып, мұзға қатырылған болуы керек. Сондай-ақ, аталған балықтың денесінде X деген табиғи таңбаның болуы міндетті. Ал, ұзындығы 1,5 метрден аспауы, салмағы 9-39 келі арасында болуы тиіс. Ас шаянының (креветка) сырты қатты, іші жұмсақ балғын болғаны жөн.

Сонымен қатар, тапсырыстағы 1 центнер кілегейдің жұпар иісі болып, өзі аз ғана пастерленуі тиіс. Сүт өнімінде бөтен иіс немесе дәм болмауы керек. Ал, нанға қойылған талап мүлдем ерекше. Оның беткі қабаты жұмсақ және сызатсыз болуы міндетті.

Депутаттар сондай-ақ, тек сүт араласқан шоколад жейді екен. Өнім ерімеген және жаңа әзірленген болуы тиіс. Қандай да бір өзге иіс немесе дәм болса қабылданбайды.

Ал, тек солтүстікте өсетін көкжидекті тасымалдаушы мұздатып әкелуі керек. Жидек арасынан қандай да бір артық зат табылса кері қайтарылады. 

Естеріңізге салайық, күні кеше Парламенттің шаруашылық басқармасы 11 мың шөлмек қымбат арақ-шарапқа тапсырыс бергелі жатқанын хабарлаған болатынбыз. Кейінірек, NewTimes.kz порталына сұхбат берген бірнеше депутат Парламент қабырғасында тегін алкоголь ішпегендігін айтты. Халық қалаулылары бұл вискилер мен коньяктар шетелден келген қадірлі қонақтарға сатып алынуы мүмкін екенін де жасырған жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары