$ 444.32  473.33  4.76

Жер сатқанша есірткіні заңдастырсақ...

Қазақ қоғамында дәл қазір ауылшаруашылық жерлерінің сатылу мәселесі ең көп талқыланып жатқан тақырыпқа айналды. Бұл мәселеде қазақстандықтардың пікірі екіге жарылған, бірі жерді сату экономикамызға тиімді десе, қалған көпшілік басқаны сатсақ та жерді аман алып қалайық деп шулауда. Екінші жақ әсіресе, жердің шетелдіктерге өтіп кететінін айтып алаңдап отыр. Ал, 1 шілдеден бастап қара жерді аукционға шығаратын ҚР Ұлттық экономика министрлігі шетелдіктерге жердің 1 шаршы метрі де сатылмайтынын айтып, халықты жұбатуда.

Үкіметтің жерді сатудағы басты мақсаты қазынаның жыртығын жамау екені белгілі. Ал, астаналық Азамат Көшенов есімді тұрғын бұл проблеманы жер сатпай-ақ шешуге болатынын айтып отыр. Оның пікірінше, Қазақстан Батыс елдері секілді есірткіні заңдастыруы қажет.

"Италия прокуроры өз елінде марихуананы заңдастыруды ұсынды және бұл бастамасының себебін де түсіндіріп берді. Егер, есірткі айналымын заңдастырса, одан мемлекет қазынасына түсетін қаржыда есеп жоқ екен. Ендеше біздің елде де осындай реформа жүргізетін болсақ бюджетке мол қаражат түсіруге болады. Мұның пайдасын мен сіздерге тізбектеп берейін. Біріншіден, бізде жүздеген гектарында марихуана өсетін Шу алқабы бар. Екіншіден, Шуда өскен есірткі өзге елдерде үлкен сұранысқа ие, өзіміздің тұрғындар арасында да оны тұтынатындар аз емес. Үшіншіден, бағасы қолжетімді, кішкентай бір қорапшасы шамамен 5 мың теңге тұрады. Төртіншіден, Қазақстан түрмелерінде есірткі үшін сотталғандардың саны өте көп және оларға бюджеттен қаржы шығындалып жатыр. Бесіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылады, ал дәл қазір елде жұмыссыздықтың белең алғанын білесіздер. Айта берсек реформаның пайдалы тұсы көп. Бірақ, оны заңдастыруға ең бірінші құқық қорғау органдары қарсылық білдіруі мүмкін. Өйткені, бұл заңсыз бизнеспен күреске ішкі істер органдарының өзі жетекшілік етеді. Есірткі айналымынан аса үлкен қаражаттың түсетіні белгілі, ол үшін салық та төлемейді. Мұндай кәсіптен кімнің айрылғысы келсін" дейді А.Көшенов өзінің Фэйсбуктегі парақшасында.

Айта кетейік, соңғы онжылдықта марихуана есірткісін заңдастырған елдердің қатары көбейіп отыр. Бүгінде АҚШ, Австралия, Нидерланды, Бельгия, Чехия, Аргентина сынды көптеген мемлекеттер марихуана сатылымына, оны пайдалануға рұқсат берген. Ал, Қазақстанда есірткі бизнесімен қанша күрес жүргізілсе де нашақорлардың саны көбеймесе азаяр емес.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары