$ 494.87  520.65  4.91

Дархан Қыдырәлі мұғалімдерге «Егеменді» «күштеп» жаздыртпайтын болды

Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаев кеше Алматыда «Қазақ газеттері» мен «Жас өркен» ЖШС-на және Жазушылар одағына қарасты газет-журналдардың бас редакторларымен кездесу өткізді. Жиын барысында министр қаламы ұшқыр журналистермен бірнеше мәселені талқылады. Атап айтқанда, редакциялық саясатты бүінгі күнге сай жаңғырту, балалар мен жасөспірімдерге арналған журналдардың болашағы, интернет пен әлеуметтік желідегі басылымдардың жұмысын күшейту және тағысын тағы.

Басқосуға «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Ұлан», «Экономика», «Дружные ребята», «Уйғур авази» газеттері мен «Балдырған», «Ақ желкен», «Үркер», «Ақиқат», «Мысль» журналдарының басшылары қатысқан болатын. Әңгіме барысында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы бүгінде қазақ басылымдары арасында өзекті проблемаға айналған газет жаздырту мәселесін көтерді. Бұл жайында бізге сол жиынға қатысқан журналистердің бірі айтып берді. Бас редактордың пікірінше, мектептер мен жоғары оқу орындары және мемлекеттік мекемелердің барлық қызметкері түгелдей дерлік «Егемен Қазақстан» газетіне жазылатын көрінеді. Ал, олардың барлығы да аталған басылымға өз еркімен жазыла ма, мәселе осында. Жұмабай Шаштайұлының министрге қойған сауалының мазмұны осыған саяды.

Иә, жасыратыны жоқ, көпшілік, әсіресе, мұғалімдер қауымы «Егемен Қазақстан» газетіне басшылардың мәжбүрлеп жаздыртатынын жиі айтып қалып жатады. Соның салдарынан «Қазақ әдебиеті» секілді рухани дүниелер жазатын бірқатар басылымдарға жазылатындар қатары азайған. Жұмабай ағаның айтуынан осыны түсіндік. Оқырман жазылғысы келсе де бірнеше газеттің ақшасы қалтасына ауыр соғады. Сондықтан, оларға таңдау беріп, тыйын санап отырған педагогтарды «мәжбүрлеуді» тоқтату керек.

Министр Дәурен Абаев болса аталған проблеманың бар екенін жоққа шығармады. Сол мәселені шешу үшін де газеттің басшылығын ауыстырдым дейді ол. Яғни, бұған дейін басқарма төрағасы қызметін атқарып келген Еркін Қыдырды орнынан алып, төрағалыққа Дархан Қыдырәліні тағайындағанын тілге тиек етті. Жаңа басшыға басылымның имиджін көтеру міндеті де жүктеліп отырған көрінеді. Өйткені, жұрт «Егеменді» «аш та жап газет» деп атап кеткен. Яғни, оқылатын мақала жоқ, бетін ашудан жабуың тез деп әзілдейді.

Демек, Дархан Қыдырәлі бұдан былай «Егеменге» «күштеп» жаздыртуға тоқтау салады. Министрдің сөзінен түсінгеніміз осы. Жұрт аталған газетті өздері іздеп оқуы тиіс. Ол үшін басылымдағы мақалалар да соған лайық болуы керек. Ал, жаңа басшы контент сапасын арттыруға бар күшін салатынын бұған дейін айқан болатын.

Дархан Қыдырәлінің журналистика саласында тәжірибесі жоғары емес, үлкен мемлекеттік басылымды басқаруы да алғаш рет деп сынап жатқандар аз емес. Алайда, оның Түркияда ұзақ жыл жұмыс істеуінің өзі үлкен тәжірибе дейтін екінші жақ та бар. Өйткені, Түркияда газет ісі айтарлықтай дамып кеткен. Стамбұлда күніне екі реттен шығатын басылымдар бар дейді сол екінші тарап. Бірақ... Түркия мен Қазақстанды салыстыруға болады ма? Бір ғана Стамбұлдың өзінде бір Қазақстанның халқы тұрады. Яғни, жарнамаға деген сұраныс аса жоғары. Ол жақтың газеттері де сол жарнаманың есебімен өмір сүруде. Біздегідей мұғалімдер мен дәрігерлерді мәжбүрлеп жатқан жоқ. Сондықтан, ең бастысы қазір «Егеменге» тың жобаларды, оқылатын рухани дүниелерді көбейткен дұрыс шығар. Халыққа керегі де сол ғой.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары