Қазақстанның халық артисі, актер Тұңғышбай Жаманқұлов Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты жарияланған бейнематериалдағы фактілердің ақиқат екеніне күмән келтірмейді. Тіпті, министрді азғын деп айыптаған жас қыздардың соңына Мұхамедиұлы ертең шам алып түсуі мүмкін дейді ол.
Тұңғышбай Жаманқұловтың осы жайтқа қатысты айтқан пікірін журналист Инга Иманбай өзінің Youtube-каналында жариялады.
Естеріңізге салайық, күні кеше Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі Еңлік Сыдықбай студент кезінде А.Мұхамедиұлы тарапынан азғындық көргенін айтып, видеоүндеу жариялаған болатын. Сондай-ақ, Роза Бақтығалиева есімді келіншек те 2 мыңыншы жылдардың басында өз басынан өткен оқиғасын хат арқылы жазып қалдырды. Ол да қазіргі мәдениет министрінің анайы қылықтары жайында сөз еткен.
Енді күні кеше Арыстанбек Мұхамедиұлын "откатшыл" деп айыптаған Тұңғышбай Жаманқұлов шағымданған қыздардың айтқан деректерін растап отыр.
"Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Мен осы оқу орнында 25-30 жылдан бері сабақ беріп келемін. Бірақ, дәл мұндай былықтарды өмірімде көрген емеспін. Талай басшы болды, бірақ, Арыстанбек Мұхамедиұлының кезіндегідей былықтар болған емес. Өзінің қыздарындай қыздарға қысым көрсеткенін түсіне алмаймын. Егер сол кезде жанында мен болғанымда жігіт ретінде оның мұрнынан бір ұрып, қан қылар едім. Біз әрине, театрға сұлу, дарынды қыздарды жинаймыз. Бірақ, сол қыздарды өзінің жеке басына пайдалану деген ешқандай азаматтыққа, қазақылыққа, жігітікке жатпайды", - дейді танымал актер.
Оның пікірінше, министрдің "былығын ашқан" қыздардың әрекеті ерлікке балануы тиіс. Дегенмен, ертең министр тарапынан сол екі қызға тағы қысым көрсетілуі мүмкін дейді Жаманқұлов.
"Арыстанбек Мұхамедиұлының қолынан бәрі келеді, оның ұятсыздығы жетіп артылады, ол Мәдениет министрі болуға лайықты емес", - дейді Т.Жаманқұлов журналиске берген сұхбатында.