Бүгін әлеуметтік желілерде Театр қайраткерлері одағының мүшелері жиылып, Тұңғышбай Жаманқұловтың "тағдырын шешіп" жатыр екен деген ақпарат тарады. Танымал актер, Қазақстан халық артисі Т.Жаманқұлов осы одақтың төрағасы екенін айта кетейік.
Facebook желісінде тараған осынау мәліметті Жаманқұловтың өзі де Ratel.kz порталына берген сұхбатында растап отыр. Айтуынша, бұл Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының кешегі видеоүндеуге әзірлеген жауабы көрінеді.
Естеріңізге салайық, 9 қазан күні кешке экс-актриса, Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі Еңлік Садықова Арыстанбек Мұхамедиұлының осыдан бірнеше жыл бұрын қалай азғындық көрсеткенін айтып, бейнеүндеу жариялаған болатын. Ертесіне, 10 қазан күні осы оқу ордасында сабақ беретін Тұңғышбай Жаманқұлов та Садықованың сөздерін қуаттап, Мәдениет министрінің анайы қылықтары туралы баяндады.
"Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Мен осы оқу орнында 25-30 жылдан бері сабақ беріп келемін. Бірақ, дәл мұндай былықтарды өмірімде көрген емеспін. Талай басшы болды, бірақ, Арыстанбек Мұхамедиұлының кезіндегідей былықтар болған емес. Өзінің қыздарындай қыздарға қысым көрсеткенін түсіне алмаймын. Егер сол кезде жанында мен болғанымда жігіт ретінде оның мұрнынан бір ұрып, қан қылар едім. Біз әрине, театрға сұлу, дарынды қыздарды жинаймыз. Бірақ, сол қыздарды өзінің жеке басына пайдалану деген ешқандай азаматтыққа, қазақылыққа, жігітікке жатпайды", - дейді танымал актер.
Ал, Театр қайраткерлері одағының төрағаға айтпай, өздерінің жиналуы А.Мұхамедиұлының қарымта соққысы көрінеді.
"Арада бір тәулік те өткен жоқ. Таңертең белгілі болғаны, министрдің Асхат Майемиров деген өкілі Әуезов атындағы театрдың Кіші залында Театр қайраткерлері одағының мүшелерін жинап, сағат 15:00-де жиналыс жасамақ екен. Бұл қандай жиын, съезд бе? Әлде тағы да танымал адамдардың қолын жинап жатыр ма? Бұл сұрақтардың жауабын білмеймін, өйткені, барлығы менің - Одақ басшысының сыртынан жасалып жатыр. Мен Асхат Майемировке хабарласпақ болдым, бірақ телефонын көтермейді. Менің ойымша, министр мен оның өкілі Алматыдағы театр басшыларын түгел жинап, маған жауап қайтармақшы", - дейді Т.Жаманқұлов.