Бұған дейін Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, экс-актриса Еңлік Садықова Мәдениет және спорт министрін жыныстық қатынасқа тартты деп айыптаған болатын. Енді дәл осындай шағымды Роза Бақтығалиева есімді музыкант та айтып отыр деп жазады Informburo.kz.
Розаның жасы бүгінде 40-тан асқан. Үш баланың анасы. Айтуынша, 1999 жылы алғаш рет Арыстанбек Мұхамедиұлымен жұмыс істесуге тура келіпті. Дәл сол уақытта болашақ министр оны төсекке тартқан екен.
Турасын айтсақ, Роза Бақтығалиева 17 жыл бұрын Президент оркестрінің құрамында болған, флейтада ойнапты. Ал, А.Мұхамедиұлы осы оркестрді басқарған.
«Ол кезде Арыстанбек Мұхамедиұлы үйленген, отбасылы болатын. Кішкентай балалары бар-тын. Біз бәріміз бір ғимаратта тұрдық, төрт подъезді. Білуімше, ол сол үйде отбасымен бірге тұрды», - дейді Р.Бақтығалиева.
Әйелдің айтуынша, Арыстанбек Мұхамедиұлы түнгі уақытта оның үйіне кіріп, өзімен бірге ертіп кетпек болған екен. Алайда, қызды көндіре алмаған соң басқаша түрде «жазалапты».
«Түндердің бірінде ол менің бөлмеме кіріп, өзімен бірге қызметтік пәтеріне шақырды. Түсінгенімше, ол онда жалғыз емес-тін. Өйткені, "жүр, біз сені күтіп отырмыз" деп айтты. Сағатқа қарасам, таңғы төрт болыпты. Ешқайда бармайтынымды айтып ем, төбемде тұрып алды "жүр де жүр" деп. Болмаған соң жаныма келді де қолын иығыма қойды. Дереу қолын қағып жібердім. "Жарайды" деді де шығып кетті. Кетіп бара жатып, бұл әрекетіме өкінетінімді де ескертті», - дейді музыкант әйел.
Келесі күннен бастап Роза Бақтығалиеваға басшылық тарапынан түрлі қысым көрсетіле бастапты. А.Мұхамедиұлы оны қызметтен босату үшін түрлі себептер де іздеген көрінеді.
«2000 жылдың 10 қазанында Әлиев (Мұхамедиұлы) үрмелі аспаптар оркестрінің музыканттарына небәрі 1 апта уақыт қалғанда концертке дайындалу керектігін айтты (2 ай бұрын айтылуы тиіс). 17 қазанда ол маған бірде-бір нота айтқызбастан жұмыстан қуып жіберді. Менің орныма өзінің адамын алды. Алдымен өз арызыңды жазып кет деген, мен көнбеген соң ойдан жала жауып, өздері шығарып жіберді», - дейді Р.Бақтығалиева.
Оның пікірінше, Арыстанбек Мұхамедиұлы еліміздің мәдениет саласын басқаруға лайықты емес.
«Мұндай адам еліміздің Мәдениет және спорт министрлігін басқара алмайды, өйткені, бұл салаға оның еш қатысы жоқ. Мұхамедиұлы тек өз қызметін асыра пайдаланумен айналысып келеді. Ол министр болған кезде өнер адамдары шошығаннан жағаларын ұстады. Қандай еңбегі үшін министр болды? Мұнан кейін өзге қыздар оның құрбаны болғанын қаламаймын және қызметтен кетуін қолдаймын», - деп сөзін түйді үш баланың анасы.
Ол сондай-ақ, Арыстанбек Мұхамедиұлы Президент оркестрін басқарған кезде аталған өнер ұжымы «тапсырыспен» түрлі орындарға барып өнер көрсеткенін де атап өтті.
«Егер құқық қорғау органдары А.Мұхамедиұлының түбін тексеретін болса бүгінгі айтылып жатқан арыздарға жылап көрісетін болады. Мені сотқа берсе заң алдында жауап беруге дайынмын. Мен тіпті, шындық детекторында да жауап бере аламын. Бірақ, өзіне сенімді болса ол да осы аппаратта өзінің сөзін дәлелдесін», - дейді Роза Бақтығалиева.