ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің ары мен намысын сотта қорғамақ. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады деп жазады Tengrinews.kz.
"Министр өзінің ар-намысын заң аясында сот арқылы қорғайтын болады. Мұхамедиұлы сондай-ақ, сот шешімі шықпайынша ешқандай БАҚ өкіліне орын алған жайтқа қатысты пікірін білдірмейді", - делінген аталған хабарламада.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, экс-актриса Еңлік Садықова өзін студент кезінде Арыстанбек Мұхамедиұлы төсек қатынасына тартты деп бейнеүндеу жариялаған болатын. Артынша, оның бұл сөзін Қазақстан халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов та қуаттап, министрдің біраз "былығы" жайында айтып берді. Ал, күні кеше өзін үш баланың анасымын деп таныстырған Роза Бақтығалиева есімді әйел де 17 жыл бұрын Мұхамедиұлынан қысым көргенін айтып, мәлімдеме жасады.