$ 498.34  519.72  4.85

Мәслихат хатшыларының жалақылары 30 пайызға өсуі мүмкін

Мәслихат хатшыларының айлық жалақылары бірден 30 пайызға дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілістің алқа отырысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова мәлімдеді.

Аталған жиында Мәжіліс депутаттары мәслихат хатшыларының статусын жоғарылату мәселесін көтерген болатын.

"Бізде бұл мәселе біраздан бері талқыланып келеді. Жалпы, мәслихат хатшысының статусын анықтау мәселесінің өзі талқылауды қажет етеді. Өйткені, қазір оның уәкілеттігі мен статусы Конституциямен бекітілген және ол лауазым иесі сайлау арқылы тағайындалады", - деді Шаимова.

Төраға орынбасарының айтуынша, мәслихат хатшысы мен мәслихат аппараты қызметкерінің жалақыларында үлкен айырмашылық бар көрінеді.

"Бұл айырмашылық былтыр "Б" корпусындағы мемлекеттік қызметкерлердің жалақылары 30 пайызға өскен кезде пайда болды. Мәслихат аппараты қызметкерлері осы топқа жататындықтан олардың жалақылары өскен болатын. Сондықтан, біздің агенттік Премьер-министрге мәслихат хатшыларының да жалақыларын өсіруді ұсынып, арнайы хат жолдады", - дейді А.Шаимова.

Алдын ала болжам бойынша, хатшылардың жалақысын өсіру үшін тағы 159 миллион теңге қажет. Өйткені, елде 16 облыстық және 198 аудандық мәслихат бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары