ҚР Орталық сайлау комиссиясы бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы Серік Сәпиевті Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісіне депутат етіп тіркеді деп жазады Tengrinews.kz.
Бүгін, 28 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы өзінің алқа отырысында "Нұр Отан" партиясының мүшесі Сәпиев Серік Жұманғалиұлын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне депутат етіп тіркеу шешімін қабылдады. ҚР ОСК-нің бұл шешімі "Қазақстан Республикасындағы сайлау турал" заңының 46, 97-1 және 98 баптарының аясында қабылданып отыр.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Серік Сәпиевке ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты куәлігі мен төсбелгісін салтанатты түрде табыстады.
Айта кетейік, Серік Сәпиев 2005 және 2007 жылдары Әлем чемпионы, 2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы атанған.
Жалпы, Сәпиев Мәжіліс депутаты болған алғашқы Олимпиада жүлдегері емес. Бұған дейін боксшы Серік Қонақбаев, жеңілатлет Ольга Шишигиналар да Парламенттің төменгі палатасынан өз орындарын тапқан болатын.