Жиындарының басым көпшілігін тек Есілдің сол жағалауында өткізетін Мемлекет басшысы бүгін күтпеген жерден оң жағалауға барып, халықтың тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп қайтты. Елбасы жаңадан салынған теміржол вокзалында болып, сол маңның тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
"Сарыарқа" ауданының тұрғындарымен болған әңгіме барысында Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың коммуналды шаруашылық қызметіне деген көзқарасын сұрады.
- Жас маман кезімде мен үй кезегінде 10 жылдай уақыт тұрдым. Ал, қазіргі заман басқа. Өзің еңбектенбей түкке қол жеткізе алмайсың. Табысқа қол жеткізу үшін ерінбей еңбек ету керек, сонда ғана сол еңбектің жемісін көресің, - деді Мемлекет басшысы тұрғындармен болған әңгіме барысында.
Елбасы қыстан кейін Астана көшелерінің тозбағанын, коммуналды шаруашылық қызметіндегілердің жауапты еңбектерін ескеріп, тұрғындарды қаланы таза ұстауға шақырды. Президент сондай-ақ, Астанада автокөліктердің тым артып кеткенін, көлік тұрақтарының проблемалары жайында да жиналған жұртқа айтып берді.