Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Алмат Ермағамбетов көпсалалы Aktobe medical center ауруханасының қаржылық директоры болып тағайындалды деп жазады "Диапазон". Ол алдыңғы қызметінен пара бергені үшін қуылған болатын.
Басылымның мәліметінше, Aktobe medical center облыстық аурухана мен балалар ауруханасын және диагностикалық орталықтың басын біріктіретін ірі орталық болып табылады. Орталық басшысы Алмат Ермағамбетовтың тағайындалғаны туралы ақпаратты растап отыр.
Айта кетейік, А.Ермағамбетов үлкен қызын Назарбаев университетіне орналастыру үшін алаяқ әйелге 20 мың доллар пара берген. Сондай-ақ, кіші қызын Назарбаев зияткерлік мектебіне түсіру үшін де дәл сол әйелге тағы ақша беріпті. Алайда, сан соғып қалғанын білгеннен кейін басқарма басшысының орынбасары ішкі істер органдарына арыз түсірді. Күдікті әйел ұсталып сотталғанымен, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі Алмат Ермағамбетовті пара бергені үшін жазғырып, жұмысынан қуып жіберген болатын.
Aktobe medical center басшысы экс-шенеуніктің бұрын сотталмағанын, тек жұмыстан қуылғанын алға тартып отыр.
"Мен оның қандай дауда қалғанын білемін. Бірақ ол сотталған жоқ, Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы өздері ұсынды. Біз мемлекеттік орган болмағандықтан бізге қызметке орналасуға құқы бар", - деді көпсалалы аурухананың басшысы Рүстем Исаев.