$ 444.22  476.38  4.82

Бақытжан Сағынтаев павлодарлық кәсіпкерлермен өзекті мәселелерді талқылады

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ҰКП-ның Павлодардағы өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесу барысында бизнес ортаны дамыту мен шағын және орта бизнес өкілдерінің экономиканы жаңғырту жұмыстарына қатысу мәселелерін талқылады.

Кездесудің негізгі тақырыптары қаржылық және заңнамалық сипаттағы мемлекеттік қолдау шаралары мен бизнес ортаны одан әрі жақсарту мәселелері болды. Әңгіме тексерістер мен талаптардың санын азайту және рұқсат пен анықтамалар беру үдерістерін оңтайландыру жөнінде өрбіді.

Өнеркәсіптік өңір үшін өзекті мәселелердің бірі - кәсіпорындардың технологиялық жаңғыруы болып табылады. Жаңғырту 3.0 аясында өндіріс үдерістерін цифрландыру мен автоматтандыру еңбек ресурстарын өнеркәсіптік сектордан босатуға әкеледі.

Осыған орай, өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру аясында бизнес қауымдастық пен жергілікті атқарушы органдар жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыстан босатылған мамандарды қайта оқыту әрі қайта даярлау шараларын қолға алуы керек. Бұл жұмыстар туралы Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов баяндады.

Өңір кәсіпкерлері жаңа жобаларға «Павлодар» АЭА салықтық жеңілдіктердің қолжетімділігі, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша қаражаттардың қолжетімділігі, өндірушілердің бірыңғай тізімін қалыптастыру тақырыптарын қозғады.

Бұдан өзге, павлодарлық кәсіпкерлер үшін отандық өндірушілерді жосықсыз кәсіпкерлерден қорғау, бизнес субъектілерін шағын немесе ірі санатына жатқызу белгілерін анықтау мәселелері өзекті болып табылады. Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің мүшелері оқыту мекемелерін лицензиялау рәсімдеріне және электронды шот-фактураларды шығару үдерістеріне қызығушылық танытты.

Облыс кәсіпкерлерінің ұсыныстары мен сұрақтарына ҚР ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, ҚР инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, ҚР энергетика министрі Қ.Бозымбаев, ҚР білім және ғылым вице-министрі Б.Асылова түсініктеме беріп өтті.

Кездесуде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Н.Әлтаев, өңірлік ҰКП мүшелері: «БОНА» ЖШС директоры Н.Ережепов, Павлодар инновациялық университетінің қаржы және даму жөніндегі вице-президенті Л.Фрезоргер, «Победа» ЖШС директоры А.Поляков, «ТПБ Агромир» ЖШС директоры Н.Поплавец, «Қазэнергокабель» АҚ бас директоры О. Крук, «Талапкер» ШҚ басшысы А.Бейсембинов, «СОМ-ПВ» ЖШС директоры А.Дяк, «Галицкое» ЖШС директоры А.Касицын сөз сөйледі.

Айта кетйік, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау мен оны дамыту Үкімет жұмысының басымдықты жұмыстарының бірі болып табылады. Соңғы үш жылда ел экономикасын қолдауға шамамен 1,7 трлн теңге бөлінді, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды.

Қаржылық қолдау көрсету шаралары аясында шағын және орта бизнес саласында 12 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Биылғы жылдың басында өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама бойынша шекті мөлшерлемесі ең көбі 6% болатын 17 млн теңгеге дейін шағын несиелер беріледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары