"Қазақстан" телеарнасы "CinemArt Production" продюсерлік компаниясымен бірлесе "24 сағат табиғат құшағында" деп аталатын спорттық-танымдық, экшн жанрындағы реалити-шоу түсіруді қолға алды. Телеарна басшылығы аталған жобаның кейіпкері болуға Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаевты шақырған екен. Министр болса бағын сынап көруге дайын екенін мәлімдеп отыр.
"Жаңа реалити-шоудан өе қызықты шақырту келіп түсті. Мен әрине, дайынмын! Қолымнан келеді деп ойлаймын. Бұл мен үшін мүлдем өзге тәжірибе болады, сондықтан шақыртуды қабыл алуға дайынмын, тек уақытыма байланысты көремін. Қыркүйек, қазан айларындағы түсірілім жұмыстарына қатысқым келіп тұр. Ал, егер уақытыма байланысты мүмкін болмаса желтоқсан айындағы түсірілімге қатысамын", - деді министр Алматыда өткен реалити-шоудың тұсаукесерінде.
Авторлар түсірілімді әр облыста жүргізіп, 14 серия әзірлемекші. Сценариге сәйкес, жоба жүргізушісі кейіпкерлермен бірге Қазақстанның әр аймағына барып, бір тәулік бойы жапан далада интернетсіз, смартфонсыз өмір сүрулері керек. Сондай-ақ, олар алғашқы қауымдық адамдар секілді таспен от жағып, жабайы жағдайда тамақ әзірлейді. Шоу жүргізушісі ретінде актер Нұржан Садыбеков таңдалып алынған. Ал, кейіпкерлер қатарында танымал саясаткерлер, спортшылар, өнер жұлдыздары және кәсіпкерлер бар.
Қазіргі таңда түсірілім жұмыстары Қарағанды мен Павлодар облыстарында өтті.