$ 444.22  476.38  4.82

Бақытжан Сағынтаев Білім және ғылым министрін сынға алды

Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев республикада мектеп салу жұмыстарының кешеуілдеуін сынап, орынбасарларына бұл мәселені шешуді тапсырды. Премьер-министр бұл туралы Астанада өткен үкімет жиынында айтты деп жазады Азаттық.

Жиында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев премьерге мектеп салуға бөлінген қаржының толық игерілмей жатқанын баяндады. Министрдің сөзінше, биыл Ұлттық қордан республикада 109 мектеп салуға 71,7 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржының 26,5 миллиарды бұрын басталған 53 мектептің құрылысын аяқтауға, 45,2 миллиард теңгесі жаңадан 56 мектеп салуға бөлінген.

Сағадиевтің сөзінше, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында тоғыз мектепке бөлінген 2,1 миллиард теңге тендердің кеш өткізілуіне байланысты, Ақмола облысында бір мектепке бөлінген 759 миллион теңге құрылысшылардың өзара соттасуы салдарынан игерілмей қалған.

Сағынтаев аталған облыстарда мектеп салу бойынша конкурстардың әлі өткізіліп жатқанын сынап, "үлкендер тендер ойнап жатқанда балалардың зардап шегіп жатқанын" айтты. "Мұны бірдеңе ету керек. Балалардың жаңа мектепте оқығысы келеді. "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан қаржы бөлінді. Ал біз болсақ жаңа оқу жылы басталғанда әлі тендер өткізіп жатырмыз. Мұндайды түбірімен жою керек" деді Сағынтаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары