Еуразиялық Экономикалық одақ құрамы Армениямен және Қырғызстанмен толыққалы бері одаққа мүше 5 мемлекеттің экспорт-импорт саясатында үлкен өзгерістердің пайда болғаны белгілі. Әсіресе, әрбір елдің кәсіпкерлері үшін үлкен нарық ашылып, мол мүмкіндіктер аяқасты пайда болды.
Енді осы үлкен нарықты реттеп, одаққа мүше әрбір елдің құқығының қорғалуын қамтамасыз ету үшін Еуразиялық үкіметаралық кеңес құрылып, аталған кеңес мүшелері жыл сайын бірнеше рет басқосу өткізіп отырады. Мақсаттары – одаққа мүше бес мемлекеттің (Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстан) сауда қарым-қатынасын дамыту.
Осы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы күні кеше Астанада өтті. Оған әдеттегідей тек премьер-министрлер ғана емес, Мемлекет басшысы Нүрсұлтан Назарбаевтың өзі де қатысты.
Қазақстан президенті Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелерінің елордаға келгендеріне қуанышты екенін жеткізіп, кездесудің Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен тұспа-тұс өтіп отырғанын айтты.
– Үкіметтер басшыларының өз мемлекетінің ұлттық павильондарына баруға, сондай-ақ Қазақстан мен өзге елдердің экспозицияларын аралап көруге мүмкіндіктері бар. Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші жыл жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Бұл кезең әлемдегі және одаққа мүше елдердің ұлттық экономикасындағы күрделі ахуалдарға байланысты болып отыр. Сонымен қатар, ортақ нарық пен бірыңғай экономикалық құрылым құру басты фактор болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы экономиканың өсімі елдер арасындағы тауар айналымының артып, өзара қарым-қатынастардың нығаюына тікелей байланысты екенін айтты.
– Біз осы уақыт ішінде дұрыс бағытта ілгерілей алдық деп есептеймін. Қазір орын алып отырған бірқатар мәселеге қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақты нығайтуымыз қажет. Алдымызда ел ішіндегі мәселелерді шешіп, өзара қарым-қатынасымызды одан әрі дамыта түсу міндеті тұр. Бұл жұмыстағы негізгі рөлді үкіметтеріміз атқарады. Бұл дегеніміз – экономикалық міндеттерді шешу, мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін реттеу, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Қазақстан Президенті кеңестің бүгінгі отырысы арқылы ұйымды әрі қарай дамытуға маңызды үлес қосылатынын атап өтіп, қатысушылардың жұмысына жеміс тіледі.